Бас прокуратура Jusan активтерін Қазақстанға қайтарғалы жатыр
Бас прокуратура Jusan активтерін Қазақстанға қайтарғалы жатыр
Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Pioneer Capital Invest» ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-ның, сондай-ақ онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады. Елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізген.
Бұл әрекет қоғамдық мүддеге, оның ішінде «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушыларының мүддесіне қауіп төндіргені хабарланды. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері осы оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі. Бұдан бөлек, 2023 жылдың 3 ақпанында Бас прокуратураға бірқатар субъектілердің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан «Жусан» тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету фактілері бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы «Назарбаев қорының» арызы түскен.
Ресми ақпарат бойынша, істің сотта қаралуы Jusan Bankтің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырады. Jusan Bank баспасөз қызметінің хабарлауынша, банк пен оның негізгі акционерлері – Қазақстан Республикасының азаматтары.