OҢАЙ ОЛЖА OПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
OҢАЙ ОЛЖА OПЫҚ ЖЕГІЗЕДІ
Жалпы интернет алаяқтары өздерін қалай таныстырады, соған тоқталайық. Негізінен олар өздерін банк қызметкері, мемлекеттік қызметші, жұмыс беруші немесе ет жақындарының туысы, досы ретінде таныстырады. Мәселен, банк қызметкері ретінде «жеке кабинетіңіз бұзылды, онда үшінші тұлғаның қатысуымен транзакция жүріп жатыр» деп адамның жанды жерінен ұстап, сеніміне кіруге тырысады. Ал жұмыс беруші ретінде қомақты ақшаға оңай жұмыс ұсынады. Мемлекеттік қызметші болып алым-салық бойынша қарызы барын, осылайша банк карточкаларының бұғатталатынын айтып, тіпті қылмыстық іс қозғалғандығын да қыстыра кетеді. Қысқасы «мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалды», «атыңызға қомақты қаржы түсіп тұр», «шет елдегі туысыңыз үйін атыңызға жазып қалдырды», «несие тарихыңыз жаман болса да несие шығып тұр» немесе «бұрынғы несиеңіз жабылмапты, шұғыл түрде мына есепшотқа төлеңіз» деушілерге сенбеңіз. Тараздағы Kaspi bank қызметкерлері: «Егер сізге белгісіз біреу «кaspi bank қызметкеріміз, карточкаңыздың мерзімі аяқталды. Онлайн жаңартайық» немесе «атыңызға несие рәсімделді, сол үшін CVV кодыңызды айтып жіберіңіз» десе сенбеңіздер» деп дабыл қағуда. Карточкаңыздың номерін және артқы үш санын (CVV немесе CVC код) айтып қойсаңыз, онда ақшаңыздан қағылдым дей беріңіз. Ақша оңайлықпен келмейді, әрине. Шын еңбектенген адам ғана қыруар табысқа жетеді. Ал қаржы пирамидаларының тез-ақ олжаға кенелтетін жұмыс жүйесіне, ондағы адамның басын айналдырар пайдаға қызығып, артынан опық жеп отырғандар қаншама?! «Тесла медиа», «Шашу», «Бн Клауд» – бұлардың бәрі кезекті қаржы пирамидалары. «YouTube» видеохостингін қарап отырсаңыз Президент Қ.Тоқаевтың суретін, белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбайдың видеоларын қойып, «S grup», «Каспии Инвест», «Сименс Энерджи», «КазМұнайГаз», «Тесла Медиа» аттарымен жарнамалық жарияланымдар мен бейнероликтер өріп жүр. Мұның бәрі – жалған жарнама. Оның ар жағындағы алаяқтар «Инвестиция салып, ақшаңызды көбейтіп алыңыз» деп еліктіруде. Басында алдарқатып ақша беруі де мүмкін. Сондықтан да «кемпір беріп, қыз алу» мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн. Осы орайда біз облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шоқан Альжановпен әңгіме өрбіттік. Оның айтуынша, интернет алаяқтықтың ең көп тараған екі түрі бар екен. Олар манағы айтып өткен банк қызметкері ретінде қоңырау шалу және белгілі алпауыт компанияның атынан жалған шотқа инвестиция салуға итермелеу мәселесі. – Бұлар ашылуы қиын істердің бірі. Былтыр интернет алаяқтық бойынша 214 факті тіркелді. Соның ішінде 69-ына қылмыстық іс қозғалды. Бұлардың қатарында «ОLХ», «Колесо.кз», «Крыша.кз» сынды сату-сатып алу алаңдарында болған алаяқтық оқиғалар көп. Мәселен, жалға алушы жалдап қойған үйіне барғанда ол пәтер туралы мүлдем хабарландыру берілмегені анықталған. Ал «ОLХ»-те саудаға қойылған заттарды алаяқтар сатып аламын деп адамды әуреге салып, ол затты поштаға салғызуға сілтеме жіберіп, жәбірленушіге сол сілтемені толтыртып, осылайша барлық банк карточкасының деректерін біліп алып, одан ақша аударып алған. Интернет алаяқтар әдетте тек «WhatsApp» мессенджері арқылы ғана байланысқа шығады екен. Кері қоңырау шалсаң оларға ешқашан түсе алмайсың. Қазіргі таңда «WhatsApp»-тағы профильге біреудің фотосын қойып, сол азаматты таниды-ау деген адамдарға «Ақшадан қысылдым. Қарайласа тұршы» деп хабарлама жіберу арқылы қомақты ақша сұрау алаяқтық әрекеттердің арасында ерекше белең алып тұр. Баласының немесе туысының қиын жағдайда екеніне қапелімде сеніп қалған жандар асығыстықпен көрсетілген нөмірге ақша аударып жіберген, – дейді полиция капитаны Ш.Альжанов. Облыстық полиция департаменті аға жедел уәкілдің айтуынша, интернет алаяқтық орташа қылмыс түріне жатады. Бірақ көп жағдайда ашылуы қиын екен. Себебі алаяқ әлемнің кез келген нүктесінен сізге қоңырау шалып, тақырға отырғызып кете алады. Былтыр өздерін сот, банк қызметкері ретінде таныстыратын ұйымдасқан топ және букмекерлік ойын алаңын ұйымдастырған адам ұсталған. – Бүгінде оңай ақшаға құнығып, букмекерлер арқылы ойындарға ақша салу көбейген. Осы салаға келгеніме бір жылдай болды, қарамағымда екі қызметкер бар. Әр алаяқтық іс бойынша талдау жасап, зерттеп барып ашуға тырысамыз. Әркез халыққа үндеу тастап, жұрт көп шоғырланған қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандарда үгіт-насихат жұмыстарын дыбыстық хабарламалармен де, жадынамалар тарату арқылы да жүргізіп жүрміз. Елді мекендерге билбордтар ілініп, «WhatsApp» топтарына хабарлама тарату жұмыстары да тоқтаған емес, – деген полиция капитаны соған қарамастан алаяқтықтың осы түрі өршіген үстіне өршіп тұрғанына қынжылды. Ш.Альжановтың айтуынша, биылғы қаңтар айының өзінде 12 қылмыс тіркелген екен. Оның үшеуі сотқа жіберілген. Осы орайда ол «Көбіне халық «кеткен ақша кетті, бәле-жала өзімен кетсін» деп арызданбайды және одан сабақ та алмайды. Екі қайтара алданатындар өте көп. Көзі ашық зиялы қауым өкілдерін де, заңгерлердің өзін де алдап кететін интернет алаяқтары қарапайым халықты қынадай қырып барады», деп күйінді. Бұған тосқауыл қойып, тоқтату қиын болып тұр екен. Өйткені интернетті тиімді пайдаланған әккілер жыл өткен сайын айла-тәсілдерін де жаңартып отырады екен. – Әлеуметтік желілерге, интернет сайттарына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Ондағы жалған жарнамаларды бұғаттай салысымен жаңасы пайда болады. «2000 теңгеден салғызып, ай соңында 50 мың теңге аласың» деген секілді «WhatsApp» топтарындағы ойын да осы алаяқтықтың бір түрі. Былтыр осы айла-тәсілді қолданған алаяққа қатысты іс қозғалып, кейбір жәбірленушілермен медиация арқылы табысқан. Яғни ісі кешірілген. Қылмысы дәлелденсе, интернет алаяқтар бес жылдан жеті жылға дейін сотталады, – деді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Шоқан Альжанов. Бүгінгі сананы тұрмыс билеген заманда күнкөріс қамымен кімнің немен айналысып жүргенін мемлекеттің толық бақылауда ұстап отыруы мүмкін емес. Алаяқтардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені де осының салдары. Қалай дегенде де мұны ауыздықтау мен алдын алу қиын болып тұр. Аз ғана уақытта саусақтың ұшын қимылдатпай-ақ оңай олжаға кенелемін деп интернет алаяқтарына ұрынып қалмау тек өзіңіздің сауатыңызға ғана байланысты болмақ.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА