Күй атасының шығармашылығы дәріптелді
Күй атасының шығармашылығы дәріптелді
Кештің мақсаты – ұлы дарын иесінің шығармашылығын насихаттау, оның өмір жолы мен күйлерінің шығу тарихын ұрпақ санасына сіңіру, күй тыңдау барысында балалардың музыканы ести білу, есте сақтау, орындау қабілеттерін жетілдіру. Құрманғазы күйлерінің тәрбиелік мәні жайлы әңгімелей отырып, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу көзделген іс-шарада өнерлі оқушылардың таланты көпшілікті тәнті етті. 4 «А» сынып оқушылары Қ.Сағырбайұлына арналған өлең шумақтарын оқыды. «Нұр-ай» бишілер тобы «Адай» күйіне би билесе, 8 «А» сынып оқушылары Замира Шаяхмет, Айдана Нұрсланқызы, Паназа Ердәуіт, Мадина Ғабдысамет Қ,Сағырбайұлының өмірбаяны, шығармалары мен күйлерінің шығу тарихы, өмір жолы туралы мәліметтер оқыды. «Нұр-ата» фольклорлық-этнографиялық оқушылар оркестрінің жетекшісі М.Тұрсынбекова, музыка пәнінің ұстазы Д.Қалмаханова «Балбырауын» күйін шәкірттерімен бірге орындады. Ал 11 «А» сынып оқушысы Әскербек Жамантай «Адай» күйін төгілте тартты. Қ.Сағырбайұлының «Айжан қыз», «Қайран шешем», «Алатау», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлері желісіне байланысты салынған оқушылардың сурет көрмесі қойылды. «Қылқалам» үйірмесінің жетекшісі А.Орманованың көмегімен Қ.Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған фото арна, слайд көрсетілді. Осы танымдық кештің қонағы – облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармонияның әртісі, күйші, айтыскер, сазгер Дидар Басықараев Құрманғазының «Қапы», «Серпер», «Қызыл қайың» күйлерінің орындалу шеберліктеріне тоқталып, күйшілік өнердегі өз жетістіктерімен бөлісті. Құрманғазы күйлерінің шығу тарихы мен күйлерінің ерекшелігін, оны орындаудың маңызы туралы ой бөлісті. Сонымен қатар өнер жолына қалай келгені жайлы әңгімелеп, мамандық таңдауда қателеспеуге кеңес берді. Талай жылдан бері мектеп-интернатта қызмет істеп келе жатқан білікті ұстаз Айжан Қадырқызының өз саласында атқарған ісі зор. Облысқа танымал азаматтарды шақырып, жасөспірімдерге үлгі-өнеге көрсететін көптеген кездесулер ұйымдастыруының өзі сөз етуге тұрарлық-ақ. Осы жолғы «Күй атасы – Құрманғазы» атты танымдық кештің өтуіне мұрындық болған педагог, ұлағатты ұстаз Айжан Мырзахметованың тәрбиеленушілер арасындағы «Ұлы тұлғалар» жобасы аясында өткізген іс-шарасы өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Сонымен қатар мектеп- интернат директоры Гүлзира Тойшыманова осы іс-шараны қорытындылап, келген қонақтарға алтын уақытын бөліп, аталған іс-шараға атсалысқаны үшін оқушылар атынан ризашылығын білдірді.
НҰРЖАН ӘЛІШ