Білім

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ ІШКІ ТӘРТІП ӨЗГЕРДІ

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНДЕ ІШКІ ТӘРТІП ӨЗГЕРДІ

Бала – ата-ананың көз нұры, қуанышы. Сол себепті әр ата-ана баласының дарынды балаларға арналған немесе үш тілді білім беретін оқу ордаларында оқығанын қалайды. Көпшіліктің осындай мектептерде тек бай-бағландардың балалары ғана оқиды деп ойлайтыны да жасырын емес. Мүмкін рас та шығар. Бірақ химия мен биология, физика-математика бағытын тереңдете оқуды қалаған оқушы алдын ала дайындалса, тесттен өтіп, керекті балды жинаса қалаған мектебінде білім ала алады.

Биылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларына ішкі тәртіп өзгерді. Енді мектеп формасы мен спорттық киім және таңғы ас берілмейді. Тек әлеуметтік жағдайы төмен оқушылар ғана бұл игіліктермен қамтылады. Себеп – республикалық бюджеттен бөлінген ақша жыл сайын қысқарып келеді. Тек демеушілердің қолдауымен ғана кейбір игі істер жүзеге асырылып жатқан көрінеді. 2-3 наурыз аралығында 7-сыныпта білім алу үшін «Өркен» білім беру грантын тағайындау емтиханы өтеді. Жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерді игеру қабілетін бақылау тесті – 120 минут. Оның ішінде математикадан 40 тапсырма болады. 400 балл жинау қажет. Сандық сипаттамадан 60 тапсырма, одан 300 балл, жаратылыстанудан 20 тапсырма, 200 балл жинау керексіз. Тілдік тест те 120 минутты құрайды. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілінің әрқайсысынан 200 балдан жинау қажет. Тестілеу нәтижесін сайттан 40 күнтізбелік күн өткен соң көре аласыз. 2023 жылға қазақ бөліміне – 433, орыс бөліміне 101 үміткер құжат тапсырған. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Балжан Мейірбекқызы статистика бойынша 1 400-дей оқушы тіркеледі деп күтіліп отырғанын жеткізді. Жалпы қаламызда Назарбаев зияткерлік мектебіне дайындайтын бірнеше оқыту орталықтары бар. «KZ ELEMENT» оқыту орталығының директоры Ұлбосын Молдабек үш жылдан бері зияткерлік мектепке оқушыларды дайындап келе жатқанын айтады. Айтуынша, барлық бес пән бойынша апта сайын, ай сайын тест арқылы оқушының нәтижесін бақылап отырады екен. Былтыр дайындаған шәкірттерінің 60 пайызы Назарбаев зияткерлік мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне, дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернаты сынды беделді мектептерге түсіпті. Ал «Genius school» оқыту орталығының директоры Гүлжамал Қуанышқызы дарынды мектептерге дайындамастан бұрын балалардың деңгейін анықтап алатындарын тілге тиек етті. – Алдымен вербальді тест арқылы електен өткіземіз. Яғни оқушының деңгейін анықтаймыз. Мамандығым – нейропсихолог. 2009 жылдан бері оқыту орталығында жұмыс істеймін. Биыл бірінші жыл оқушыларды дарынды мектептерге дайындап жатырмыз. Нәтижесін наурыз айында көреміз, – дейді Гүлжамал Қуанышқызы. Аталған орталықтар оқушыларды офлайн дайындайды. Қаламызда дарынды мектептерге онлайн дайындайтын орталықтар да бар екен. Олар оқушыларды республика бойынша қамтиды. – Қашықтан дайындалса да оқушыларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Арнайы кітаптарымызды мекенжайларына жібереміз. Логин, пароль беріледі. Сол бойынша сайтқа кіріп, дайындалады. Бізде бір жақсысы сол, Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері сабақ береді. Одан кейін кураторлар тарапынан қатаң қадағалау бар. Бес пәннен бес куратор және сынып жетекшісі секілді проблемалар жөніндегі куратор болады. Олар оқушыны сабақты жан-жақты түсінген-түсінбегенін назарда ұстайды, – дейді «EduKey» орталығының директоры Ерлан Мұрзабайұлы. Қалай десек те жыл сайын білім алушылар үздік мектептерде оқуға бақ сынап көреді. Білімі жеткені өтіп, дайындығы азы қарапайым мектептерде оқуын жалғастырады. Алыс ауылдағы қарапайым мектептен де талай дарындар түлеп ұшқан ғой. Ең бастысы атақ-абырой емес, шын білімді, алғыр ұрпақ көбейсін!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА