Руханият

«Қайт дегенде қайтармын уақыт төрем»

«Қайт дегенде қайтармын уақыт төрем»

Бәрі де көз алдымда. Ауыл-ауылдан ағылған жастар, жан-жақтан жиылған студенттер. Барлығы да көкейінде арман оты алаулаған талантты шығармашыл қыз-жігіттер еді. Студенттік өмірдің дәмін татқан кезеңдер ешқашан ұмытылмақ емес.

2003-2007 жылдар мен үшін қайталанбас шабытты шақтар еді ғой, шіркін! Әдебиет әлеміне сәби жырларын әлдилеп келген жас буын едік. Сол уақыттар Тараздың таңы арманмен атып, күні-түні жазған жырларымызды бір-бірімізге оқып берумен батыратын бақытты кездер еді. Топталып алып, тиынға тиынды құрап, жалдамалы пәтерлер мен студенттер жатақханасында кеш ұйымдастыратынбыз. Жыр оқып, өзімізді классик ақын сезінетінбіз. Пір тұтатын поэзиядағы мықтыларға мадақ айтамыз. Әркімнің үлгі тұтатын тұлғалары бар. Олардың озық ойларын салыстырып, сан-саққа бөлініп, қызылкеңірдек боламыз. Жұматайшыл, Жарасшыл, Тыныштықбекшіл болып даулы пікірлердің тиегін ағытамыз. Жазған жырларымыздың кейіпкері атанған ғашықтарымыз жайында сыр бөлісеміз. Болашақ журналист, мұғалім, филолог, басқа да маман иелері атануға білім алып жүрген кезіміз. Осы жылдары ең алғаш Жамбыл политехникалық колледжі «Студент көктемі шақырады» атты қалалық фестиваль өткізді. Түрлі жанрда ұйымдастырылған өнерлі бәсекеде жазба ақындар мүшәйрасы да қамтылды. Небір талантты жастар бақ сынасқан байқауда жас ақын Өрнек Құлекеевпен таныстым. Аласа бойлы, тығыншықтай, шымыр денелі, ауыр бейнетке шыңдалған қарапайым ауылдың баласы екені бірден байқалды. Ойлы көздерінде тұңғиықтан сыр тартып тұратын тәкаппарлау мұң бар. Бейне бір ақындықтың айықпас дертіне шалдыққан түр ме дерсің. Көлеңкелі көңілінен күңіренген жырлардың үні естіліп тұратын. Ауылдан шықпай жатып алысты ойлап, қаладағы әдеби ортаға келмей тұрып-ақ ақындық қалыпқа еніп үлгерген бе деп те ой түйдім. Әдебиет туралы әңгімесін әріден бастап, поэзияға деген пікірін тереңнен түйіндейтін. Алғашында аға деп атап, кейін өзіммен қатар екенін білген соң Өреке дейтін болдым. Адами қалпы қарапайым, өлең оқыса, әдебиет туралы пікірлер туса өрленіп, өршеленіп кететін бірбеткей мінезді еді. Сөз таластырғанда өзіне қарсы ойлар дұрыс айтылмаса шатақ шығарып, төбелесуден де тайынбайтын. «Әдебиет – ардың ісі» деп данышпан Абай айтқандай, бұл ақынның арын қорғау үшін тасқындайтын асау мінезі шығар. Өрнек ақын осы мінезді өлеңде де таныта білді. «Беу, мамамның келіні, Жүрекпен тыңда сөзімді. Өзіме айтам өзімді, Махаббатым деп төзімді», деп жазған махаббат жайлы жырында тек сүйгеніне ғана жүрегінен орын берген жоқ. Жүрегінің төрінде алдымен анасы тұрғанын аңғартып, бірінші анамның келіні бола білсең ғана өзімді саған арнаймын деді. Адамзат ұғымында әйел затын сүю бірінші өзіңді өмірге әкелген анаңнан бастау алатынын ескеріп, содан соң екінші кезекте ғашығыңды сүю әділеттілік екенін айта білді. Өмір заңдылығында солай болуы – шартты ұғым. Анасы мен ғашығын сезім шыңына көтеріп, оларды бақытты ету жолында төзімнен тұратын махаббатымды арнаймын деген философиялық ойды жеткізгені көрініп тұр. Отызға да жетпеген аз ғұмырында әдеби ортаға өзін мойындатып та үлгерді. Рухты поэзиясымен, өршіл мінезімен өлең өлкесіне өшпейтін із қалдырды. Қайтыс болар алдында 1-2 рет жолыққанбыз. Рысбек батыр көшесіндегі №6 жатақханада тұрып жатқан кезде үйге келіп қонақ болған еді. Аздап қиналып жүргенін де жасырған жоқ. Біраз әңгімелестік. Үйленіп, жұмысқа тұрған. Меркіде бір мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін деді. Содан көп уақыт өткен жоқ, күтпеген қаралы хабарды естіп, естен тана жаздадық. Ауылына барып, досымызды жоқтадық. «Қамықпа, досым, қамықпа, Келер күн бақыт сыйлайды. Адамдар сыяр табытқа, Ақындар бірақ сыймайды», деп Артығали Ыбыраев жырлағандай, шын ақын болып өмір сүру Өрнекке де азап болды-ау деймін. Бұлай деуім де артық шығар, бәлкім. Қайырымсыз қоғамда шынайы тіршілік ету – тым қиын. «Соны көрем өңімде һәм түсімде, Әлемге үлгі көрсетеді ол әлі. Ол өкімет орнатқан бақ ішінде, Әкімдіктен ақындық шен жоғары», деп Жұматайша айтқандай, ақындарға жер бетінен бақыт табу тәтті ұйқыдағы әдемі түспен тең сияқты. Ақындық әлемінің ақылға сыймайтын заңдылықтарының бары ақиқат. Әлем ішінен жеке әлем орнатушы, өз алдына қағанат құрушы патша пейілдес пенде десек, әрине, қателеспейміз. Өзінің әзілдеп айтар бір сөзінде «Мен – Өрнекстанмын. Жеке мемлекетпін, өз республикам бар. Өз әлемімде өзім патшамын. Бұл әлемде барлық адамдар ақындарға бағынады, ақындар билік етеді» дегенін естіп, бәріміз күлгенбіз. Ол мына өмірге сыймай кетті. Өрнек кеткенімен өрнекті жыры қалды. Естуімізше, бір жағдайлармен ауылында ақынға қысым жасағандар да болыпты. Алайда нақтылап айту қиын. Бірақ өліміне себепші болмаған шығар. Өрнек Құлекеевтің артында қалған ізі – «Мерей» атты кітабы және Мерей есімді қызы. Сүйіп қосылған жары Бағдатпен аз да болса бақытты ғұмыр кешіп, өмірде Мерейдей тұлымы желбіреген ұрпақ көрді. Талай жазба ақындар мүшәйрасында топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Өлеңдері көптеген баспаларда жарық көрді. 2007-2008 жылдары Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде арнайы жүлдені жеңіп алды. Ол фестивальға бірге қатысқан едік. Аздап домбыра шертіп, қоңыр дауысымен әндететіні де бар еді. Сәл ашуланса қабағын түкситіп, көздерін жыпылықтатын. Ашулана бастағанын сол түрінен байқайтынбыз. Өмірден өтер алдында жалған дүниенің алдамшы бақытына налып, анасының мейіріне шөлдеді. «Естімесін білемін бақыт – керең, Қайт дегенде қайтармын уақыт төрем. Шешем-ау, оқи алмай кеткен жырды, Өз қасыңа алғанда оқып берем», деп ана рухына арнап шер тарқатты. Киесіне шағынып, Айға қарап ұлыған жаралы бөрідей: «Маңдайымда жолы ауыр бір өлең жүр, Құлай-құлай жалығып түрегелдім. Қас қарайды, мінекей, іңір қонды, Бейітіңді бетке алып жүре бердім», деп толғануы. Өміріндегі ең ардақты жанның қасында жоқтығы жанына батты. Тірілерден түңіліп, фәниден баз кешу – поэзиядағы писсимизм дерті. Әрине, ақынды «ақын» қылатын тағдыр. Тағдырсыз ақын болмайтыны белгілі. Мыңмен жалғыз алысқан ұлы Абай да тағдыр тауқыметін бастан кешірді. «Өмірге келу мен кетудің, Сұрама, сұрама себебін. Мен енді ештеңе жазбаймын, Алғашқы... Ең соңғы өлеңім... Мерейім» деп, санаулы уақыттарын сезгендей Өрнек ақын өлеңге де, өмірге де нүкте қойды. ... Мерей қызың бүгінде есейіп, ізіңді өшірген жоқ, бауырым. Жырларың мәңгі жасайтынына біз сенеміз!

Нұржан ӘЛІШ