BRIEF`22 – инвестиция тартудың тиімді алаңы
BRIEF`22 – инвестиция тартудың тиімді алаңы
Айта кетейік, форум инвестиция тартудың тиімді алаңы болып табылады әрі бірлескен қызметтің перспективалық бағыттарын анықтау, көрші елдегі әріптестермен байланыс орнату мақсатына негізделген. Форумның пленарлық отырысында сөз алған Нұржан Нұржігітов бұл шара екі өңірдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретінін атап өтіп, Жамбыл облысының инвесторлар үшін тартымдылығы мен жоғары әлеуетіне тоқталды. – Біздің облыс Германия, Түркия, Сингапур, Қытай, Үндістан, Франция, Оңтүстік Корея, Жапонияның ірі трансұлттық компанияларымен ұзақ мерзімді серіктестіктің бірегей тәжірибесіне ие. Ресей бизнесінің қатысуымен үш ірі жоба жүзеге асуда. Олар: «Уралвтормет», «Еврохим», «АЭК АСА» ЖШС, – деді Нұржан Нұржігітов. Аймақ басшысы Жамбыл облысының кәсіпкерлері сертификатталған және сапалы өнім жеткізуге дайын екендігін айтты. Мәселен, облыста 120 мың гектарға жуық аумақтан жыл сайын 1 миллион тонна көкөніс жиналады. Өңірде көкөніс қоймаларын жүйелі қалыптастыру арқылы жылына 200 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдерін экспорттауға болады. Бүгінгі күні БАӘ, Катар, Түркия, Бахрейн Корольдігі, Италия, Украина және Ресей Федерациясына ет экспорты жолға қойылған. Жамбылдық ет комбинаттарының экспорт көлемін арттыруға, яғни, қой етін 4 мың тоннаға, сиыр етін 10 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігі бар. Әлеуетті инвесторларға облыстың ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері салаларында жалпы құны 3,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын 24 жобаны жүзеге асыру ұсынылуда. – Облысымыз табиғи және еңбек ресурстарына бай, әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылған еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Облыс аумағында түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптау, сәндік-техникалық тастарға, құрылыс материалдарының қоры ауқымды. Қысқаша айтқанда, облыстың түрлі саладағы жобаларды дамытуға әлеуеті зор, – деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұржігітов. Форум аясында іскерлік байланыстар орнату, тәжірибе алмасуға негізделген шаралар ұйымдастырылады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі