Әлеумет

Резиденция балалар игілігіне беріледі

Резиденция балалар игілігіне беріледі

Еліміздегі түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның Қостанай, Ақтау, Тараз, Атырау және Ақтөбе қалаларындағы резиденциялар балалар игілігіне берілетіні жөнінде мәлімет тараған болатын. Артынша облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаевтың да Тараздағы Мемлекет басшысының резиденциясы қандай мақсатта пайдалануға берілетіні туралы бейнемәлімдемесі өңірлік БАҚ арқылы жарияланған еді.

Еркін Құлымбайұлының сөзіне сүйенсек, Мемлекет басшысының Тараздағы резиденциясын ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған санаторий немесе жазғы лагерьге айналдыру мәселесі қазіргі таңда қарастырылып жатыр. Бұл бойынша нақты шешім кейінірек, яғни зерделеу тобы жүргізген жұмыс қорытындысы негізінде қабылданбақ. Бір білетініміз, ғимарат белгілі бір мақсатта балалар игілігіне берілгеннен кейін оны күтіп ұстауға жергілікті атқарушы билік тиісті қаржы бөлуді қарастырып жатқан көрінеді. Осы орайда біз алдағы уақытта «Бұл нысанды балалар үшін нақты қандай мақсатта пайдалануға берген ыңғайлы?» деген сауалға жауап іздеген едік. Жалпы Тараздан 15 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның стратегиялық маңызы бар мемлекеттік ғимарат болғанықтан оның қанша қабатты нысан екені, ғимарат орналасқан аумақ жайлы мәліметті тиісті мекемелерден ала алмадық. Бізге жеткен мәлімет бойынша, онда 20 шақты адам еңбек етеді-мыс. Мұнда негізінген екі ғимарат орналасқан болса, оның бірі КСРО дәуірінде, яғни 1965 жылы пайдалануға берілген. Екіншісі 2000 жылдардан кейін салыныпты. Талас өзенінің жағалауында орналасқан резиденция жасыл желек жамылған және онда теннис корты бар. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаевты сөзге тартқанымызда бұрын резиденцияда 3-4 мәрте болғанын айтты. Серік Үмбетов облысты басқарып тұрған кезде тіпті онда мал ұсталған көрінеді. – Бұл өзі Талас өзенінің жағалауында, көк майсалы, тал-дарағы қалың, табиғаты керемет жерде орналасқан. Аумағы кең, ғимараты да еңселі. Бұрынғы нысанға Д.Қонаев өңірге келгенде аялдаса, кейінгісі Н.Назарбаевқа арналып салынды. Ғимараттың бөлмелері көп, тіпті жеке асханаға дейін бар. Мен ол жаққа облысқа А.Тшанов, С.Үмбетов әкім болып тұрған кезде 4 мәрте барғанмын. Алғашқы жолымның түсуіне өңірге сол кездегі еліміздің мәдениет министрі келуі арқау болса, кейінгісіне де сондай жайттар себеп болды. Серік Үмбетов қазақтың салт-дәстүрін, халқымыздың ұлттық тағамдарын аса қатты құрметтейтін болғандықтан онда уақ мал және саяқ аттар ұсталды. Әлдебір маңызды жиындарда сол кезде үлкен апалардың ұлттық тағам түрлерін дайындап жатқанын көргенмін. Малды бағып-қағу, өріске жаю ісімен арнайы малшы айналысатын. Қазір бәрі өзгерген шығар, себебі онда ат ізін салмағаныма 12 жылдан асыпты. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталған кешен балалар игілігіне берілетінін естіп қуанып жатырмыз. Бірақ оның қандай мақсатта пайдалануға берілетінін жұмысшы топ зерделей жатар. Бір білетінім, ол ғимараттың балабақша ретінде пайдалануға берілмейтіні анық. Өйткені көршілес қырғыз елімен шекаралас аймақта орналасқан Жамбыл ауданының Гродиково ауылы маңындағы резиденцияны балабақшаға айналдыру тиімсіз. Ол жерге ешкім баласын тасып жүрмейтіні әмбеге аян. Мен көргенде оның бөлмелері үлкен, бірақ әрқайсысының ауданы әртүрлі болатын, сондай мәселелер зерделеу кезінде ескерілетін шығар. Оқушылар үшін оны жазғы лагерьге айналдырса да болады. Бірақ ол үшін оның ауласынан жазғы лагерьге арналған қосымша құрылыстар жүргізу қажет етіледі. Ал нысанды сол күйінде пайдалануға беруге санаторий немесе науқас, кембағал балаларды емдеумен айналысатын дәрігерлері, мұғалімдері бар үлкен кешенге айналдырған тиімді секілді. Тегі болмаса облыстағы аса талантты балаларға тек қана білім беретін, ғылымға жетелейтін білім ошағы ретінде тарту етсек, артықтық етпейді. Дамыған елдерде білімді балаларды осылай оқшаулап, жағдайын жасап, ұрпақтың білім-ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін арнайы кешендер жұмыс істейді екен. Осындай мақсатта пайдалансақ та оның келешекте қайтарымы мол болады, – деді Ш.Дәулетбаев. Облыс әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Набира Сүйманованың айтуынша, негізінде облыстағы 573 мектепке дейінгі білім беру мекемелері бар болса, оның ішінде 450 балабақша 54 145 баланы білім және тәрбиемен қамтып отыр. Ал 123 шағын орталықта 5 257 бүлдіршін тәрбиеленіп жатса, балабақша кезегінде 1-6 жас аралығындағы 6 218 бүлдіршін тұр. Біздің пайымымызша да өңірде бүлдіршіндер үшін балабақша қажеттілігі бар болғанымен, аталған нысан ол үшін тиімсіз болатыны түсінікті. Осы басқарманың қосымша білім беру тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Таткеевтің мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында 7 922 мүмкіндігі шектеулі баланың 6 233-і оқумен және тәрбиемен қамтылған. Облыста осы бағытта 4 арнайы мектеп-интернат, 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, 1 оңалту орталығы, 6 инклюзияны қолдау кабинеттері мен ресурстық орталық, «Асыл Мирас» аутизм орталығы іспетті 30 арнайы мекеме мен кабинеттер жұмыс істейді екен. Өңірде 1 260 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оларға 18 отбасылық үлгідегі балалар үйі және Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы, облыстық жасөспірімдер үйі, №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы, «Үміт» бөбектер үйі арқылы қызмет көрсетіліп отыр. Тағы бір мәліметке иек артсақ, былтыр 1 маусымнан бастап өңірдегі бір мезгіл тамақтанумен мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істепті. 31 940 баланы қамтыған мектептер жанындағы 394 лагерьлерде тегін тамағы қарастырылған 29 314 көпбалалы, аз қамтылған отбасының балалары, 2 626 оқушы ата-анасының демеушілігімен болған. Сол жылы 11 қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінің 8-і жұмыс істеген. Оның ішінде 4 мемлекеттік («Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» және Ә.Молдағұлова атындағы лагерьлер) 4 жекеменшік («Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы», «Қазфосфат» ЖШС-на қарасты «Жұлдыз» лагерьлері) лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан 7 683 бала барған. Тағы да бір мән беретін мәселе, «Тау самалы» лагерінде өткен жылы Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен келген 217 бала демалыпты. Бұған дейін кейбір өңірде облыс әкімдері жергілікті жердегі мемлекеттік резиденцияда отбасымен тұрып келген болса, ал кей жағдайда мұндай нысан облысқа іссапармен келген Президенттің, жоғары лауазымды шенеунік немесе Мемлекет және қоғам қайраткерлері секілді елге белгілі тұлғалардың ат шалдыратын тұрағы қызметін атқарды. Жалпы облыс әкімдерінің мекені саналатын өңір-өңірдегі осы мемлекеттік резиденциялардың бюджет есебінен қаржыландырылатынын ескерсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімі өте құптарлық жағдай болды. Нұрым СЫРҒАБАЕВ