«ШАМШЫРАҒЫМ», МАЗДАЙ БЕР!
«ШАМШЫРАҒЫМ», МАЗДАЙ БЕР!
1934 жылы Қордай, Красногор аудандарының бөлінуіне байланысты «Бригада» газетінің тарихы тек қазақ тілінде жарық көретін «Екпінді» газетіне жалғасты. (Ал Красногор ауданында Красногор МТС-і жанынан «Красногоршы» газеті жарық көре бастады). «Екпіндінің» алғашқы редакторы Оспанқұл Тоқтағұлов болыпты. Бұрынғы Георгиевканың Красный Октябрь көшесінде кішігірім баспахана үйі ашылып, газет осында басыла бастаған. 1953 жылдың бірінші шілдесінде «Екпіндінің» орыс тіліндегі нұсқасы – «Ударник» шығарыла бастайды. Көп ұзамай газет «Октябрь туы» – «Знамя Октября» деген атпен аптасына үш мәрте, төрт беттен жарық көреді. Ал 1963 жылдың 1 мамырынан бастап газет «Қордай шамшырағы» – «Курдайский маяк» атауын иеленеді. Газетті жалпы кеңестік кезеңде редакторлар О.Тоқтағұлов, Ө.Алтынбаев, Е.Нысанов, Б.Омарходжаев, А.Жұматаев, С.Баймұханов, Б.Сақауов, С.Керімбаев, С.Тілеуқұлов, А.Андреев, В.Бондарева басқарды. Осылардың ішінде ең ұзақ – жиырма жылдан аса (1963-1985) газеттің редакторы А.Андреев болды. Сондай-ақ қазақ бөлімінде Ж.Көпбаев, М.Боқаев, Ж.Сатаев, Қ.Дәуітов, А.Қуандықов, Г.Кемпірова, орыс бөлімінде Негрышев, Хорошевский, Прохоровский, тағы да басқа журналистер еңбек еткен. Газет тігінділерінен сол кездің фототілшілері Сабыр Зәкірұлы Тарханов пен Рашида Рахимовалар түсірген суреттерден 50-60-жылдардағы қордайлықтардың бет-бейнесін көріп, өмір тынысын сезінуге болады. Мен газетке 1976 жылы наурыз айында келдім. Газет аптасына үш рет шығып, мақалалар міндетті түрде екі тілде жарияланатын. Аудармашы шақ келмей жататын. Мені үш айлық сынақ мерзімімен орыс тіліндегі мәтінді қазақшаға аударуға қойды. Ал қазақша жазылған мәтіндерді орысшаға Тәңірберген Майжанов аударады екен. Шыны керек, басында қатты қиналдым. Біздің Қордай өңірінің тумасы, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, академик Нығымет Сауранбаевтың басшылығымен жарық көрген қалыңдығы кереқарыс «Орысша-қазақша сөздікті» жата-жастана жүріп үйренуге тура келді. Газеттің редакторы соғыс ардагері Анатолий Иванович Андреев болатын. Ал қазақ бөлімінде редактордың орынбасары Жапар Көпбаев, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Мақан Боқаев деген майдангерлер, жауапты хатшы Несіпбек Дәутайұлы, хат бөлімінің меңгерушісі Сағыныш Медетбекова, тілші Қырықбай Мақаметжанов жұмыс істейтін. Менің аударма ісін меңгеріп шығуыма осы кісілердің барлығының үлкен көмегі тиді. Сақа журналистердің іссапардан келе сала бірден машинкашының қасында блокнотын парақтап отырып мақаланы ауызша айтып жаздыратынына, орысша мәтіндерді де қазақ тіліне солай аударатынына қатты қызықтым. Мұны «диктовка» дейді екен, біртіндеп бұл тәсілді де меңгеріп алдым. Ал орыс бөлімінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Владимир Бочков, бөлім меңгерушісі Валентина Бондарева, тілшілер Эдуард Прохоровский, Петр Немцев жұмыс істейтін. Кейіннен Бондарева аупарткомға нұсқаушы болып ауысып, Прохоровский мен Немцев басқа жаққа кетіп, олардың орнына В.Загуменный, Александр Жаров, сондай-ақ Светлана Кожина, Валентина Кернер (Гитт) деген талантты қыздар келді. Облыстық «Знамя труда» газетінің меншікті тілшісі болып істейтін Александр Изюмов та біраз уақыт бізде қызмет етті. Жазу өнерін меңгеруге деген ішкі жан қалауы мен аға журналистердің көмек қолдауы арқасында келесі жылы ҚазМУ-дың журналистика бөліміне оқуға түстім, партия мүшелігіне өттім. 1979 жылы КСРО Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым. Аудармашыдан кейін тілші, бөлім меңгерушісі болдым. Қазақ бөліміне Зернебек Шілдебаев, Қайрат Исаев, Ғалым Қасабаев, Қыдырбек Мұсабеков, Ибрагим Исаев, Шалабай Мәжінов келіп біраз жылдар қатар еңбек еттік. Аудан орталығындағы Төле би (ол кезде Коммунистический) көшесі бойындағы орталық моншаның жанында редакция мен қасында баспахана болатын. Баспахананы ұзақ жылдар Нұрғазы Үкібасов басқарды. Ол кезде газет линотип машинасында ерітілген қорғасын әріптермен терілетін. Одан газеттің беттері жасалатын. Әр беттің салмағы жиырма келідей болатын. Қазіргідей кез келген мақала мен суретті үлкейтіп немесе кішірейте қоятын компьютерлік техникалар ол кезде атымен жоқ, қорғасын бетті бір жасаған соң өзгерте алмайсың. Фотосуретті Бішкектегі арнайы цехта клишеге түсіртіп келетін. Оған ең жедел дегенде екі-үш күн уақыт кететін. Мен бұл мақаламда отыз жылдан аса аудандық газетте қатар жүріп қызмет атқарған, газет шығару ісіне азды-көпті үлес қосқандардың біразын атауға тырыстым. Әрине, редакция ұжымы ұдайы өзгеріп тұрды. Қарттар зейнетке шығады, орнына жастар келеді. Қызметінің өсуіне байланысты жоғарылайды дегендей. Бір жыл бұрын дүниеден өткен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Несіпбек Дәутайұлы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының екінші жартысында осы газеттің жауапты хатшысы қызметін атқара жүргенде республикалық жүлделер иеленген алғашқы очерктері мен тырнақалды әдеби шығармаларын сол ескі редакцияда отырып жазғанына куә болғанбыз. Некең 1980 жылы облыстық «Ақ жол» (ол кезде «Еңбек туы») газетінің Қордай және Красногор аудандары бойынша меншікті тілшісі болып ауысты. Орнына мен жауапты хатшы болдым. 1986 жылы Ж.Көпбаев ағамыз зейнетке шығып, мен редактордың орынбасары болып тағайындалдым. Таралым жөнінен облыстағы аудандық газеттердің бәрінің алдында тұрдық. Жалпы таралымы кей жылдары он екі мыңға жуықтайтын. Ол кезде газетті полиграфиялық безендіру деген облыстық байқау өткізіліп тұратын. Бұл негізінен жауапты хатшылардың шеберлік жарысы еді. Ұдайы осы байқаудың алғашқы үш орнының бірін иеленетін едік. Жыл өткен сайын өмір өзгеріп жатты. Газетті дөңес баспа тәсілімен шығаратын ескі баспа машиналары мен линотиптердің күні бітуге таяу еді. Жетпісінші жылдары линотиптің өзі үлкен жетістік саналған болса, ал одан жиырма-отыз жыл бұрын газеттегі бүкіл әріпті бір-бірлеп қолмен теретін «тас дәуірі» кезеңінен өткенін аға газетшілер бізге аңыздай етіп әңгімелейтін. Газет басылып болған соң әлгі беттегі әріптерді бір-бірлеп қайтадан өз ұяшықтарына теріп жинаумен әріп терушілер мен баспашылар қолдары май-май болып түні бойы баспаханада таң атырады екен. Енді міне, өркениетті дүниеде компьютерлік дәуір есік қағып, оның таңғажайыптары құлағымызға еміс-еміс жете бастаған кез келді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиындықтар аудандық газетке де оңай соқпады. Басылымды аудан бюджетінен қаржыландыру қиындап кетті. Бірнеше айлап жалақы, зейнетақы алмаған кездер болды. Ақша орнына бартерлік айырбас жүрді. Нарық талаптары алға шықты. Кеңшар, ұжымшарлар тарап, жекешелендіру басталды. Кеңес үкіметінің соңғы жылдарында «Қордай шамшырағында» бір жылдай қызмет етіп, кейін аупарткомға ауысқан Мұрат Садықов деген азамат кәсіпкерлікке ден қойып, 1992 жылы «Көзқарас» – «Взгляд» деген ақпараттық-коммерциялық апталық шығара бастады. Аудан басшысымен келісіп, 1994 жылы біздің «Қордай шамшырағы» мен өзінің «Көзқарасын» қатар жауып, орнына «Қордай жаңалықтары» – «Новости Кордая» деген жаңа газет шығарды. Ол газет сол жылдары аудан орталығында жаңадан салынып біткен офсеттік баспаханада басылды. Сөйтіп, екі құрылтайшының қолдауымен 2000 жылға дейін шығарылған осы газетте Аязби Бейсенқұлов, Владимир Бочков, Людмила Досымбекова, Таңатар Сандыбаев, Қырықбай Мақаметжанов, Мэлс Асанқұлов, Гүлсара Халықовалар қатар жұмыс істедік. Айта кету керек, 1996-98 жылдар аралығында аудан әкімшілігінің қолдауымен «Қордай жаршысы» – «Вестник Кордая» (редакторы Көкен Оршабеков) деген газет те жарық көрген болатын. Жаңа ғасыр қарсаңында екі құрылтайшының арасында кикілжіңдер туындады. «Қордай жаңалықтарында» кәсіпкердің қолайына жақпаған басшыларды тырнақ астынан кір іздеп қаралайтын тапсырысты мақалалар жазу белең алды. Газет біртіндеп М.Ғ басқаратын «Сұлтантегі импэкс» ЖШС-ның қолшоқпарына айналды, аудан әкімдігінің ресми материалдарын мүлде баспайтын, ал басқан күнде қыруар қаржы талап ететін болып алды. Мен бұл кезде аудан әкімшілігінде жаңадан ашылып жатқан тіл басқармасына ауысып жатқан едім. Газет «бағынбай» кеткен аудан басшылығы бұрынғы өз газетін қайта ашуды ұйғарды. Бірақ редакция ғимараты жоқ, компьютерлік техникалар жоқ, барлығын нөлден бастауға тура келді. Ақыры 2001 жылдың 1 мамырында «Қордай шамшырағының» алғашқы нөмірі жарық көрді. Оның редакторы Н.Дәутайұлы ағамыз, қасында орынбасары болып мен, әкімдікте жұмыс істеп жүрген Қыдырбек Мұсабеков және әр саладан Анжела Изаева, Татьяна Ильченко, Гүлсім Турабаева тәрізді жазуға қабілетті жастар шақырылды. Бір жылдан соң Н.Дәутайұлы «Жамбыл» әдеби журналын шығаратын болып Таразға қоныс аударып, газетке 2002 жылғы мамырда Гүлсара Халықова, одан екі ай өтпей – 4 шілдеде Қыдырбек Мұсабеков редактор болып тағайындалды. Қыдырбек екі тілде бірдей өндірте жазатын қаламы жүйрік журналист еді. Өкінішке қарай, 2003 жылы 13 қыркүйекте ол автокөлік апатынан қаза тауып, газетке редактордың орынбасары ретінде мен қол қойып жүрдім. 2004 жылғы 6 мамырда редакторлыққа бекітілдім. Бірер жыл орын таппай, бірде «Халық банк» ғимаратының қараусыз, жылусыз қалған екінші қабатында, енді бірде қазынашылық мекемесіне көшіп-қонып жүрген едік. Сол жылы күзде редакцияның қазіргі ғимаратына ие болдық. Біртіндеп материалдық жағдайымыз да орныға түсті, компьютерлік техникалар, автокөлік берілді. Редакцияға Людмила Познякова, Гүлжан Бұтабаева, Лена Богопольская, Надежда Круть, Лариса Исаенко, Әскен Бәтішев, Виктор Меркульев, Қайрат Алмасбеков, бухгалтер Орынкүл Қыпшақбаева, Венера Нұрқасымова, Мақпал Нұрғалиева, Айгерім Көнербаева, Гүлзат Рзалиева тәрізді жаңа адамдар келді. Бұл арада М.Садықовтың «Қордай жаңалықтары» газеті біржолата жабылып, онда жұмыс істегендердің де біразы біртіндеп бізге келіп жатқан болатын. 2007 жылдың қазан айында «Қордай шамшырағының» редакторы болып Л.Досымбекова тағайындалды, мен облыстық «Ақ жол» газетінің Қордай ауданындағы меншікті тілшісі қызметіне ауыстым. 2011 жылдың қаңтар айында «Ақ жолдың» ішкі құрамына шақырылып, бас редактордың орынбасары, 2013 жылдың тамыз айынан бас редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалдым. 2016 жылы зейнетке шығуыма байланысты газеттің меншікті тілшісі болып, Қордайға қайтып оралдым. Міне, менің 1976-2007 жылдар аралығындағы аудандық газеттегі отыз бір, одан кейінгі облыстық газеттегі он жылдық қызмет жолдарым осылай өрбіді. Тағы бір арнайы сөз етерлік жайт – бүгінде бір аудан болып ұйысып отырған Қордайдан кезінде екі мәрте бөлініп, қайта таратылған Красногор ауданының газеті туралы да айта кетейін. Алғаш 1934 жылы құрылғанда аудан орталығы Красногор ауылында екі беттік «Красногоршы» газеті 1957 жылға дейін шығып тұрды. Біздің қолымызда осы газеттің 1952 жылғы редакторы Қ.Нұрбетовтың, 1956-57 жылдардағы Р.Ізмағанбетов, С.Рамазанов, М.Боқаевтың қол қоюымен жарық көрген кейбір нөмірлері сақтаулы. Екінші мәрте Красногор ауданы 1974 жылы құрылғанда газет «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму» деген атпен шығарылды. Басылымға кезегімен Орынбай Тасыбеков, Есенгелді Төреқұлов, Толымбек Әлімбеков, Сағатолла Қалымбетов редакторлық етсе, Жұмабай Шаштайұлы, Қадырәлі Қойтаев, Ділдар Мамырбаева, Серік Пірназаров, Дүкенбай Сегізбаев, Әскен Бәтішев, Еділ Әлиев, Өмірәлі Смайылов, Болат Оңғарбаев, орыс бөлімінде Көкен Оршабеков, Тәңірберген Майжанов, Александр Жаров, тағы да басқа азаматтар қызмет еткен. Аудан 1988 жылы жабылып, Қордайға қайта қосылғанда «Коммунизм жолы» да тарих қойнауына кетті. Ал «Қордай шамшырағының» тоқсан жылдық тарихында газет шығару үрдісі бүтіндей жаңарды деуге болады. Бұрынғы әр әріпті бір-бірлеп қолмен теретін, одан кейінгі біз үшін жаңалық саналған линотиптік дәуір де келмеске кетті. Газет компьютермен беттеліп, жергілікті офсеттік баспаханада басылады. Бізден кейін газетке Жандос Омаров, Михайл Левантовский, Айгүл Әнуарбекова деген азаматтар басшылық етті. Шолпан Сабанова басқаратын бүгінгі құрамда да білікті журналистер Жандос Омаров, Серғазы Манасбаев, Анжела Изаева, Ләйлім Досымбекова, Сәуле Мұхадинқызы, Әлібек Оспанов, Айбек Накен, Еркін Катбеков, Қанат Битиковтің әрқайсысының өз қолтаңбалық ерекшеліктері бар. Менімен бірге қызмет атқарғандардан бүгінде редакцияда дизайнерлер Ғалия Құсманғалиева, Роза Сатыбалдиева, Анна Нарожная жұмысын жалғастыруда. Анжела Изаева аудандық музейдің басшысы, Айжан Әуелбекова республикалық «Время» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, Надежда Круть аудандық мәслихаттың, Людмила Познякова заңгерлік мекеменің, Лена Богопольская жекеменшік фирманың, Айгерім Көнербаева жер қатынастары бөлімінің қызметкері болып жүр. Сөз соңында айтарым, заман талабына сай еліміздегі аудандық газеттердің барлығы жекеменшік қолдарға өтіп жатқан үрдістен «Қордай шамшырағы» да сырт қалмады. 2016 жылдан газеттің 49 пайызына иелік етіп келген «Қордай ақпараттық-баспа компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне былтыр газеттің қалған 51 пайызы да өтті. Әрине, өзінің баспаханасы бар, жиырма жылдан бері «Кәсіпкер жаршысы» деген апталық шығарып келген газет ісінен хабардар азаматтың басқаруына өтуі құптарлық. «Қордай шамшырығы» бүгінгі таңда да өңірдегі аудандық газеттердің арасындағы екі тілде аптасына екі мәрте жарық көретін, таралымы үлкен (жеті жарым мыңдай), бай мазмұнды дәстүрінен айнымай келеді. Тоқсан жыл бойы аудан өмірінің жаршысына айналған «Шамшырақтың» шамы жарқырай берсін!
Құрманбек ӘЛІМЖАН, газет ардагері, Қордай ауданы