ҰБТ – ҰЛЫ АРМАННЫҢ БАСПАЛДАҒЫ
ҰБТ – ҰЛЫ АРМАННЫҢ БАСПАЛДАҒЫ
Биыл қаңтарда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеуді 57 мың оқушы тапсырған. Оның 74 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде тапсырса, 37 оқушы ағылшын тілінде тестілеуден өткен. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеген болатын. Министрліктің таратқан мәліметінше, тестілеуден өткен талапкерлердің 78 пайызы шекті балды жинаған. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев та өткен аптаның басында тестілеудің үшінші аптасы аяқталғанын, жалпы емтихан тапсыру кезеңі ақпанның онына дейін жалғасатынын айтты. Орталық директорының айтуынша, қаңтардағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш түскен. Ал қазіргі таңда тапсырушылардың 19 пайызы «Математика-физика» пәндері комбинациясын тапсырса, 18 пайызы «Биология-химия» комбинациясын, қалған 10 пайызы шығармашылық емтиханды таңдаған. IT бағыттарға түсуге қажетті жаңа «Математика-информатика» комбинациясын қатысушылардың 9 пайызы тапсырған. Сондай-ақ биыл емтихан тапсырған талапкерлердің ішіндегі ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың да жағдайы қарастырылып, оларға тест тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылған. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар дайындалған. Нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 93 бала ҰБТ тапсырған. Облыста биыл аймақта 11-сыныпты бітіретін 12 153 оқушы бар. Олардың алда болатын емтиханға дайындықтары жақсы. Әрі барлық оқушының ҰБТ-ға дайындалуына бар жағдай жасалған. Облыс әкімдігі білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие, орта және жалпыға міндетті білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Зульфира Сейдуалиеваның айтуынша, бүгінде облысымыздағы 485 орта білім беру ұйымында 247 036 оқушы білім алуда. Жалпы биылғы ҰБТ-дағы ең үлкен өзгерістің бірі – мәтіндік сұрақтар санының артуы. Ал «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест саны мен формасы өзгереді. Мысалы, «Қазақстан тарихында» 10 дәстүрлі сұрақ болады, ал белгілі бір тарихи тұлғаға қатысты екі мәтін беріледі. Екі мәтіннің әрқайсысы 5 сұрақтан тұрады. Сонда жалпы жиырма сұрақ болады. «Оқу сауаттылығы» бойынша берілетін мәтіндер азаяды. Бұл оқушының уақытты үнемдеуіне септігін тигізеді. Қазіргі таңда аймағымызда мектептен бөлек оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын орталықтар аз емес. Олардың көбі жекеменшік болғанымен, заманға сай жабдықталған. Білім сапасы да жоғары. Сондықтан жыл санап орталықтарға сұраныс артып келеді. Мәселен, Тараз қаласындағы «Ustudy140» білім беру орталығы 2016 жылы өз жұмысын бастаған. Сол жылдың өзінде бұл орталықтан 200-ге жуық оқушы ҰБТ-ға дайындалып шыққан. Біз олардың нәтижелерімен және білім берудегі артықшылықтарымен танысу үшін орталыққа арнайы барған едік. – Орталықта Тараз қаласындағы білікті ұстаздар жұмыс істейді. «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деп әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, ұстаздарымыз тек сабақтарын өтіп қана қоймай, саналы тәрбие беруге күш салады. Бұл біздің басқа орталықтардан артықшылығымыз десек те болады. Орталығымыз ашылған күннен қазіргі кезге дейін 6 мыңға жуық оқушыны ҰБТ-ға дайындады. Оқушыларымыздың 97 пайызы мемлекеттік грант иегері атанды. ҰБТ-дағы ең үлкен көрсеткішіміз 138 балды көрсетті. Ал біздің орталығымыздан білімін жетілдіргісі келетін оқушылардың көбі «Физика-математика» бағытындағы мамандықтарды таңдайды. «Биология-химия» бағытында да көп оқушыларымыз бағын сынап жатады. Жалпы қай салада болса да, қай мамандықты таңдаса да олардың өз болашағы өз қолында. Біз оларға тек қана бағыт-бағдар көрсетеміз, ары қарай оқушылардың өзіне байланысты, – дейді орталық директоры Айгүл Ғаппарова. Иә, білім берудің түрлі тетіктері іске қосылған заманда уақыт өтіп, қоғам дамыған сайын адамдардың да қажеттілігі мен сұраныстары түрлі салаларға ойысуда. Сондықтан жастар болашақта қандай мамандық иелеріне сұраныстың жоғары болатынын да біліп жүргені абзал. Мысалы, 2023 жылы сұраныста болатын мамандық түрлерінің ішінде сұлулық, сән саласына қатысты мамандықтар көш бастап тұр. Себебі адамдардың өздеріне деген талаптары жоғарылаған. Психолог мамандарға да сұраныс жоғары. Сондай-ақ дәрігер, фитнес жаттықтырушысы, IT саласымен байланысты мамандықтар енді ешқашан да трендтен түспек емес. Алайда әркімнің қызығушылығы әртүрлі. Сондықтан адам өзінің талғамын да бірінші орынға қойып, жаны да рақаттанатын, істеген ісінен нәтиже шығара алатын мамандықты таңдағаны ең дұрыс шешім болмақ.
Шапағат ӘБДІР