Әлеумет

Адал еңбек абыройға бастайды

Адал еңбек абыройға бастайды

Еңбек адамының қоғамда қашанда орны ерекше, абыройы биік. Ел басқарған, басқарып жүрген басшылардың да көбі еңбек жолын зауыт-фабрикалардан бастаған. Осындай еңбекқор жастың бірі – Думан Төребек «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңа Жамбыл фосфор зауытында 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Думан отбасының тұңғышы. Өзінен кейін қарындасы мен інісі бар. Жас маманның айтуынша, колледж бітірген соң біраз уақыт жұмыс таппай сенделіпті. Дегенмен Жаңа Жамбыл фосфор зауытының басшылығы түйіндемесін әкелген жас жігітке сенім артып, тәжірибесіз екеніне қарамастан жұмысқа алған. – Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек ауылының тумасымын. Ауылдағы орта мектепте 9-сыныпқа дейін оқып, ары қарай Тараз мамандандырылған колледжіне оқуға түстім. Мамандығым – «Өрт сөндіруші, құтқарушы». Оқу оқып жүргенде қосымша табыс табайын деген ниетпен Тараз қаласындағы жедел жәрдем қызметінде 4 жылдай санитар болып жұмыс істедім. Оқуымды бітірген соң мамандығым бойынша еңбек етейін деп біраз есікті қақтым. Мемлекеттік қызметке алмады. Дәл сол кездерде жедел жәрдем қызметінде де жұмыстан қысқарып кеттім. Сөйтіп, жұмыс іздеп жүргенімде Жаңа Жамбыл фосфор зауытына түйіндемемді тастаған едім, басшылық бірден жұмысқа шақырды. Қазір зауыттың бірінші цехы аппаратында шикізатты ұнтақтап кептіруші болып жұмыс істеймін, – дейді Думан. Думанның әкесі де бір кездері аталған зауытта қызмет етіпті. Әкесі еңбек майданынан кеткенімен, бүгінде жолын ұлы Думан жалғастырып жатыр. – Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Әкем зауытта біраз жыл еңбек етті. Қазіргі уақытта денсаулығына байланысты үйде. Әкеміздің адал еңбек, маңдай терімен тапқан нәпақасымен өстік. Бүгінде әкемнің жүрген жолымен жүріп келе жатқаныма қуанамын. Анам ауылымыздағы мектепте медбике болып жұмыс істейді. Сол кісілерге қарап бой түзеп, жастайымыздан еңбекке араласып өстік. Басында жұмысқа келгенімде маған басшылар «аппаратчик» боласың деді. «Жұмыс қиын емес екен. Аппаратта отырады екенмін ғой» деп ойлағаным рас. Бірақ жұмыс мен ойлағандай аса оңай болмай шықты. Сөйтсем, жас мамандардың көбі мен секілді «аппаратчик» деген аппаратта отыратын жұмыс екен деп келеді екен. Жұмыстың қызығы да, шыжығы да бар. Басында қиналғаннан кетіп қалғым келетін. Басқа жұмыс тапсам деп жүретінмін. Кейін үйреніп кеттік. Әне-міне дегенше уақыт зымырап 5 жыл өте шығыпты. Біздің жұмысымыз – бөлімшелердегі конвейерге, лента аппараттары мен бункерлерге қарау. Яғни конвейер арқылы бункерлерге түсетін шикізатты қабылдаймыз. Жұмыста қазір үлкен кісілер азайып, өзіміз секілді жастар көбейіп жатқаны қуантады. Айлығымыз да жаман емес. Оның үстіне жуырда тағы 50 мың теңгедей үстемеақы қосылды. Зауытта жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Оқимын десеңіз оқу бар. Демалам десеңіз емдеу-сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Спорт кешендеріне де кез келген уақытта барып, дене шынықтыруға болады. Одан бөлек арнайы киім-кешектер беріледі. Зауыттан тамақтанамыз. Дегенмен бір орында қалып қалуға болмайды. Келешекте мамандық өзгерту ойымда бар. Жоғары оқу орнына құжат тапсырып, басқа да саланы көргім келеді, – дейді кейіпкеріміз. Думан ауысыммен жұмыс істейді. Жастайынан еңбекпен шыңдалған жас маман екі күн демалысының өзін тиімді пайдалануға тырысады. «Менде бос уақыт жоқ. Себебі екі күн демалыста халыққа такси қызметін ұсынып, ақша табамын. Қыс айларында екі күнде 20 мың теңгедей, тіпті одан көп ақша табуға болады. Жас кезде еңбек етіп, қартайғанда зейнетін көргім келеді», дейді ол.

Айжан ӨЗБЕКОВА