Қоғам

18 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

18 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Еліміз тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде Жуалы ауданында мұндай бірде-бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген жоқ. Бұл – өңірде тұңғыш рет құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген тұрғын үй. Баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Ал кейбірі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмады. Мұның барлығы, ең біріншіден, мемлекеттік қолдаудың тұрғындарға сыйлаған қуанышы екені анық.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған 18 пәтерлі тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңестің төрағалары Сейітхан Жұмашев, Әбдікерім Уркумбаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары және Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов қатысты. Алғашқы құттықтау сөз аудан басшысы Жалғас Мұртазаға берілді. – Аудан орталығындағы 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттің қаржылай қолдауымен жүргізіліп, қолданысқа беріліп отыр. Халықтың белгілі бір бөлігін тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің басым саясатының негізгісі болып табылады. Бұл тұрғын үйге инфрақұрылым жүйелері толықтай тартылған. Көгілдір отын, ауызсу және электр жарығы келіп тұр. Жуалы ауданында тұрғын үйдің қолданысқа берілуі үлкен қуаныш. Пәтерлер өңірдегі әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға, шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға берілді. Бұл – сіздерге мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек-қолдау. Өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары алдағы жылдары да өз жалғасын таба береді. Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді Жалғас Әлижанұлы. Аудан басшысы осылай тілегін білдіре келе, қоныстой иелеріне пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті. Келесі кезекте жиналған жұртшылықты Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов құттықтап, ақ батасын берді. Ал тұрғын үйдің кілтіне ие болған отбасылардың арасынан Амантай Бақбергеннің әжесі, ақ жаулықты ардақты ана Ләйла Сапарқызы және көпбалалы ана Күлзахира Әлімбаева сөз сөйлеп, баспананың құрылысын жүргізуге қолдау көрсеткен ел Үкіметіне және облыстың, ауданның басшылығына аналық алғыстарын жаудырды. Айта кету керек, тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС жүргізген. Тұрғын үйді қолданысқа беру салтанатында аталған серіктестіктің атқарушы директоры Мұхамед Қарынбай да сөз сөйлеп, қоныстой иелерін құттықтады. Үш қабатты, 18 пәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері екі бөлмеден тұрады. Ас пісіретін, жуынатын, тағы да басқа бөлмелері қарастырылған. Ұзақ жылдан бері ауданда тұрғын үй кезегінде тұрып, баспананың таршылығын көрген жанның бірі – Нұрбибі Дәулеталиева. Нұрбибі отбасында үш бала тәрбиелеп отырған осал топқа жататын жалғызбасты ана. Ол пәтер кезегін ұзақ жыл күткенін айтып, енді баспанаға ие болғанына қуанышты екенін жасырмады. – Осы күнге дейін басты мәселеміз – басымызда баспанамыздың жоқтығы болатын. Үйі жоқ адамның жайы да белгілі ғой. Ұзақ жылдар туған-туысты сағалап, пәтер жалдап тұрып келдік. Шыны керек, бұлай күн көру мен сияқты қорғаны жоқ жалғызбасты аналарға өте қиын. Оның үстіне жұмыс істеп, балаларды асырап жеткізуің қажет. Басқа да проблемалар бар. Мұның бәрін атқару жалғыз адамға оңай емес. Ұзақ жыл сарғайып күткен арманымыз бүгін ақиқатқа айналып отыр. Ел басшыларына алғысымды айтамын. Өте қуаныштымын. Енді біздің өз үйіміз бар. Бүгін үйлі болған барлық ауылдастарыма құтты болсын деймін! – дейді ол. Б.Момышұлы ауылында салынған көпқабатты тұрғын үйден баспана бұйырған отбасының бірі – Замира Аймаханованың отбасы. Замира апай отбасында сегіз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Екі баласының мүмкіндігі шектеулі. Енді бұл отбасының да басында баспанасы бар. Қоныстой күні бұл отбасы екі бөлмелі пәтерінің бір бөлмесінде ақ дастарқан жайып, көрші-қолаңға дәм татқызды. Дастарқан басында ауыл қариялары мен көпті көрген ақ жаулықты ардақты ана Ләйла Сапарқызы көпбалалы бұл отбасыға игі тілектерін айтып, қонысының құтты болуына тілектерін білдірді. Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету дейтін болсақ, алдағы жылдары бұл бағытта облыс басшылығының қолдауымен өңірімізде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіле беретін болады. Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист, Жуалы ауданы