Әлеумет

Пошта жәшігін орнатуға кім жауапты?

Пошта жәшігін орнатуға кім жауапты?

– Қазір ауылдағы ағайынның да, қала жұртшылығының да басылым беттеріндегі жаңалықтармен дер кезінде қауышуына мүмкіндік мол. Әсіресе шаһар тұрғындарының көбісі газет-журналдарды көше бойындағы дүңгіршектерден сатып алып оқи береді. Ал тұрғындардың кейбірі қоғамда болып жатқан соңғы жаңалықтармен ұялы телефон арқылы танысып жатады. Десе де қала тұрғындарының ішінде газет-журналға арнайы жазылып, оны үйіне алдырып оқуды жөн көретін оқырмандар да аз емес. Бірақ шынын айту керек, көпқабатты тұрғын үйде тұратындар газет-журналдың аман-есен қолына тиетініне сенбейді. Өйткені газетқұмар оқырмандарға мерзімді басылымдар уақытылы жетіп жүрген жоқ. Газеттің оқырман қолына тимеуіне кейбір тұрғын үй аулаларында темір жәшіктің жоқтығы себеп болып тұр. Расымен де бүгінде көпқабатты үйлердің кіреберісінен пошта жәшігін кездестіру қиын. Содан кейін тұрғын үйде күндіз ешкім болмай немесе басқа да жағдаймен хат-хабар, газет-журналды пошташы пәтер есігіне қыстырып кетсе, оның қолды болуы мүмкін. Қалтасынан қаржы шығарып, біреу газетке жазылса, екінші біреу оны байқатпай қолтығына қыстырып кете барса, осы әділетті ме? Жалпы қалада да күн сайын газет қарамаса ішкен асы бойына сіңбейтін көзіқарақты оқырман баршылық. Осы орайда менің білгім келетіні – көпқабатты тұрғын үй есігі алдында хат-хабар, газет-журналға арналған пошта жәшіктерін тұрғындар өз қалтасынан қаржы шағарып орната ма, әлде бұл белгілі бір мекеме есебінен жүзеге асырыла ма?

Нұрхан ҚУАНЫШБЕКОВ, Тараз қаласының тұрғыны

– Пошта қызметін тұтынушылар газеттерін және хат-хабарларын уақытында алу үшін, сәлемхаттардың су болып қалмауы үшін өздері пошта жәшіктерін орнатса болады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 9 сәуірдегі «Пошта туралы» Заңының 33-бабында жазылған. Заң тармақтарына сәйкес абоненттік пошта жәшіктері пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушылар және пошта операторларының пошташылары үшін қолжетімді жерлерде тұрғын және тұрғын емес ғимараттарда, жеке тұрғын үйлерде орнатылады және солардың меншік иелеріне тиесілі болады, олар уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес абоненттік пошта жәшіктерінің орналастырылуын және олардың тиісті жай-күйде күтіп-ұсталуын қамтамасыз етеді. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелері пошташылардың, курьерлердің абоненттік пошта жәшіктеріне кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті. Абоненттік пошта жәшіктері болмаған немесе ол жарамсыз болған жағдайда, пошта операторы пошта жөнелтілімін өндірістік объектіден беруді жүзеге асырады. Тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың, жеке тұрғын үйлердің меншік иелерінің шешімі бойынша, абоненттік пошта жәшіктерінің орнатылуын, күтіп-ұсталуын және сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер шарт бойынша кондоминиум объектісін басқару органына берілуі мүмкін. Пошта операторлары гибридтік жөнелтілімдерді жеткізу кезінде электрондық абоненттік пошта жәшіктерін пайдалануға құқылы. Электрондық абоненттік пошта жәшіктерін құруды және пайдалануды пошта операторлары өзі дербес жүзеге асырады. Электрондық абоненттік пошта жәшіктері пошта операторымен жасалған абоненттік шарт негізінде пошта операторының көрсетілетін қызметтері пайдаланушыларға беріледі. Ұлттық пошта операторы кез келген пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушы өзі өтініш жасаған кезде өтеусіз негізде жеке электрондық абоненттік пошта жәшігін ашады және оның тиісінше жұмыс істеуін, сондай-ақ пошта операторының көрсетілетін қызметтерін пайдаланушының жеке хат алмасу құпиясының сақталуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ пошта жәшігін үйдің тұрғындары өздері қоюға тиісті екендігі ҚР «Тұрғын-үй қатынастары туралы» Заңында да айтылған. Олар пошта жәшігін өздері алып, оны бірінші қабатқа қоюы керек. Біздің жұмысымыздың ережесі бойынша, пошташы келген хатты немесе басылымды бірінші қабаттағы пошта жәшігіне салуға ғана міндетті.

Гүлмағиза КЕРВЕНЕВА, «Қазпошта» АҚ Жамбыл Орталық филиалының пошта, логистика және өндіріс бөлімінің басшысы