Әлеумет

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті зор

Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуеті зор

Мемлекетіміз әлеуметтік бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуі тиіс. Өйткені әлеуметтік кәсіпкерлік саласында қоғамға берері мол, өміршең жобаларды жүзеге асырушы азаматтар қатардағы бизнесмендерге қарағанда қандай да бір артықшылыққа ие болуы керек. Сонымен қатар еңбекке жарамды ерекше қажеттілігі бар адамдар немесе жағдайы жоқ отбасылар жұмысқа тартылса, кәсіппен айналысса экономикалық әлеуетіміздің артуына септігін тигізеді. Бұл тұрғыда 2021 жылы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңарған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары жергілікті жердегі бизнестің бәсекелесі емес, сенімді серіктесі болуы тиіс» деген еді.

Жалпы әлеуметтік кәсіпкерлік деген не? Өңірде аталған саланың дамуы және жай-күйі қай деңгейде? Бұл салада қандай өзекті мәселелер бар? Кәсіппен айналысқысы келген ерекше қажеттілігі бар адамдарға қайтарымсыз қаржы беру немесе оларды лайықты ғимаратпен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, кәсіппен айналысушылардың өндірген өнімдерін өткізу, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған балдақ, мүгедектер арбасы секілді бұйым шығаратын кәсіпкерлер болса, оларға қандай қолдаулар көрсетіліп жатыр? Осы сауалға жауап алу үшін облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабековамен сөйлескен едік. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы №52-VII Заңына сәйкес сол жылы Кәсіпкерлік кодексіне жаңа «Әлеуметтік кәсіпкерлік» бағыты 6-1 тараумен толықтырылыпты. Ол төрт бапты (79-1-бап – «Әлеуметтік кәсіпкерлік», 79-2-бап – «Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттері», 79-3-бап – «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары», 79-4-бап – «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі») қамтиды екен. – Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ететін, белгілі бір шарттарға сәйкес жүзеге асырылатын әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметі. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісіне әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) жатады. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері Кәсіпкерлік кодекстің 79-3-бабында көрсетілген бір немесе бірнеше шарттардың сақталуына қарай төрт санатқа бөлінеді. Олардың санаттары туралы деректерді пайдалану үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді. Өткен жылдың қаңтарынан бастап тоқсан сайын облыс бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы осы сала кәсіпкерлерін әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне енгізу үшін өтініштер қабылдауды қолға алды. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі міндеттеріне келсек, мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге, оның ішінде әлеуметтік инновацияларды енгізуге және әлеуметтік қызметтер көрсетуге жәрдемдеседі. Ал әлеуметтік инновациялар деген ұғымға назар аударар болсақ, оның қатарына қоғамда әлеуметтік өзгерістерді туғызатын, әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге ықпал ететін жаңа идеялар, стратегиялар мен қолданылып жатқан технологиялар кіреді. Халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және олардың басқа азаматтармен қоғамдық пайдалы қызметке араласуында тең мүмкіндіктер беру, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының жеке еңбекке қатысуы арқылы нарыққа шығуына да мән берілген, – деді ол. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері 4 санаттан тұратын критерийлер бойынша анықталады екен. Соның бірі – халықтың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлік нысан. Бірақ аталған кәсіпкерліктегі ерекше қажеттілігі бар қызметкерлердің үлесі жұмыс күшінің жалпы санының кемінде 51 пайызын құрауы керек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын кәсіпкерлер, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қызметтер көрсететін не тауарлар өндіретін кәсіпкерлер, экология, білім, мәдениет, өнер және тағы да басқа мәселелерді шешумен айналысатын кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкер болып есептеледі. Аталған басқарма басшысының орынбасары әлеуметтік кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетінін де атап өтті. – Әлеуметтiк кәсiпкерлiк субъектiлерiнде инфрақұрылымының болуын қамтамасыз ету, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес салықтық жеңілдіктер беру, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер беретін кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі шеңберінде және мүлікті жалдауға, жалға алуға, ақы төлеу секілді қаржылық қолдау көрсету, «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңына сәйкес мемлекеттік мүлікті сатып алу құқығынсыз жеңілдікті шарттармен мүлікті жалға беру немесе жалға алу, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне ақпараттық қолдау көрсету мемлекеттің әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауының бір бағыты. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаулар қатарында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне консультациялық және әдістемелік көмек көрсету, акселерациялық бағдарламалар арқылы дамыту, оның ішінде қаражат тарту, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу мәселелері бойынша көмек ұсыну, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік әріптестерді іздестіруге жәрдемдесу, оның ішінде іскерлік іс-шаралар өткізу мәселелері бар. Онымен қоса әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер үшін маңызы бар іс-шараларға қатыстыруды қамтамасыз ету арқылы оларға қол ұшын созу, кәсіптік білім беру және қосымша білім беру ұйымдарында экономика салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру мәселесі де қарастырылған, – дейді Гүлнұр Қойшыбекқызы. Бүгінде облыс аумағында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бұйымдар шығаратын бірқатар жеке кәсіпкерліктер бар болса, соның бірі – Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жабдықтар өндіретін «Сарысу» жеке кәсіпкерлігі. Оның жетекшісі Ақан Ажмағанбетов осыдан үш жыл бұрын мемлекеттен 2,5 миллион теңге қайтарымсыз қаржы алып, өз ісін бастағанын айтады. – Қазіргі таңда тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар аз емес. Ал оларды күнделікті пайдалануға қажетті жаттығу құралымен дер кезінде қамтамасыз етпесе болмайды. Өйткені уақыт өткен сайын олар жүруден қалады. Қоғамда жасы 20-ға келсе де өз бетінше жүре алмайтын, мүгедектер арбасына таңылғандар бар. Соларға жастайынан көңіл бөлінер болса, жүріп кетер еді. Мұны мен өз басымызға түскен іс бойынша жинақтаған тәжірибеге сүйеніп айтып отырмын. Біздің де бір баламыз осындай дертпен ауырды. Оған жаттығу құралдарын қолдан жасап бердік. Кейін «Неге осындай құрал-жабдықты көптеп шығарып, өнім ретінде өзгеге ұсынбасқа?!» деген ой келді. Кәсіпті бастауыма осы ойым себеп болды. 3 жылдан бері шамамен 200-дей балаға арқасынан тіреуші, алдынан тіреуші, бұрыштық орындық, позициялы орындық, күрделі жаттықтыру, дөңгелекті бұрыштық орындық, жаттығу терапиясына арналған ролик, массаж жасауға арналған диван, қадам жасауға арналған құрылғы секілді басқа да құрал-жабдықтар шығарып, тегін жеткізіп бердік. Бізде тегін жеткізу қызметі де қарастырылған. Мемлекетттік сатып алу конкурсына қатыспасақ та еліміздің кез келген облысынан жекелеген азаматтар хабарласып, өнімімізге тапсырыс беріп жатады. Бұл дегеніміз – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналып шығаратын бұйым қолжетімсіз деген сөз. Мәселен, Ақтөбе қаласынан бір тұрғын хабарласып, бойында аталған дерті бар баласына Ресейден қажетті құрал-жабдық алу үшін 1 миллион теңгеден астам қаржы қажет болғанын, біздің өнім қаншаға түсетінін сұрады. Біз ол қажет еткен құрал-жабдықтарды 65 мың теңгеге жасап, тегін жеткізіп бердік. Ол кісінің қуанышында шек болмады. Бір айта кетер жайт, біз шығарған жаттығу құрылғылары екі қапқа салынады және салмағы 15 келіден 30 келіге дейін барады. Ал поштаның жеткізу қызметі 15 келіден артық затты алмайды. Сондықтан мемлекет поштаның жеткізу қызметін оңтайландырып берсе деген өтінішім бар. Себебі біз жиналмалы өнімді екі қапқа салып, оны Жаңатастан Таразға дейін, Тараздан өзге қалаға салып жіберуде әжептәуір жол шығынына ұшырап жатырмыз. Осы салада тағы бір маңызды проблема, мұндай құрылғыларды жөндеумен айналысатын сервистік қызмет көрсету орталықтары жоқ. Бір қаладан бүлінген бұйымды қалпына келтіретін бір-бір орталық ашылса ел қиналмас еді. Мемлекет осындай іспен айналысамын дегендерге де қол ұшын созса деймін, – дейді Ақан Садықұлы. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Сапашевадан да әлеуметтік кәсіпкерлік саласында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық. Ол 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, былтыр 3 326 ерекше қажеттілігі бар жандар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 899-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты. 488 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, 56 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 28-і «Жастар тәжіріибесі» бойынша жолданған. 2 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына, 6 адам «Алғашқы жұмыс орны», 21 адам «Күміс жас» жобасына қатысқан. 191 адам грант алса, 1 621 адам «Бастау бизнес» курстарына жіберілген. 58 адам кәсіптік оқыту курстарынан өтіп жатса, 4 адам онлайн оқыту курстарына жолданыпты. Өткен жылы ерекше қажеттілігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша 160 орынға квота белгіленіп, жыл аяғына дейін меже толығымен орындалыпты. – Осы жылдың ақпан айына дейін 279 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, олардың 42-сі тұрақты жұмысқа орналасты. 164 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 5 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 адам «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналасуға жолдама алды. «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» жобасына бір-бір адамнан қатыстырылды. 61 адам «Бастау бизнес» курстарына жіберілсе, 3 адам онлайн оқыту курстарынан өтіп жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мақсатында 51 мекемеде 86 орынға квота аясында жұмыс орындары белгіленді, – дейді Әлия Жанәбілқызы. «Қазақ соқырлар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі Тараз корпоративтік қорының төрағасы Гүлнұр Нұрмашева аталған салада өз кәсібін биыл бастағанын айтады. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуда қойылатын талаптар күрделі көрінеді. – Бизнесті бастау үшін уақытша көмек ретінде өз қаржымды салдым. Өйткені мемлекет тарапынан қайтарымсыз қаржы немесе несие алған жоқпын. Біздің кәсіптің бағыты – жеңіл тоқыма өнеркәсібі саласы. Үш тігін машинасын алуға 700 мың теңге жұмсалды. Қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Оның бірінің өзім секілді көз жанары нашар көреді. Менің мүгедектігім І топқа жататын болса, оның санаты – ІІ топ. Ол тігін цехына жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасты. Мемлекет тарапынан 85 мың теңге төленсе, өзім 5 мың теңге қосып беріп жатырмын. Алдағы уақытта еңбекақы көлемін 120 мың теңгеге көтеруді жоспарлап отырмыз. Біз негізінен төсек жаймаларын, көрпенің тысын өндірумен айналысамыз. Өз ісімізді қаңтар айында бастағалы әзірге бір қонақүйден тапсырыс қабылдап, соны орындап жатырмыз. Әлеуметтік бизнес саласындағы корпоративтік қор ретінде мемлекеттік тапсырыс алуға конкурсқа қатысайық десек, порталда қойылған талап ауыр соғып жатыр. Талап бойынша біздің жұмыс істеп жатқанымызға кемінде 6 ай толуы керек екен. Одан бөлек тігін цехында 8 тігін машинасы болуы шарт. Ал менің 5 тігін машинасын сатып алып, онымен жұмыс істейтін мамандарды еңбекке тартуыма әзірге әлеуетім жетпейді. Сондықтан өз ісін жаңадан бастағандарға ең болмаса порталға қатысып, лот ұтып алуда айтарлықтай жеңілдіктер қарастырылса, бірден қатаң талап қойылмаса деген тілегім бар, – деді Гүлнұр Омарқызы. Осыдан кейін біз облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасына хабарластық. Ол жақтағы мамандар басқарма қызметінің порталда қойылып отырған талапқа еш қатысы жоқ екенін, олар тек мемлекеттік сатып алуды үйлестіретінін, тауарға, қызмет ұсынушы мекемеге талап тапсырыс берушілер тарапынан қойылатынын жеткізді. «Бәрін айт та, бірін айт», өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік саласы жүйелі дамып келеді деп айтуға әлі ерте. Өйткені біз хабарласқан бірі ерекше қажеттілігі бар балаларға бұйым шығаратын, екіншісі мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін екі кәсіпкерлік те өз проблемаларын жасырмады. Десе де қазақ «Көш жүре түзеледі» дейді. Алдағы уақытта әлеуметтік кәсіпкерлерді не толғандыратыны, олардың қандай көмекке зәру екені зерделенсе, заңгерлер мәселесін шешіп берумен айналысса мұның салаға серпін беретіні анық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ