Білім

Шоқайдағы мектептің өз газеті бар

Шоқайдағы мектептің өз газеті бар

Әр мектептің алға қойған жоспары мен күнделікті тапсырмалары қыруар екені белігілі. Әйтсе де жүктелген бағдарламалардан бөлек, оқушылардың білімге деген ынтасын арттыратын түрлі жобалар бар. Мысалы, өз жұмысын 2002 жылдан бастаған «Жас тарихшы» газеті – №3 орта мектебінің басты жетістіктерінің бірі.

«Жас тарихшы» газетінде мектеп ішіндегі жаңалықтар мен қызықты естеліктер таңбаланып, көрнекі орынға орналастырылады. Газетте озат оқушылардың жетістігі, ауыл тарихы, елді мекендегі игілікті істер жазылып, оқырман назарына ұсынылады. Жуырда «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына мектепішілік газеттің мақсаты таныстырылып, оған мектеп директоры Жандос Досқожа арнайы қатысты. Оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, ортада еркін сөйлеу, сөздік корын ұлғайтуды мақсат еткен шарада мектеп тәрбиеленушілері ашық форматта әңгімелесіп, директормен сұрақ-жауап алмасты. – Әрбір оқушы білім ордасында жүріп, елдің болашағына тигізер үлесін саралау керек. Ол үшін оқуда озат болып, жинаған білімін ақылмен іске асырғаны абзал. Мектебіміздегі «Жас тарихшы» газетінің мақсаты – оқушылардың қабілетін ашу, ойлау, еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыру болып табылады. Газеттің өз редакторы мен тілшісі болады. Редактор ұстаздардың ұсынысымен қабылданады. Сондықтан дарынды оқушылар білім ордасынан бастап, дайындығын пысықтап, ой-өрісін дамытуы қажет. Оқушылардың жазбалары әлеуметтік желілер арқылы таратылып, мектеп бұрышына ілінеді. 2022 жылдың редакторы болып, 10-сынып оқушысы Сұлтан Тоқтаралы мен газет тілшісі Дәурен Хансейітке үлкен жауапкершілік жүктелуде. Жігіттер бұл жұмыстарды абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді мектеп директоры сөз соңында.

Ұлжан МОНТАЕВА, №3 орта мектептің тәлімгері. Жамбыл ауданы