Әлеумет

Әділбектің әлемі

Әділбектің әлемі

Қоғамдағы мамандық атаулының жеңілі жоқ. Қай саланың да қыры мен сыры, қатпарлары бар. Сол қатпарларды тегіс білетін, өмірлік мектептен өткен алдыңғы толқын ағалар – нағыз ұстаз. Ондай тәжірибесі мол кісілердің үлгісі мен тәрбиесі жас мамандарға ауадай қажет. Осындай шеберлігі шыңдалған білікті маманның бірі – Әділбек Баққараев.

Әділбек Жүнісұлын жиырма жылдан астам уақыттан бері білемін. Мен таныған кезде қандай ақкөңіл, елгезек, көпшіл болса, әлі де сол қасиетінен айнымай келеді. Кейіпкерімізден облыс журналистикасының алдыңғы толқындары туралы сұрасаңыз, майын тамызып, тамылжытып айтып береді. Есімі көпшіліке белгілі журналистиканың қаранарлары туралы әңгімелерін ести бергің келеді. 2015 жылдан бастап біраз жыл облыстық «Aq jоl» газетінде бірге қызмет еттік. Әділбек аға – жауапты хатшы, мен – руханият және спорт бөлімінің тілшісі. Шақырып алады да: «Жазсаңшы, жаз», дейді. «Анау ауылға бар. Зержан деген апаң 101 жасқа келіпті. Соны жазып қайт. Бергі жағындағы Ақкөлге таза ауызсу кіргелі жатыр. Үшаралға қарай жаңа жол салынып жатыр. Соларды жаз» дейді. Бұйырғанын жазып жүрдік қой. Мен сонда Таразда жүріп, айдаладағы ауылда тұратын Зержан апаның 101 жасқа келгенін қайдан біледі деп ойлаймын. Зержан әже біздің ауылда тұрды. Майдангердің жесірі. Жас күні ауыр бейнетпен өткен. Содан ширап, денсаулығы жақсы болған шығар, 105 жасады. Тағы бір кісілігін айтайын. 2017 жылы ма екен, әкесі ауырды. Менің көлігіммен Әдекең екеуміз бардық. Жүніс қария Тараздағы тағы бір баласының қолына келіпті. 82 жасқа келген сөзшең кісі. Қария сол күні жақсы сөйлеп отырды. Бірақұзамай әлсірей берді. Сол кезде Әділбек ағай қайта-қайта дәрігерге апарып, әкесінің асты-үстіне түсті. Жазылып кетсе екен деп тілеумен болды. Сонда 82-ге келе ме, 100-ге келе ме, әкенің орны бөлек екен-ау деп ойладым. Ұзамай әкесі Жүніс қария бақилық болды. Сол кездегі Әдекеңнің әкесіне деген құрметі, жанашырлығы, қамқорлығы әлі көз алдымда. Ондай жанашырлық жүрегі жылы адамнан шықса керек. Ал енді Әділбек Баққараев журналистикаға қалай келді? Осы мәселеге тоқталайық. Ол туралы өзі: «Айхой, дәурен серуен, өмір бір көшкен керуен» демекші, зымыраған уақытқа таңданғаннан басқа еш шараңыз жоқ. Әйтпесе облыстың аға газетінде еңбек жолымды бастағаным кеше ғана секілді еді. 35 жылға жуық мерзім өте шыққан екен. Мен әуелі мектеп оқушысы кезімнен аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетіне қысқа хабарлар, ауыл өмірінен шағын суреттемелер жаза бастадым. Малшының баласы болдық. Сол жетістікке де ата-анамыз қуанып, ауыл-аймақ елеңдеп отыратын. Сол жағдайларды байқаған сайын «Журналист болсам» деген мақсат көңілімде асқақтай түсетін. 1982 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Сол уақытта аудандық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы Әбдірахман Әбдірәсілов қолдап, сәт-сапар тілеп, жақсы мінездеме жазып берді. Сол екпінмен барып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түстім. Екінші курста жүргенде әскерге шақырылып, азаматтық борышымды өтеуге кеттім. Әскерден келген соң университеттегі оқуымды бір жыл жалғап, отбасылық, басқа да себептермен сол оқудан шығып қалдым. ҚазМУ-дың дипломы маған бұйырған жоқ. 1986 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына келіп, басқа салада жұмыс істеп жүрдім. Бірақ, бар ниетім – редакцияда, «Еңбек туында». Шағын мақала, суреттемелерді оқта-текте жазып қоямын. Арада бір жылдай уақыт өткенде «Aq jol» газеті бас редакторының сол кездегі бірінші орынбасары Әлдихан Қалдыбаев мені өзіне шақырды. Газетке жазып жүргендерімді байқап жүргенін айтып, театр тақырыбынан бір тапсырма берді. Ол кезде жұрт театрға жиі баратын. Содан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген актрисасы Гүлбаршын Өскенбаева жайлы «Өрде» деген материал жазып апардым. Қалдыбаев оқып шығып: «Сен өзі қайда жүрген баласың? Мынауың нағыз очерк», деді риза болып. Келесі нөмірлердің біріне менің материалым «жарқ» ете қалды. Көп ұзамай Әлдекеңнің қолдауымен бірнеше жылғы арманым орындалып, редакцияға жұмысқа тұрдым. Мұндағы алғашқы жұмысым «курьер» деп аталды. Содан не керек, 1992 жылдың басында бас редактор Арғынбай Бекбосынның бұйрығымен қоғамдық-саяси бөлімге тілші болып қабылдандым. Алғашқы бөлім меңгерушім Қыстаубай Байтуов болды. Демалуды білмейтін, жапырып жазатын, жапырып жұмыс істейтін адам еді. Байтуовтан да үйренгенім аз емес», деп толғанады. Әділбек Жүнісұлы облыстың бас газетінде 1987 жылдан 2018 жылға дейін еңбек етті. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архивте архивші болып жұмыс істейді. Шаң басқан архивтерді ақтарып жүріп 2-3 тарихи кітаптар жазды. Ол бүгінгі таңда алты белестен асып, асқаралы 60 жасқа толып отыр. Асқарлы жасқа жеткенде Әдекеңнің кейінгі буынға айтары көп. Қашанда ісі абыройлы, жазары көп болсын демекпіз.

Есет ДОСАЛЫ, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі