«Жастығын жалын шарпыған»
«Жастығын жалын шарпыған»
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 34 жыл толуына орай және жастарды әскери-патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында аталмыш білім ұясының оқушылары Ауған соғысы ардагерлерімен кездесті. Лицей-интернаттың 10 математикалық қазақ сыныбының жетекшісі Зәуре Қосайқызының ұйымдастыруымен өткен шараға «Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының» төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермеков, Ауған соғысының ардагері Бақберген Татаев, облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Нұрлан Жарқынбеков қатысты. Кездесуді «Дарын» лицей-интернатының директоры Нәзира Шилтаева алғысөзбен ашты. Мұнан соң сөз алған «Жамбыл облысы және Тараз қаласы Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының» төрағасы Дүкенбай Сайлаубекұлы Ауған соғысының тарихы жайлы баяндап өтті. – Біз жастарды өз Отандарын сүюге, қазақ елінде туып-өскендерін мақтан тұтатындай етіп, патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамыз. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де жер шарының бір бұрышында соғыс өрті лаулап, онда жазықсыз жандардың мерт болып жатыр. Қарапайым азаматтар мен балаларды соларды қорғау жолында ерлік көрсетіп жүрген жандарды оқушылар білуі тиіс. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие аясында өткізіліп отырған бүгінгі іс-шараға қатысуға тілек білдірген, ұйымдастырып отырған ұжымға алғысымды білдіремін», – деді ардагер. Оқушылар Ауған соғысының ардагерлеріне арналған «Жастығын жалын шарпыған» тақырыбындағы шығармашылық іс-шараны көрсетіп, ардагерлер, ұстаздар мен көрермендерді тәнті етті. Жиналғандар «Қара майор» лақап атымен танылған КСРО Қарулы Күштерінің және ҚР Қарулы Күштерінің полковнигі Борис Керімбаев жайлы бейнеролик көріп, әрі ардагерлердің Ауған соғысы жайлы әңгімелерін ұйып тыңдады. Кездесу барысында 10-сынып оқушыларына «денсаулығы жарамды» деген мөр қойылған тіркеу куәлігін «Дарын» лицей-интернатының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Саймасай Молдашбаев табыстады. Ал ер балалар арасында өткізілген «Отан қорғау – қасиетті борыш» атты эссе байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздардың марапатын лицей-интернат директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Сейтбекқызы табыстады. Өз кезегінде ардагерлер қиындығы мен қасіреті мол Ауған соғысы кезіндегі жауынгерлік тапсырмаларын қалай орындағандары, әртүрлі ұлттан құралған әскер қатарының мызғымас достығы мен көрсеткен ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы айтып берді. Іс-шараға қатысушылар соғыста қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен бірге оқушылар мен мектеп ұстаздары ардагерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Айжан ӨЗБЕКОВА.