«AULIEATA JASTARY»-НЫҢ ИГІ ІСІ
«AULIEATA JASTARY»-НЫҢ ИГІ ІСІ
Атап айтқанда, зілзаладан зардап шеккен мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсету мақсатында облыс аумағында «AULIEATA JASTARY» атты арнайы штаб құрылды. Штаб облыс жастары мен волонтерлер, қала, аудан тұрғындарын қамтыған. Жер сілкінісінен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында өзге ұлт өкілдері де барынша қол ұшын созып, бірлесе жұмыс істеуде. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Абдуалиеваның айтуынша, қала тұрғындары мен еріктілер белсенділік танытып, алғашқы күннен бастап қажетті заттарды штабқа алып келе бастаған. – Әлеуметтік желіге пост жариялаған сәттен бастап қала тұрғындары баскиім, жылы күртеше, шалбар, жемпір, гигиеналық заттар, балаларға арналған тамақ, су, термос және басқа да керекті заттарды «AULIEATA JASTARY» штабына жеткізді. Киімдер сұрыпталып, жаңа және тазасы іріктеліп алынды. 8-13 ақпан аралығында штабтағы жиналған материалдар мен керекті заттар үлкен қоймада сұрыпталып, реттілікпен жүк көліктеріне тиелді, – дейді Арайлым Абдуалиева. Нақты айтқанда, Тараз қаласынан зілзаладан зардап шеккендерге 400 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.
«АR-AI»-ақпарат