Тіс емханасының тірлігі қандай?
Тіс емханасының тірлігі қандай?
Дәрігердің жоқ дегені бар екен
Қызымның тісі ауырып, облыстық балалар тіс емханасына бардық. Ауру тісті қараған дәрігер бұдан бұрын емделгенін, тіс қуысында бітеме (пломба) барын айтып, алдымен рентгенге түсіруге жұмсады. Ол жерден тістің тамыр асты қабынғаны анықталды. Содан соң емдеуші дәрігерге қайта бардық. Ол бітемені ашып, тым тереңдегі тіс нервінің кішкене бөлігін ғана алыпты. Тереңіндегі тіс тамырын толық ашуға қажетті құрылғының жоқтығынан емдеу шарасын түгел жасай алмағанын айтып, жағдайды түсіндірді. Ондай құрылғы облыстық тіс емханасының тегін қызмет көрсететін бөлімінде жоқ екенін, жекеменшік тіс емханаларынан табылатынын айтты. Міне, осы тұста көкейде «Жекеменшік емханалар тапқан құрылғыны мемлекет неге таба алмайды?» деген сұрақ туды. Тіс ауруы шыдатпайтындықтан және өзің емес, балаң қиналғанда ештеңені күткің келмейді. Көкейдегі сауалдың жауабын іздеуді кейінге қалдырып, аурудан құтылудың амалын жасауға кірістік. Бұрын жекеменшік тіс емханаларына баланы апарып көрмегендіктен, қайсысына баруға болатынын сұрадық. Дәрігер қаламыздағы тіс емханаларының бірнешеуін ұсынды. Солардың біріне бардық. 9 жасар баланың бір тісін емдеу үшін 12 мың теңге төледік. Әрине, жан амандығы үшін ештеңені де аямайсың. Әйткенмен, көкейдегі сауалды бұл баға одан сайын үдетті. Егер көпбалалы, жұмыссыз ата-ананың баласы тіс ауруынан осылай зардап шегіп, 1 тісті емдетуге осындай ақы сұраса, ол қалай тауып бермек? Ақыры ақшасы болмағандықтан, ауруды уақытша басатын дәрі-дәрмек қабылдап, толық емдетпей кейінге қалдыра салса, ол асқынбай ма? Асқынған аурудың өмірге қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Тіпті кейде тісі ауырып басталғанның соңында ажал құшыпты дегенді де естігеніміз бар. «Адырна» ұлттық порталындағы тәжірибелі тіс дәрігерінің сұхбатынан «... тіс іріңдеп, кей жағдайда өлімге алып келуі де мүмкін. Сол себепті, алдын ала тексертіп, емделіп тұру керек» дегенді оқыдық. Егер тіс ауруы уақтылы емделмей, асқынса қаупі қандай болатынын зерттеп көргенімізде тіс ауруының өзі өлімге әкелмейтінін, бірақ соның салдары ажалға себеп болатыны туралы деректерге тап болдық. Яғни тісте емделмеген инфекция адам ағзасында таралуы мүмкін екен. Соның соңы өмірмен қош айтқыздыратын жағдайға жеткізетін көрінеді. Мұндай қауіптің төнбеуі үшін ауру анықталса, толыққанды емдету керек. Көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, облыстық балалар тіс емханасының басшылығына бардық. Бас дәрігермен тілдескеннен бұрын басқа мамандардан бұл жерде жоқ деген құрылғының бар екенін естідік. Бірақ ол ақылы бөлімде екен. Егер баланың тіс ауруын емдеуге қажет болса, тегін қызмет негізінде қолдануға болатын көрінеді. Бұл туралы бізге кезіккен дәрігер білмепті.
Қажет болса, тегін қызмет көрсетіледі
Бас дәрігер Ақылбек Үсенбаев: – Ақылы бөлімдегі құрал-жабдықтарды қажет болған жағдайда тегін қызмет көрсететін бөлімге де қолдана беруге болады. Себебі екі бөлім де бір емханада ғой. Сіздерді қажет құрылғы жоқ деп жекеменшік емханаға жіберген дәрігердің ісін ұжымымыздың жиналысында қарап, өз қаржысымен білімін арттыру курсына қатысып келуді бұйырдық. Егер облыстық стоматологиялық емхананың дәрігер-стоматологтары пациентке тісті емдей алмайтынын айтып, басқа клиникаға жүгінуді өтінсе, пациент емханалық бөлімшенің меңгерушісіне, одан әрі бас дәрігердің емдеу жұмысы жөніндегі орынбасарына жүгінуі қажет. Дәрігер тісті емдеу барысында қиындықтар туындаса, ол көмек алу үшін тәжірибелі әріптесіне жүгінеді, бөлімше меңгерушісін хабардар етеді. Және емдеудің одан әрі тактикасын айқындау мақсатында дәрігерлер консилиумы құрылады, – деп бұл емханада жекеменшік емханаларда кездесе бермейтін мүмкіндіктер барын айтты. Анығында мұнда шұғыл емдеуді қажет ететін ауруы бар және тіс жегісінің (кариес) күрделі түрлерін емдеуге мүмкіндік жетерлік екен. – Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – біздің стоматологиялық қызметімізді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жеткізуші ретінде емес, бірлесіп орындаушы ретінде қосуы. Яғни пациентке көрсетілген қызмет ақысы алдымен МӘМС қорынан науқас тіркелген емханаға түседі де, тиісті қаражат сол емхана арқылы бізге аударылады. Өздеріңіз білетіндей, Жамбыл облысы бойынша барлық алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша пилоттық жоба бағдарламасы аясында балалар тіс емханасы жеке қолға берілді. МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін облыс бойынша барлық стоматологиялық қызмет «Даму Мед» жүйесінде электрондық форматта жұмыс істейді. Медициналық қызметтерге ақы төлеу бойынша денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесімен тікелей интеграцияланған өте ыңғайлы және ашық бағдарлама. Барлық қабылдау онлайн режимінде жүргізіледі. Дәрігерлер медициналық ақпараттық жүйесінде жұмыс істегенді ұнатады, – дейді дейді аталмыш емхананың бас дәрігері Ақылбек Балтабайұлы.
Бір күнде 600 пациент келеді
Облыстық стоматологиялық емхана облыстағы балаларға стоматологиялық көмек көрсететін жалғыз емхана. Оның құрамында емханалық, хирургиялық, профилактикалық, ақылы бөлімшесі бар. Орта есеппен жыл сайын 26 000 пациент емделеді (санация), стоматологияға күніне 600 пациент келеді екен. Оларға күніне 1 200-ден 1 800-ге дейін қызмет көрсетілетінін білдік. Балаларға стоматологиялық көмек көрсету мақсатында қаланың және Солнечный кентінің ірі мектептерінде 27 стационарлық стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл емханада облыстағы тіс-жақ жүйесінің ауытқулары бар балаларға көмек көрсететін жалғыз ортодонтиялық кабинет бар болып шықты. Бұл қазіргі заманғы құралдармен жабдықталған, алынбалы және алынбайтын ортодонтиялық құрылғылардың барлық түрлерін жасауға қабілетті тіс-техникалық зертханасы. – Ата-аналары атаулы әлеуметтік көмек алатын балаларға ортодонтиялық көмек тек 4 балаға көрсетілді. Өйткені медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары бізге мұндай әлеуметтік санаттағы балаларды жібермейді. Тіс-жақ жүйесінің патологиясы бар балалар кәсіби тексеру арқылы анықталады. Ерін мен таңдайдың туа біткен жырығы бар балаларға қызмет көрсету үшін біздің базада жақ-бет аймағының туа біткен ауытқулары бар балаларды диспансерлеу орталығы ұйымдастырылған. Диспансерлік есепке 15 жасқа дейінгі балаларды аламыз. Осындай патологиясы бар бала туған кезде орталықта баланы тамақтандыру мәселесін шешу үшін обтуратор жасалады, содан кейін хирургпен бірге операцияны жүргізу мерзімі белгіленеді. Бет пен жақтың туа біткен ақаулары – бала кезіндегі ең көп таралған патология. Балаларды Алматы қаласындағы «Ақсай» клиникалық ауруханасына консультацияға жібереміз. Жамбыл облысында наркозбен стоматологиялық көмек көрсетуді қажет ететін мүгедектер өте көп. 2021 жылғы 17 қарашада мүмкіндігі шектеулі балаларға анестезиямен стоматологиялық көмек көрсету үшін операциялық блок ашылды. Церебралды сал ауруы, аутизм, эпилепсия және Даун синдромы бар балалардың тістерін емдеу және жұлу қандай қиын екені белгілі, бұл қиындықты да біздің стоматологтар мен анестезиологтар еңсерді. Біз ең заманауи және қауіпсіз препараттардың бірі – Севофлоран газын қолданамыз. Алдын ала тексеру және қажетті емдеу режимі қарапайым адамдармен бірдей болуы керек. Бізде ауыл тұрғындарына стоматологиялық көмек көрсету үшін базадағы жылжымалы стоматологиялық кабинет бар. Биыл жылжымалы стоматологиялық кабинетпен қамтылған «КаМАЗ» Меркі ауданына, Т.Рысқұлов ауданына, Талас ауданына барды. Жолға шығу кестесін Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы бекітті. Енді біз Имплантология және ортопедиялық (алмалы-салмалы және алынбайтын протездеу) кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз. Швейцария өндірісінің жабдықтары (САD/CAM жүйесі) сатып алынды. Біз соңғы буынның жарықпен бекітілген пломба материалдарымен қалпына келтіру жұмыстарын да жүргіземіз. Аурумен күрескендіктен түрлі жағдайлар кездеседі. Егер онкологияға күдік туған жағдайда дәрігерлер консилиумын шақырып, Алматыдағы онкологиялық институтқа консультацияға жібереміз. Сонымен қатар 2017 жылы компьютерлік томографиялық функциялары бар стоматологиялық панорамалық рентген-аппарат сатып алынды. 2018 жылы ультрадыбыстық аппарат, стоматологиялық материалды түсті полимерлеуге арналған шам, «ВК-75-01» маркалы стерилизаторға да қол жеткіздік. 2019 жылы пациенттің мониторы, физиодиспансер ұштығы бар жиынтықтағы лазерлік аппарат алынды. Емхана – стоматолог-дәрігеріне барудан қорқатын адамдарға седация (тыныштандыру әсері бар препараттармен жасалатын ұйқының жеңіл түрі) арқылы тістерді емдеу, ауырсыну, қорқыныш және стрессіз емдеу саласындағы алғашқы мекеме. Седативті емдеуге кәсіби гигиенадан бастап үлкен жұмыстарға дейінгі стоматологиялық көмектің барлық түрлері кіреді, оған әртүрлі саладағы бірнеше мамандар қатысады. 2020 жылы наркозды тыныс алу аппаратын сатып алдық. Бұл тістерді имплантациялау сияқты күрделі стоматологиялық процедураларды жүргізуге мүмкіндік беретін, емханада емдеуді жоспарлау мен жүргізудің сапасын жақсарту, ауруларды дәлірек диагностикалауға көмегі зор, ең қажетті техникалық жабдықтардың бірегейі. Тағы атап айтқым келетіні – облыстық стоматология емханасы Тараз қаласы мен облыстың стоматологиялық бейіндегі ұйымдарының жұмысын үйлестіретін ұйымдастыру-әдістемелік орталық қызметін де қоса атқарады. Мекемеде пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі ұйымдастырылған. Стоматолог дәрігерлер үнемі өздерінің кәсіби деңгейлерін арттырып отырады, мастер-класстарға қатысады, науқастарды емдеуді эстетика және функционалдылық талаптарына сай, соңғы буындағы стоматологиялық материалдарды қолдана отырып, заманауи жоғары технологиялық жабдықтарда жүргізеді. Емхана ұжымы пациенттің қауіпсіздігіне, оның дәрігерлерге деген сеніміне қамқорлық көрсете отырып, өз саласында үздік болуды көздейді, – дейді А.Үсенбаев. Бас дәрігердің айтқандарына қарағанда мұнда тіс ауруын емдеуге қажеттінің бәрі де бар және заманауи үлгіде жабдықталған. Яғни мұнда баланың тісін тегін емдетуге барлық жағдай жасалған. Біз осыны естіп, қуандық.
Қамар Қарасаева