Руханият

Әкелерді дәріптейік!

Әкелерді дәріптейік!

Әке – баласы үшін тау тұлға! Ұл бала әкеге қарап өседі. Әр әке балаға уақыт бөліп, кеңесін беріп отырғаны дұрыс. «Әке – тірек, бала – жүрек» деп жатсақ та өмірде аналарды, қыз-келіншектерді көп дәріптеп, мерекенің, өлең-жырдың, мақал-мәтелдің түр- түрін арнаймыз. Иә, бұл дұрыс-ақ. Таласымыз жоқ. Десе де қоғамда әкенің рөлі, әкенің бейнесі қалай қалыптасқан? Бүгін осы тақырыпта сыр шертейік. Осы тұрғыдан ойланатын нәрсе көп. Әкенің берген білімі мен ілімі балаға жүз жылға азық болады. Біле білсеңіз, «Әке мектебі» – баланың тұлға болып қалыптасуына жол ашатын үлкен қадам.

Жобалардың жолы болмай тұр

Бүгінде мектептердің барлығында «Әкелер мектебі» деген жоба бар. Бірақ сол жоба дұрыс жұмыс істеп жатыр ма? Әкелерді, ақсақалдарды, елге еңбегі сіңген ер-азаматтарды шақырып, «дөңгелек үстел», шеберлік сағаттарын ұйымдастырып отыр ма? Асқар тауымыздың қадірін мектепте іспен көрсетпесек, ол қалай дәріптелмек? Қариялар оқушыларға батасын беріп, өз баласына, ел баласына не үйреткенін, өмірден түйгенін айтып берсе, ол да үлгі емес пе? Оқушылар оны «губка» тәрізді өзіне сіңіріп алмақ. Бастан өткерген ерлік істерді, атқарған еңбегін әңгімелеп берсе де мол мағлұмат болар еді. Иә, сұрастыра барсаң қағаз жүзінде бар, ал атқарылған, өткізілген шара жоқ болып шығады. Мұндағы мәселе оларды айыптау, сынау емес, тек тәрбие дұрыс берілсе дейміз. Жыл бойына бір тоқсанға ғана әке тақырыбын сыйғызып, қалған тоқсандарда әкелерді ұмыту дұрыс емес. Елге көрсетер үлгісі бар әкелерді мектепке шақырып, оларды басқа балалардың әкелеріне паш ету қажет. Яғни «Мақтаулы әкелер бұрышы», «Әкелер сыныбы» қалыптасса дейміз. Ұлттық болмысымыздан ажырамайық десек, әкелер мектебін жандандыру керек. Осы жөнінде біз облыстық білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаеваға хабарластық. Бөлім басшысынан тек әкелерді дәріптеу жайлы нақты бағдарламаның жоқ екенін, «Бізде жалпылама, яғни әке мен ана, бала мен ата-әже байланысы төңірегіндегі бағдарламалар бар» деген жауап естідік. Оның үстіне Тараз қаласындағы №45 және №48 мектеп пен гимназиялар әкелер кеңесін құруға, жиын өткізуге жауапты екендігін алға тартты. Облыс орталығындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясы директорының құқық жөніндегі орынбасары Дәурен Ерболсынұлы былтыр өздерінде әкелер кеңесі құрылғандығын, биыл әжептәуір жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етті. Тек әкелерге арнап болмаса да «Табысты үштік», «Отбасы – бақыт мекені» сынды жобаларды өткізіп жатқандығына тоқталды.

Тәрбие беру киімнің бүтіндігімен өлшенбейді

Шіркін-ай, Абайды тәрбиелеген Құнанбайдай, Ыбырайды өсірген Балқожа бидей, Шоқанның әкесі Шыңғыстай әкелер қайда екен? Ал қазір неше түрлі әке бар. Өзі ішкілік ішіп, өлесі мас болып келетін, есірткінің әсерімен отбасын ойран қылатын, әйелінің әрбір ісіне араласып отыратын, өсек айтатын әкелер де аз емес. Сондайлар ойланса екен дейсің. Өзі дұрыс әке баласына да дұрыс тәрбие береді. Қоғамдағы осындай келеңсіз көріністер қынжылтқанда іштегі «Майдаланбаңыздаршы, ұсақталмаңыздаршы, әкелер, жас әкелер, болашақ әкелер!» деген ащы айқайды сыртқа шығарғың-ақ келеді. Бірақ «Бізді тыңдап жатқан кім бар?» деген тағы бір ой іштен түрткілейді. Әке үндемей отырса да үйдегі жүріп-тұрғаны, күлгені, шеге қаққаны, отбасына мейірлене қарағаны – ұл-қызына кәдімгідей дем береді, сенім ұялатады. Яғни үндемей-ақ үлгі көрсетуге болады. Баяғының әкелері сондай еді ғой. Қату қабақпен бір қараса болды, жым боласың. Бәрін дұрыс істеуге талпынасың. Ал қазіргінің кейбір әкелері не жұбайына, не баласына қадірі жоқ. Не өз басын алып жүре алмайды. «Тек» деп айта алмайды. Айта алмайтын себебі сол, айналшықтап жүргені – карта, ақша салатын құмар ойындар. Шеккені – темекі, ішкені – арақ. Кешкісін бала әкесін көрмейді, себебі желіккен әке қыдырысқа кеткен. Той тойлап, ішіп, өз нәпсісінің қамын күйттегенше, бала тәрбиесіне көңіл бөлсе ғой дейміз. Балаңа жақын болғың келсе, онымен санас, ақылдас. Оның қызығушылығына жақын бол! Олармен уақытты бірге әрі тиімді өткізетін әдемі әдет қалыптастыр. Өйткені бүгінгі балалардың басым бөлігі смартфонға жабысып отыр. Оларды интернет ресурстары, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Байқасаңыздар, бүгінде, әсіресе қалада шеге қағып, қабырға қалайтын ер-азаматтар азайды. Көлік жөндеу, ағаштан түйін түю, шатыр қағу, сылақ жүргізу, итке, құстарға ағаштан ұя жасау секілді ер кісіге тән, білектілер атқаратын істі бүгінгі ұл балаға үйретсе ғой. Кешкі дастарқанда бас қосып, «біссімілләмен» ішкен ас, бата беру, дүниеден өткен ата-бабамызға құран бағыштаудың өзі әке тарапынан көрсетілген өнеге. Бала соны қайталайды. Бұрындары әкелер сырттың тірлігін тындырып, әйелдер үйдің ішкі шаруасын орындаушы еді. Бүгінде бәрі ауысып кетті. Кей әкелер тек ауызбен ақыл айтқанша, жасаған ісімен үлгі болса ғой дейсің. Қарындасы мен анасына қорған болу, ауыр зат көтертпеу де айтқанға оңай, үйретуге қиын болып тұр. Бұл да – тәрбие.

Отбасы иммунитетін қалай көтереміз?

Жасыратыны жоқ, бізде отбасы иммунитеті әлсіреп кетті. Соның салдарынан кейбір қазақ отбасылары ажырасудың сәл-ақ алдында тұр. Шындығында, ана мен әке – бір-бірінсіз сөйлем құрылмайтын бастауыш пен баяндауыш сияқты. Сол секілді отбасын да әке мен анасыз елестету қиын. Бала тәрбиесі тек анаға ғана емес, әкеге де қатысты екені даусыз. Енді осы әке беделін қалай көтереміз? Отбасындағы әкенің рөлін қалай айқын көрсетуге болады? Отанасы балалардың әкесін сыйлап, дөрекілік танытпаса, жаманын жасырып, жақсысын асырса әкенің беделі де артар ма еді. XXI ғасырдың балалары әкесін «батя» деп жүр. «Ассалаумағалейкум, әке!» деудің орнына «привет пап» деген сөз трендке айналғалы қашан. Ана «махан», әке «пахан» болғалы қай заман. Сөздік қорымыз емес, ісіміз, әкеге деген көзқарасымыз да өзгерді. Себеп, кінә – өзімізден. Яғни үлкендерден. Жас буынға дұрыс тәрбие бермегендіктен осылай болады. Сол себепті де қоғамда ажырасу көп. Жүгенсіз, көргенсіз деген сөз содан шыққан. Өйткені әке-шеше баланы уақытында жүгендемеді ғой. Көрген-білгенін үйретпеді. Енді уақыты өткен соң опық жейміз. Ондай кезде өкімет кінәлі болып шыға келеді. Артына бір қарап, «Қай жерде мүдірдім, тәрбие беруде қай жерде қателік жібердім» деп кінәні әркім өзінен іздемейді. Марқұм болған ата-анаға Құран бағыштамайтын бала осыдан шығады. Тірісінде әке-шеше болып дастарқан басында Құран бағыштаса, бұл әрекет кейін баланың бойында жақсы әдет ретінде қалыптасар еді. Иә, енді әке мен ана арасына ауызбіршілік, ымырашылдық керек. Бала тәрбиесіне бірдей атсалысса иммунитетіміз көтерілер еді. Әкелердің қоғамдағы орны мен оны қалай дәріптеу керектігі жайлы ақсақал Дүйсен Ділдабек былай дейді: «Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда кейбір әкелердің рөлі төмендеп тұр. Кейбір отбасын әйел билеген заман болды. Кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Қайран біздің аналар арды ойлаған» деп бекерге айтпаса керек. Бұрынғы аналар қандай еді. «Әкеңе айтам, әкең келеді» деген сөздің өзінің мысы басып тұрушы еді. Қазір қызметтегі басшылықта әйелдер болған соң ба, олар отбасын да билеп тұр. Қандай жағдай болса да ер баланы әке тәрбиелеуі керек. Аналар ерді сыйлап, беделін арттыруы тиіс. Ақылды әйел қашанда ерін сыйлаған», деген пікір айтты. Ал облыстық «Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ орынбасары Ринат Нұрақбаев та мектептерде «Әкелер мектебі» жобасын қолға алып жатқандығын жеткізді. Оған қоса отбасы құндылығын сақтау керектігімізді, ер адамды қадірлеп, гендерлік саясатты дұрыс жағынан насихаттауды да қоса кетті. Қорыта айтсақ, жаман дегенде біреу жақсы әкесін бере ме? Азаматтарымыз жақсы әке болуға, дұрыс тәрбие беруге талпынса екен. Түсіне білсек, әр қазақ баласы бір-бір талантты арқалап жүр. Оны сіз болып, біз болып жалындатып, алаулатпасақ несіне жүрміз? Той-томалақ пен бос селтеңге жұмсар уақыты мен қаражатын бала тәрбиесіне арнаса екен әкелер. Тәрбиені тек материалдық тұрғыдан, яғни «баламның киімі бүтін, қарны тоқ болса болғаны» деп ұғып жүрген әкелер ойланса игі. Қазақтан да әлемді өзіне қаратқан небір талантты перзент туар. Тек мұнда әке баланың көзіндегі отты көріп, оған сенім артса, қолдау көрсетсе ғана бір салада жетістікке жетері анық. Бұқар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін. Ал әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады», деп айтқан екен. Әкесі бар болса да әкесі жоқтың күйін кешіп жүрген бала қаншама! Аты бар да, заты жоқ. Жігерсіз бала, сужүрек бала тәрбиелемейік десек, отбасыңа қорған, балаларыңа ие бол, ӘКЕ!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА