ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН «ЖЫРЫ» ҚАШАНҒЫ ЖАЛҒАСАДЫ?
ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕН «ЖЫРЫ» ҚАШАНҒЫ ЖАЛҒАСАДЫ?
Мәселен жуырда редакциямызға қайырылған Тараз қаласындағы №15 ықшамаудан тұрғыны Ләйлә Көпбергенқызы бағаны тұрақтандыру мақсатында ашылған әлеуметтік дүкендердің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, әлеуметтің базынасын жеткізді. – №15 ықшамауданда 2 әлеуметтік дүкен ашылған. Біздіңше есеп үшін ашылған секілді. Біріншіден, дүкендер 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толық қамтылмаған. Бірін алсаң, бірі жоқ. Сөрелерінде басқа тауарлар самсып тұрады. Кәдуілгі дүкендерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Екіншіден, Құдай кесірінен сақтасын, азық-түлік өнімдерінің сапасы өте нашар. Кейбірінің қолдану мерзімі өтіп кетсе, енді кейбір өнімдер көгеріп, иістеніп кеткен. Сондықтан да шығар, дүкеннің ішіне кірсең жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тазалық сақталмайды. Осыдан кейін тұрғындар әлеуметтік дүкенге қайдан барсын. Қашықтау әрі тауарларының бағасы шамалы қымбат болса да «Баян Сұлу» шағын маркетіне барамыз. Ал жағдайы жоқ, тұрмысы төмен отбасылар сапасыз тауарларды амал жоқ тұтынады. Сондықтан бағаны тұрақтандырудың басқа тетіктерін қарастыру керек деп ойлаймын. Әйтпесе аты бар, заты жоқ әлеуметтік дүкендердің халыққа тамшыдай болсын пайдасы тиіп жатқан жоқ, – дейді ашынған көпбалалы ана. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының директоры Назима Жұбандықованың да әлеуметтік дүкендерге қатысты айтары көп екен. – Біріншіден, бізде ашықтық жоқ. Мәселен, облыстық мәслихаттың сессиясында тұрақтандыру қорының жұмысы арнайы күн тәртібіне қойылып, жан-жақты талқылануы керек. Соңғы 2 жылда облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен қор жұмысына байланысты қанша жиын, кеңес өтті? Қандай шешімдер шығарылды? Ешкім білмейді. Шын мәнісінде қорда қанша тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бар екенін, қалаға, аудандарға қалай үлестіріліп жатқанын, қанша уақытқа жететінін халық білуі керек емес пе? Өкінішке қарай бәрі құпия. Екіншіден, жұмыс істеу үшін міндетті түрде жоғарыдан тапсырма түсуі керек. Мәселен, нан, қант немесе басқа да азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап, мәселе Үкімет отырысында қаралып, тапсырма берілсе ғана жауаптылар ұйқысынан оянады. Жеделдетіп арнайы комиссия құрады. Базарларды, дүкендерді аралайды. Әлеуметтік желіде белсенді бола қалады. «Азық-түлік бағасына бақылау күшейтілді», «Баға тұрақтылығы – басты назарда» деп көлдей жазбалар жариялай бастайды. Осылайша ала шапқын болады. Яғни халықтың игілігі үшін емес, хаттамалық тапсырмаға ғана жұмыс істейді. Қоғамда қызу талқыланып, шу шыққанда ғана емес, баға тұрақтылығын үнемі бақылауда ұстауға болады ғой. Жалпы біз әлеуметтік дүкендерге бірнеше мәрте зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Одан бөлек тұрғындар да жиі-жиі түрлі арыз-шағыммен қайырылып жатады. Мәселен сатушылардың тым дөрекі екенін, тұтынушыларға сұраған затын тауып берудің орнына қабағын шытып, жөндеп тіл де қатпайтынын айтқан тұрғындар болды. Одан кейін тауарлардың сапасына байланысты да көп шағымданады. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткіліксіздігін, тез таусылып қалатынын көп алға тартады. Соңғы түскен шағым – қант бағасына байланысты. Тұрғынның айтуынша, әлеуметтік дүкендегі қант бағасы «Ауыл-Береке» базарындағы көтерме бағамен бірдей екен. Егер әлеуметтік дүкендегі баға нарық бағасымен бірдей болса, одан қандай пайда бар? Миллиондаған қаржының құмға сіңген судай болғаны емес пе? Сонымен қатар жауаптыларға әлеуметтік дүкендерге бейнекамера орнату туралы ұсыныс бердік. Себебі «Дүкенге барсақ сұраған тауарымызды бітіп қалды немесе басқа да сан сылтау айтып шығарып салады. Өйткені қойылған шектеулерге қарамай өздерінің таныстарына көп мөлшерде сатады, артқы есіктен беріп жібереді» деп арызданған да тұрғындар болды. Егер бейнекамера қойылса мұндай келеңсіздік туындамайды. Негізі әлеуметтік дүкендердің керек екені даусыз. Түрлі жағдайларға байланысты кез келген сәтте тауар тапшылығы болуы мүмкін. Немесе баға шектен тыс қымбаттап кетеді. Естеріңізде болса, өткен жылы қант тапшылығы болып, бірнеше әлеуметтік маңызды бар азық-түлік тауарларының бағасы бір сәтте шарықтап кетті. Сонда халық әлеуметтік дүкенге ағылды. Бірақ әлеуметтік дүкендердің жұмысы жыл бойы бақылауда болуы қажет. Әрі ондағы тауар бағасы нарықтан төмен болуы керек, – дейді Н.Жұбандықова. Кейіпкерлеріміз әбден ашынғаннан мүмкін асырып та айтқан шығар. Бірақ айтқандарының шындықтың ауылынан алыс еместігіне Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендерді аралау барысында көз жеткіздік. Алдымен №15 ықшамаудан, 33-үйдің қасында орналасқан әлеуметтік дүкенге ат басын бұрдық. Сапарымыз сәтсіздеу басталды. Дүкеннің бір бұрышында түстеніп отырған екі саудагердің бірі жұмысқа шыққанына бір апта енді болғанын, сондықтан ешнәрсе айта алмайтынын айтып, сөзді қысқа қайырды. Өткен жұма күні Таразда таңертеңнен бастап қар жауып, түс мезгілінде ақ ұлпа тобыққа дейін жеткен болатын. Әлеуметтік дүкеннің кіреберісіндегі қарға түскен ізге қарап-ақ таңертеңнен түске дейін дүкенге санаулы-ақ адамның келгені көрер көзге айқын көрініп тұрды. №15 ықшамаудан, 21-үйдің қасындағы әлеуметтік дүкенге де ағылып келіп жатқан сатып алушыларды көрмедік. Ал дүкен сатушысының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары уақытылы жеткізіліп тұрады. Бағасы жүйелі. Сондықтан да тұрғындар дән риза көрінеді. Дүкенде жұмыртқа 38 теңгеден (нарықта – 57), күнбағыс майы – 630 (850), картоп –135 (175), пияз – 120 (165), сәбіз – 70 (90), нан – 90 (115), ұн – 150 теңгеден (290) саудалануда. Дүкен алдында кездесіп, танысқан ықшамаудан тұрғыны сатушылардың жұмысына де, тауарларының сапасына да көңілі толатынын айтып, ағынан жарылды. – Шынымды айтсам, жиі келемін деп айта алмаймын. Айлық түскен кезде барлық ішіп-жемімізді базардан барынша молырақ қылып жеткізіп аламыз. Таусылғанда әлеуметтік дүкеннен аламыз. Үйімізге жақын әрі бағасы сәл де болса арзан. Сондықтан ешқандай шағымымыз жоқ, – дейді өзін Шолпан Айдарова деп таныстырған тұрғын. Ал «Қаратау» ықшамауданы, 2-үйдің жанындағы әлеуметтік дүкеннің ішіне кірудің өзі мұң болды. 15 минут сыртта тосып тұруға тура келді. Себебі келімді-кетімді адам көп. Ал дүкен іші құрқылтайдың ұясындай тым тар екен. Сондықтан сатып алушылардың азайғанын күтуден басқа амалымыз болмады. Айман есімді сатушы да дүкеннің тарлық ететінін жасырмады. – Жолдың қарама-қарсы бетінде орналасқан «Arai Plaza» бизнес орталығының артында әлеуметтік дүкеннің құрылысы басталған болатын. Өткен жылдың наурыз айында пайдалануға беріледі деген. Бірақ құрылысы әлі күнге дейін аяқталмады. Қазіргі жұмыс істеп жатқан дүкенімнің тар екенін өзіңіз де көріп тұрсыз. Тұрғындар да жиі шағымданады. Соған қарамастан таңнан кешке дейін адам аяғы үзілмейді. «Ақбұлақ», «Қаратау», «Салтанат», «Қарасу» ықшамаудандарының және «Химпоселок» алқабының тұрғындары, орта есеппен күнделікті 50-100 адам келеді, – дейді сатушы. Сол секілді «Қайқармет» базарының маңындағы әлеуметтік дүкенге келушілердің көптігі соншалық, екі сатушы қызмет көрсетіп үлгере алмай жатыр. Сондықтан сатушылармен де тілдесу мүмкін болмады. Үлкен аумақты алып жатқан дүкеннің іші мұнтаздай таза. Сөрелері азық-түліктің түр-түріне толып тұр. Бірнеше тұрғынмен тілдесіп көргенімізде де «алғыстан басқа айтарымыз жоқ» деп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Егер шынымен әлеуметтік дүкендердің барлығы «Қайқармет» базары, «Арай-2» ықшамауданындағы, Абай даңғылы, №5 мекенжайында орналасқан әлеуметтік дүкендер секілді заманауи үлгіде болса, жұмысы дәл солай дұрыс үйлестірілсе, ешқандай түсініспеушілік туындамас еді. Өкінішке қарай олай емес. Қаланың орталығындағы дүкендердің сәні мен салтанаты келісіп, алыстан менмұндалап тұрса, шеткері аумақтағы дүкендерде жағдай мүлдем басқашалау. «Арай-2» ықшамауданы №5 үйдің жанында орналасқан және «Қаратау» ықшамауданындағы әлеуметтік дүкендерге барып, салыстырып көрсеңіз, сөзіміздің растығына көз жеткізесіз. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының өңірлік тұрақтандыру қорын басқару секторының жетекшісі Арман Түймебаевтың айтуынша, қазіргі таңда Тараз қаласында ескі үлгідегі 4 әлеуметтік дүкен бар екен. Биыл облыс орталығында – 3, Қаратау қаласында 1 заманауи үлгідегі әлеуметтік дүкен ашу жоспарлануда. – Былтыр өңірлік тұрақтандыру қорына барлығы 7 000 тонна ұн, 5 200 тонна қант, 220 мың литр өсімдік майы, 1,5 миллион дана жұмыртқа, 68 тонна қарақұмық, 1 600 тонна көкөніс сатып алынды. Осы ақпан айында 4 000 тонна ұн және 300 тонна сүт сатып алу жоспарлануда. 4 000 тонна ұн облыс орталығындағы наубайханалардың қажеттіліктерін сәуір айын қосқанда толығымен қамтуға жеткілікті. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорының резервтерінде шамамен 1 000 тонна ұн қалады. Сонымен қатар бүгінгі таңда 1 500 тонна картоп, 1 000 тонна пияз, 300 тонна сәбізді форвардтық сатып алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазір тұрақтандыру қорының қоймаларында 65 тонна күріш, 4 200 тонна қант, 161,7 мың литр өсімдік майы, 262,5 тонна ұн, 3,2 тонна тұз, 495 мың бөлке нан, 1,5 миллион дана жұмыртқа, 65 тонна қарақұмық, 1 000 тонна картоп, 180 тоннадан пияз, сәбіз және қырыққабат бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тектіктерінің бірі саналатын «айналым схемасы» арқылы «Империя» ЖК 100 миллион теңгеге (қант), «Байлық-2014» ЖК 418 миллион теңгеге (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 8 түрі бойынша), «Шарипов» шаруа қожалығы 91,5 миллион теңгеге, «Байлық» шаруа қожалығы 99 миллион теңгеге (көкөністер бойынша), «Береке Трейд» ЖК 50 миллион теңгеге (күріш, қарақұмық бойынша) несиелендірілген. Алдағы уақытта «Береке трейд» ЖК, «Магнум», «Дәмді себет» сауда желілеріне ерте пісетін көкөністерді жеткізу үшін қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде. «Ақбұлақ» ықшамауданындағы құрылысы аяқталмаған әлеуметтік дүкенге байланысты айтар болсам, қашан пайдалануға берілетіні әзірге белгісіз. Құрылысын жеке кәсіпкер жүргізуде. Жалпы әлеуметтік дүкендерге қатысты барлық мәселе біздің басты назарымызда. Сын-ескертпелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді Арман Түймебаев. Әрине жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Мәселе сол жұмыстың қалай атқарылып жатқанында. Әйтпесе қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда құрғақ уәде, бос сөз бізге көмектесе алмайды. Жуырда «Magnum» сауда орталығының кассасында кезегімізді күтіп тұрғанда алдымыздағы орта жастағы әйел кісі «Kaspi Red»-пен сауда жасап жатты. Сондағы алғаны – екі бөлке нан, екі-үш келі құмшекер, екі банан, бес литр күнбағыс майы және шұжық. Қымбатшылық қалтаны қағып, тапқан-таянғаны несие төлеуден, қарыз-құрыздан артылмай жатса, күнделікті ішіп-жемін «Kaspi Red» арқылы алмағанда қайтсін енді?! Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман? Бағаны реттеуге жауапты мекеме өкілдері өтірік айта ма? Әлде халық азық-түлікті қызық көріп «Kaspi Red» арқылы сатып алып жүр ме?
Талғат НҰРХАНОВ