Әлеумет

Лицей-интернаттың лайықты нәтижесі

Лицей-интернаттың лайықты нәтижесі

Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты 1993 жылдан бері оқушыларға білім беріп, оқу-тәрбие ісімен айналысып келеді. Әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген ойына сүйенген ұстаздарымыз бен тәрбиешілеріміздің балаға деген қарым-қатынасынан түсіністіктің, адамгершіліктің, мейірімділіктің барын көруге болады.

Лицей-интернатымыздың білім алушылары қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, ұлт құндылықтарын жоғалтпай өсіп келеді. Оқушыларымыз білім-ғылыммен қатар спорттық жарыстарға, ән байқауларына, қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысып, жан-жақты дамып келеді. Осындай жалынды жастарға сапалы білім беру үшін лицей-интернат педагогтары заманның беталысына қарай межелерін белгілеп, жаңа жоспарларын нақтылап, балалардың мүмкіндіктеріне жол ашуды басты назарда ұстайды. Ұстаздарымыз инновациялық технологияларды жетік меңгерген. Сол инновациялық техниканы пән бойынша қандай тақырыпқа пайдалану тиімді екеніне зерттеу жүргізіп, сабақ барысында қолданып жүр. Облыс, республика көлемінде әдістемелік тәжірибе алмасу іс-шараларында белсенділік танытып келеді. Қазіргі таңда «STEАM» – әлемдік білім берудің басты трендтерінің бірі. Сондықтан лицей-интернатта ғылым, робототехника, өнер, математика негіздерін меңгерту қарқынды дамуда. Білім алушылардың жобалық құзыреттілік пен модельдеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында лицейде «STEАM» лабораториясы жұмыс істейді. Білім алушылардың зияткерлік дағдысын, ғылыми-зерттеу машықтарын меңгеру, инженерлік тұрғыдан ойлау, құрастырушылық қабілеті мен бағдарламалау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ұстаздардың еңбегі өз жемісін беруде. Атап айтсақ, күні кеше 8 «Б» сынып оқушылары Диас Саткен, Амиржан Салимов робототехника бойынша «Robotek Grand tournament» облыстық жарысынан І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Білім алушыларымыз 1995 жылдан бері облыстық, республикалық, халықаралық, дүниежүзілік білім олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында 533 алтын, 609 күміс, 606 қола, барлығы 1748 медаль иеленді. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша, 2009-2022 жылдар аралығында 12 мәрте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Үздік олимпиада мектебі» атағына ие болды. 2013 жылы лицей-интернаттың білім және тәрбие саласындағы жетістіктері үшін «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасының «Алтын қыран» халықтық сапа белгісімен марапатталды. Сондай-ақ лицей-интернат 2013-2014 оқу жылындағы оқу және тәрбие жұмысындағы жетістіктері үшін «Орта білім беретін үздік ұйым» атағына ие болды. 2017 жылдан бастап лицей-интернат «ЮНЕСКО клубы» атанды. Ал былтыр олимпиададағы жетістіктері үшін «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алғысына ие болды. Биыл «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлері арасында республикалық білім тексеру сынақтарында ерекше нәтиже көрсеткені үшін «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының «ПОЗИТИВТІ ДИНАМИКА» номинациясымен марапатталды. Лицей-интернаттың жүйелі жүргізілетін бағыттарының бірі – түлектермен байланыста болу. 1997-2022 жылдар аралығындағы түлектердің жоғары оқу орындарына орналасуы 100 пайызды құрайды. Түлектеріміз еліміздегі қалаған жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант иегерлері атануда. Одан бөлек біздің оқу орнын бітіріп кеткендер шетелдерде білім алуда қиналмайды. Өйткені біздің лицей қалыптасқаннан бері сабақтар қазақ тілімен бірге ағылшын, орыс, түрік тілдерінде жүргізіліп келеді. Сондай-ақ түлектеріміздің алдыңғы буыны еңбек жолында елеулі жетістіктерге жетіп, әртүрлі салада еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуда. Түлеп ұшқан алтын ұя мектебін ұмытпай, «Trust in community» түлектер қоғамдық бірлестігін құрып, өздерінен кейінгі буынға ағалық қамқорлықтарын көрсетуде. Бұл да сапалы білім мен саналы тәрбиенің жемісі. Қорыта айтқанда, 30 жыл ішінде білім саласындағы толағай жетістіктердің нәтижесінде «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты брендке айналды. Бұл мәртебе бізге үлкен міндеттерді жүктеп, дарынды балалар мен оларға білім беруші еңбекқор ұстаздардың аянбай еңбек етуін қажет етеді.

Ардақ ТАНАЕВА, дарынды ер балаларға арналған мамандан­ды­рыл­­ған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары