«Даму» қоры кәсіпкерлерді қолдауға дайын
«Даму» қоры кәсіпкерлерді қолдауға дайын
Құрылғанына биыл 25 жыл толған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры – еліміздегі микро, шағын және орта бизнесті қолдайтын қаржы институты. Осы 25 жыл ішінде аталмыш қордың аймақтық филиалы облысымызда жалпы сомасы 88,5 миллиард теңге болатын 14,2 мыңнан астам жобаны қолдапты. Кәсіпкерлерді қолдаудың негізі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаумен, несиеге кепілдік берумен, банктер мен микроқаржы ұйымдары және лизингтік компаниялар арқылы жеңіл несие берумен, жобаларды сүйемелдеуге көмек көрсетумен жүргізіледі. Сонымен қатар екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржылық ұйымдарда қаражатты шартты түрде орналастыру жолымен жеңілдікті қаржыландырады. – Қазіргі таңда кәсіпкерлер, әсіресе ауылдық жердегі азаматтар банктен несие алуда кепілге зат қоюдан қиналады. Мұндайда «Даму» қоры кәсіпкердің бизнес жобасының жұмыс істейтініне көз жеткізіп, банктерге кәсіпкер үшін 85 пайыз кепіл бола алады. Яғни инвестициялық мақсатқа 20 миллион теңгеге дейін, ал айналым қаражаттарына 5 миллион теңгеге дейін кепілдік береміз. Бұған қоса субсидиялаймыз. Осы жерде бір нәрсені нақты түсіндіріп айта кету керек, «Даму» қоры несие бермейді. Қаржылай қолдауды екінші деңгейлі банктер арқылы жібереміз. Яғни кәсіпкер жобасын алып, банкке барады. Егер банк мақұлдаса, құжаттарын бізге жібереді. Кәсіпкер банктен белгілі сыйақымен несие алғанда, сол сыйақының бір бөлігін «Даму» қоры төлейді. Мысалы, банк 19 пайызбен несие берсе, егер несие алушы қалалық болса сыйақының 6 пайызын, ал ауылдық болса 5 пайызын ғана төлейді. Ал қалған 13-14 пайызын қор өтейді, анығында субсидиялайды. Жаңа бизнес жобаны жүзеге асырушы егер қалалық болса белгіленген бағыттағы тізім бойынша қолдау табады, ал ауылдық аймақтағыларға салалық шектеу жоқ, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыс бойынша аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исаков. Филиал директоры Бақытжан Оразқұлұлының айтуынша, қор елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба», «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие беру тетігі «Береке» аймақтық қаржыландыру бағдарламасымен жұмыс жүргізеді. Биыл жыл басынан бері кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы шеңберінде бизнесті несиелеуді қолдау негізінде облыстың кәсіпкерлік субъектілеріне жалпы сомасы 12 миллиард теңгеге 674 жоба бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен. Оның ішінде «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларға несие беру тетігімен 9,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба қолдау тапқан. Ұлттық жоба аясында шағын және орта бизнестің 824 жобасы «Даму» қорының 5,6 миллиард теңге көлеміндегі кепілдігін алған. «Береке» өңірлік қаржыландыру бағдарламасымен жалпы сомасы 376,9 миллион теңгеге 41 несие беріліпті.
Қ.РАХМЕТУЛЛИНА