Ұлттың жан байлығы
Ұлттың жан байлығы
Оқырмандарға тілдің қасиеттілігін ұғындыра отырып, жергілікті зиялы қауым өкілдерімен ой бөлісуді көздеген «дөңгелек үстел» отырысына жас ақындар, кітапхана қызметкерлері, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология» факультетінің білімгерлері қатысты. Басқосуға жиналғандар ана тілінің қадір-қасиеті, мемлекеттік тілдің еліміздегі қолданысы, туған тілдің бүгінгі жағдайы жөнінде тереңінен ой қозғады. Еліміздің егемендігін алғанына 30 жыл уақыт өтсе де өз жерінде өгейдің күйін кешкен ана тіліміздің бүгінгі жайы көтерілді. Ұлттың төлқұжаты іспеттес тіліміздің қолданыстағы өрісін кеңейтіп, көркемдік қорын байытуға нендей шараларды жүзеге асыру керегі талқыланды. Тіл туралы сөз қозғағанда ел ішінде Ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі де еске оралады. Бұл тұрғыда Сәкен Сейфуллиннің «...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деген пікірінен-ақ туған тілі, ұлтының мүддесі үшін өз жанын да аямаған күрескерлігін байқауға болады. Басқосуға қатысқан білім-ғылым іздену жолында жүрген жас студенттерге салмақты ой саларлық, болашағына бағдар берерлік құнды мәліметтер де айтылды.
Қамар ҚАРАСАЕВА