МАРАТ БАПКЕРДІҢ МАҚСАТЫ АЙҚЫН
МАРАТ БАПКЕРДІҢ МАҚСАТЫ АЙҚЫН
Аудандық спорт мектебінің Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылында орналасқан филиалында волейбол үйірмесі 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Жаттықтырушысы – Марат Қайсарбекұлы. Марат Стыбаев 1963 жылы 13 ақпанда Түркістан кеңшарында дүниеге келген. Ол орта мектепті бітірген соң кеңшардың №1 сүт фермасында жұмыс істеп, 1983 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Ленинград қаласына шақыртылады. Әскер қатарында да абыроймен азаматтық борышын өтеп, үздік жетістіктерімен көзге түскен кейіпкеріміз Новосибирск қаласындағы жоғары әскери академиясына шақырту алған. Бірақ ауылдағы ата-анасының «орыс болып кетесің» деген қарсылығына байланысты елге қайтқан. Егер әскери академияға түссе, Марат ағадан Қазақстан Қарулы Күштерінің үздік генералы шығатын еді. Үлкендердің сөзін аттамай елге оралған соң Марат Қайсарбекұлы Түркістан кеңшарында түрлі жүмыстар атқарды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде, кейін «Әулие Ата» университетінде жоғары білім алған М.Стыбаев 2005 жылдан бастап Жаңатас қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол үйірмесінің жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Білікті бапкердің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде волейбол үйірмесіне қатысқан ауыл жастары елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Сондықтан да шығар, Жаңатас қаласы мен ауданға қарасты ауылдарда, көршілес Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарында «Бразилияда футбол, Бүркітбайда волейбол» деген сөз мәтел болып кеткен. Ретімен айтатын болсақ, Марат Қайсарбекұлы жаттықтырған жасөспірім оқушы қыздар командасы 2010 жылы Жамбыл облыстық «Ауыл ойындарының» спартакиадасында чемпион атанды. 2012 жылы да екінші рет жеңіс тұғырының биік сатысынан көрініп, Алматы қаласындағы республикалық волейбол турниріне жолдама алып, жүлделі оралды. 2014 жылы оның шәкірттері VII облыстық мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында өткен волейбол турнирінде тағы да чемпиондық атақты жеңіп алды. Марат Қайсарбекұлы баптаған мектеп оқушылары волейболдан Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Түркістан, Талғар қалаларында өткен республикалық турнирлерде де талай мәрте топ жарып, ауылдың ғана емес, ауданның да абыройын асқақтатты. Осы жеңістердің барлығы тынымсыз тер төгіп, шаршамай-шалдықпай жастарды үйреткен бапкердің еңбегі екендігі айдан анық. Бүгінде бапкердің мектеп бітіріп, жоғары оқу орындарына түскен шәкірттері де волейболдан команда капитандары болып, оқу орындарының мақтаныштарына айналды. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Мейрамбек Нұрдәулет облысымыздың волейбол құрама командасына мүше болып қабылданып, өңіріміздің намысын талай дүбірлі додаларда қорғап жүр. Волейболдан жастар арасындағы ел чемпионы, екі мәрте күміс жүлдегер. Алып кеңестік империя күйреп, Түркістан кеңшары тарағаннан кейін 1998 жылы Марат Стыбаев бауырларымен ақылдасып, ағайындылар «Болашақ» шаруа қожалығын құрып, бүгінге дейін ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлестерін қосып келеді. Бұрыннан қалған ескі техникалардың жұмыс өнімділігі төмен, ысырабы мол екенін біліп, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы лизингке ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуды алғашқылардың бірі болып бастады. Бір бойына агрономдық, механизаторлық, ұсталық, дәнекерлеушілік, жаттықтырушылық қонған Марат ағамыз қазір ауылдың абыройлы ақсақалы. Алпыстың асқарына шыққан Марат Қайсарбекұлының мерейлі мерейтойына орай волейболдан жасөспірім қыздар арасында облыстық ашық турнир ақпан айының 17-19 күндері аралығында Жаңатас қаласында өтеді деп жоспарлануда. Бұл да болса азаматтың төккен тері мен еткен еңбегіне жасалып жатқан құрмет екендігі анық. Бірде кейіпкеріміз: «Анам жарықтық жасың алпысқа келіп қалды, доп-доп деп отбасыңды ұмыттың» деп кейігенде, «Апа, шәкірт тәрбиелеу оңай шаруа емес, кішкентай ауылдан шыққан шәкірттерімді аудан, Жамбыл облысы тани бастады, бұл да болса еткен еңбегімнің қайтқаны шығар» деп жауап қайтарушы едім. Ендігі бір арман-мақсатым – Түркістан ауылдық округінің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылынан бір спорт кешені салынса деп ойлаймын. «Алыптар ауылдан шығады» демекші, сонда кішкентай ауылымыздан талай әлем, Олимпиада жүлдегерлері шығатын еді. Алла қаласа, ел-жұрт аман болса, ол күннің де ауылы алыс емес шығар», деп, өз пікірін білдірген еді. Шынымен-ақ ауылымызда заманауи үлгідегі спорт кешені салынса, қаршадайынан еңбекке араласып өсетін «Көсегенің көк жонының» жастарынан бүкіләлемдік байрақты бәсекелерде көк туымызды көкке асқақтатар талай ұландар шығар ма еді-ау...
Жанысбек АРЫСТАНБЕКОВ, Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны, Сарысу ауданы