Әлеумет

Медициналық мекемелер мемлекеттік тілге неге салғырт қарайды?

Медициналық мекемелер мемлекеттік тілге неге салғырт қарайды?

Газетімізде осыған дейін де еліміздің ҚР «Тіл туралы» Заңының талаптарын бұзған қоғамдық орындардағы көрнекі ақпараттарды көрсетіп, айтқан едік. Бұл жолы дәл сондай заңбұзушылықты медициналық емдеу мекемелерінен көргенімізді бөліспекпіз.

Осыған дейін де жазып келгеніміздей, ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» делінген. Алайда Тараз қаласындағы бірқатар медициналық мекемелерде келушілердің назарына ұсынылып, дәліздерінде ілінген жазбалардан көбіне-көп орыс тіліндегі ақпараттарды көрдік. Ал енді кейбірінде қазақшаға қате аударылып, көпшіліктің назарына ұсынғандары да бар. Облыстық балалар тіс емханасында келген азаматтарға нағыз керек ақпараттар «Сіздер үшін ата-аналар» деп қазақша басталып, қажетті мәліметтің бәрі тек орыс тілінде жазылған. Тағы да осы емханада тіс жегінің алдын алу қадамдарын тәптіштеп тұрып түсіндіретін пайдалы ақпараттарды орыс тілінде берген. Тек тақырыбында ғана орысшадан соң мемлекеттік тілде көрсеткен, оның өзінде «кариес» сөзін «тіс жіті» деп аударыпты. Жіті сөзі қазақ тілінде қырағы, кергіш, байқағыш мағынасында, көбіне тек «көз» сөзімен тіркесе қолданылады. Бұл сөз негізі түркі тіліндегі «иіті» сөзінен еніп, өткірлік мағынасында пайдаланылып келген. Әйткенмен, қазіргі қазақ тілінде көп қолданыла бермейтін сөздің бірі. Ал егер аталмыш емхананың аудармасына сүйенсек, «кариес» ұғымын тіс өткірлігі деп түсінуіміз керек секілді. Бұл кемшіліктерді емхана басшылығына ескерткенімізде, естіген жауабымыз – өздері орыс тілін көп қолданатындықтан ақпараттарды да орысша берген болып шықты. Алайда аурудың алдын алу қадамдары дәрігерлер үшін қажет пе? Олай болса, ақпараттың әуел басына неліктен «Сіздер үшін ата-аналар» деп жазған? Тағы бір осындай ақпараттық жазбада «Бірыңғай» сөзін «Біріңғай» деп қате берген. Бұл 2-3 адамның ғана көзіне түсетін жазба болса, бұлай қатесін көрсетпес едік. Алайда аталған қате жазбалар облыстық деңгейінде халыққа медициналық қызмет көрсететін емхананың барша келушілерінің назарына арнап қабырғаға ілінген тақтасында тұр. Еліміздің «Тіл туралы» Заңының талабын бұзған жазбаны Тараз қалалық №2 емдеу мекемесінен де кездестірдік. Ол жерде де келуші көпшіліктің назарына ұсынылған өз міндеттерін көрсеткен ақпарат «Наша миссия» деп тек орыс тілінде беріліпті. Кемшілікті өзге де мемлекеттік тілде ойын жеткізуде қиналатындар үшін сабақ болсын деген мақсатпен газет бетінде көрсетіп, суретке түсіруге барғанымызда мекеме басшылығы тарапынан қиындықтарға тап болдық. Суретке түсіруге барған фототілшімізді көрген мекеме қызметкерлері бірден «Суретке түсіруге болмайды» деп қарсылық көрсетті. Бірден басшылығына хабар берді. Ол жақтан келген өкілге заң талабын бұзып отырғандарын айтып, сөзіміз дәлелді болу үшін газетке жариялау мақсатында қажетті тақтаны ғана суретке түсіруіміз керегін айттық. Бәрібір суретке түсіруге рұқсат бермеді. Бұл фотоға, бейнетүсірілімге рұқсат етілмейтін жабық мекеме болғаны ма сонда? Жалпы жұртшылыққа қызмет ететін мемлекеттік орынға журналист кіріп, қажетті ақпаратын ала алмағаны «Бұл жердің иесі мен ғана» деген менмендікті, бұқаралық ақпарат құралдарын менсінбеушілігін байқатты. Сөз арасында аурухана басшылығы «Бізге тек облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі арқылы ғана шығыңыздар» деген болатын. Басқарманың баспасөз қызметіне ескертіп, мамандарының айтуымен ертесіне тағы бардық. Тағы да есігінен кіргізбеді, басшысының хатшысына телефон арқылы хабарласқанымызда «Бас дәрігер еңбек демалысында, ертең келіңіздер» деп тұтқаны қоя салды. Ал орынбасары ұялы телефонына сан рет қоңырау шалсақ та жауап қатпады. ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның «Журналистің ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға құқығы бар» деген 20-бабын алға тартып, қажетті дерегімізді алуға 2 күн бардық. Біздің мұндағы мақсатымыз мекемені айыптап, тұқырту емес. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, қателікті көрсету, қайталанбау үшін жалпы қоғамның назарына ұсыну. Ең бастысы – мемлекеттік тілге деген құрметті арттыра отырып, Ана тіліміздің айбынын асқақтату. Осындай кемшіліктерді көп болып түзетпесек, тіліміздің шұбарлануы, құрылысының, көркемдігінің бұзылуы жасөспірім ұрпақтың санасында сол қалпында қалыптасып қалуы да әбден мүмкін ғой. Ұлтының болашағына алаңдаған кешегі ойшылдардан қалған «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дегенін естен шығармасақ екен. Құндылығымызды жоғалтатын емес, байытатын, дамытатын әрекеттеріміз көп болсын!

Қамар ҚАРАСАЕВА