Қос алыпқа құрмет
Қос алыпқа құрмет
Аймақ басшысы өз сөзінде мәдениет пен руханият биліктің жіті назарында екенін атап өтті. – Бүгінгі таңда мәдениет саласы – екі ел арасындағы тату көршілік қарым-қатынастарды одан әрі тұрақты дамытудың маңызды факторларының бірі. Жамбыл – ұлы ақын. Ол қазақ халқының мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі поэзияның шыңына айналды. Қазақтың көрнекті ақынының Санкт-Петербургтегі ескерткіші екі ел арасындағы өшпес достық пен бауырластықтың символының белгісі. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Нева бойындағы қала тұрғындарының ерлігін жырға қосты. Жамбыл облысының делегациясы атынан Санкт-Петербург қаласының тұрғындарына қазақ халқының ұлы ақынын ұлықтағаны үшін шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді Нұржан Нұржігітов. Бұдан соң Нұржан Нұржігітов бастаған Жамбыл облысының делегациясы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін №140 орта мектептің мұражайында орналасқан Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық залына барды. – Соғыс – ауыр қасірет, оның қайғы-қасіреті ұрпақ жадында мәңгі сақталады. 19 жасар Әлия Молдағұлова ортақ Отанымыз үшін жастық шағы мен өмірін құрбан етіп, ерліктің, қайсарлықтың, жанқиярлықтың үлгісін көрсете білді. Санк-Петербургтің Красногвардейский ауданында Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше ондаған фашистік басқыншыларды жойған, қазақтың мерген қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне аталған шағын көше бар. Осынау тарихи орынға келіп біз қазақ қызының Ресей үшін қаншалықты құрметті екенін сезінеміз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі