Қоғам

Битум тапшы болса, жол сапасы нашарлайды

Битум тапшы болса, жол сапасы нашарлайды

«Жол азабын жүрген біледі» дейді қазақ. Әйтсе де бүгінде жолаушыны мезі етіп, барар жеріне дейін адамды жолсоқы ететін нашар жолдар жоқтың қасы десек те болады. Бұл мемлекеттің ел экономикасының күретамыры саналатын жолдардың жайын жақсарту бағытында қолға алған нәтижелі жұмыстарының жемісі. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жол біткенді жөндеуге жергілікті және республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде. Соның есебінен еліміздің түкпір-түкпірінде жол құрылысы айтарлықтай қарқынмен жүргізіліп келеді.

Жыл сайын жөндеуден өтіп жатқан жүздеген, мыңдаған шақырым жолдың сапасы қай деңгейде? Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Досжан Жантелиевтің айтуынша, өңірдегі автомобиль жолдарының ұзындығы 4 338 шақырым болса, елді мекен көшелерінің желісі 5 662 шақырым екен. Автомобиль жолдарының ішінде 1198,5 шақырымы республикалық, 1756, 2 шақырымы облыстық, қалғаны аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Былтыр жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттерден 16,2 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде 8,3 миллиард теңгесі – республикалық, 7,9 миллиард теңгесі жергілікті бюджет көздерінен қарастырылыпты. Осы қаржы есебінен былтыр Тараз қаласына тиесілі 9,4 шақырым жол қайта жаңғыртудан, 605,2 шақырым жол орта жөндеуден өткен. Қайта жаңғырту және орта жөндеуден өткен жолдардың 194,1 шақырымы облыстық маңызы бар автожол болса, 53,6 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Одан бөлек 357,5 шақырым елді мекен көшелері жөнделген екен. – «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 33 жоба, яғни 274,7 шақырым жол жөнделді. 74 жобаны қамтыған «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 169,4 шақырым, «Өңірлерді дамыту-2025» бағдарламасы аясындағы 2 жоба бойынша 9,4 шақырым жол жөндеуден өтті. Ал жергілікті бюджеттер есебінен 143 жоба аясында 188,1 шақырым жол қалпына келтірілді. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы жергілікті тұрғындардың көлікпен қатынауын жақсартумен қатар, өңірдің көліктік логистикасы инфрақұрылымының дамуына да орасан зор үлес қосқаны анық. Жыл қорытындысы бойынша, «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 97 пайызды құрады. Оның ішінде жақсы жағдайдағысы – 55 пайыз, 42 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Елді мекен көшелеріне келсек, бұл көрсеткіш 82 пайызды құрайды. Тарқата айтқанда, жақсысы – 60, қанағаттанарлық деңгейдегісі – 22 пайыз. Республика бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың бұл көрсеткіші 85 пайыз болып отыр, – дейді Досжан Темірханұлы. Пайыздық көрсеткішке сүйенсек, жолдардың жақсару деңгейі тәп-тәуір-ақ. Бірақ елді мекендер ішінде немесе ауыл мен ауылды жалғайтын жолдарды ала жаздай жамап-жасқағанымызбен қыстай қар астында жатып, көктем шыға қармен бірге жіпсіген жамау жол қайтадан шұрық тесікке айналатыны жылдағы әдет. Көктемгі жауында ішіне су толған шұңқырларды байқамай қалып, доңғалағы жарылып, әуреге түскен жүргізушілерді де талай көргенбіз. Негізі өңірде жөнделіп жатқан жолдардың кем-кетігін анықтайтын бірден-бір мекеме – «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы. Біз осы филиалға барып, сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Аляхметовті сөзге тартып, жолдың сапасына қатысты айтар ойын тыңдаған едік. Ол аталған кәсіпорынның негізгі қызмет түрлерінің бірі – жол саласында атқарылар жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау екенін сөз ете отырып, былтыр филиал мамандары 247 нысанға 860 мәрте іссапарға шыққанын, сол кезде бірқатар кемшіліктер анықталып, орын алған олқылықтарды қалпына келтіру жөнінде тапсырыс беруші мекемелер мен мердігерлерге тиісті нұсқау берілгенін әңгімеледі. – Республикалық жолдарда 31 нысанға 613 іссапар жасалып, 883 сынама үлгісі алынды және сыналды. Оның ішінде 19 сынама талапқа сәйкес келмеді. Жергілікті автомобиль жолдары бойынша (облыстық және аудандық) 198 нысанға жасалған 232 іссапар барысында 878 үлгі алынып, сапасы зерделенді. Нәтижесінде 145-інің талапқа сәйкес келмейтіні анықталды. Қалалық жолдарда 18 нысанға 15 рет шығып, алынған және зерделенген 137 үлгінің 40-ы талапқа сай келмеді. Жалпы іссапарлар кезінде 194 ақау анықталса, оның ішінде 48-і өрескел. Тарқата айтсақ, республикалық жолдарда анықталған 173 ақаудың 38-і өрескел кемшілік екені белгілі болды. Осындай 5 өрескел ақау қайта құру нысанында кездессе, олар әлі қалпына келтірілген жоқ. Мәселен, «Алматы – Астана» автожолының 2105-2152 шақырымында, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолының 7-127 шақырымында, «Алматы – Ташкент» автожолының 239-476 шақырымында анықталған бетон жамылғысындағы жарықтар мен сызаттар әлі күнге жойылмай келеді. Жергілікті жолдарда 21 ақау анықталса, оның 10-ы өрескел ақау. Бұл кемшіліктің бүгінде барлығы жойылған. Негізі барлық анықталған ақаулар бойынша тапсырыс беруші мекемелер мен мердігерге арнайы хаттар жіберілген болатын. Жолданған хаттың саны – 127. 2022 жылдың 12 айында жергілікті автомобиль жолдарына 247 инспекциялық сапарлар жасалды. Нәтижесінде 1 015-тен астам жол-құрылыс материалдары зертханада сыналды. Олардың 185-і белгіленген нормативтік талаптарға сәйкес келмеді. Жергілікті автомобиль жолында 21 ақау анықталса, олардың ішінде 10-ы өрескел ақауға жатады. Қазіргі таңда барлық ақау жойылған, – деді Тойшыбай Аляхметов. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін тіпті ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс», деген болатын. Біз облыста жол құрылысымен айналысатын мердігерлер битумды қайдан алады, битум тапшылығы жол сапасына әсер ете ме деген сауалымызды «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қадыржан Мырзаевқа қойдық. Ол жол құрылысы барысында негізгі материалдардың бірі есебіндегі битум тапшылығы әр маусым сайын байқалатынын сөз етті. – Елімізде битум өндірісі екі өңірде қолға алынған. Ол Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауыты мен Павлодар мұнай өңдеу зауыты. «Caspi Bitum зауытының өлшеп-оралған битумына сұраныс көп түседі. Өйткені мұндай битумды кез келген климаттық жағдайда, тіпті ұзақ уақыт пайдалануға, сақтауға болады. Битумға деген қазір қажеттілік артқан. Өйткені бюджеттен қала көшелерін, аудандық және облыстық жолдарды жөндеуге мол қаражат қарастырылып отыр. Битумға деген сұраныстың күрт өсуі сондықтан. Ал жол жөндейтін мердігерлер битумды аталған «Caspi Bitum» зауыты мен Павлодар мұнай өңдеу зауытынан және Шымкент мұнай өңдеу зауытынан алады. Қазақстан бойынша, өткен жылы Жамбыл және Маңғыстау облыстары автожолдардың жағдайы бойынша бірінші орынды иеленді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жергілікті маңызы бар автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 97 пайызды құрады. Елді мекендердің жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелерінің қазір үлесі – 82 пайыз – деді Қ.Мырзаев. Өңірдегі жолдардың сапасын зерделеу үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалына қаржы облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы бөлінетіні белгілі. Яғни облыстағы жолға жауапты мекеме жолдардың сапасын ақы беріп тексертеді. Бұл жұмысты жылда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» орындайды. «Үйренген хан – иленген тері» демекші, кейде көкейде «Бір-біріне үйренісіп қалған мекеме өзара келісіп, кейбір олқылыққа көз жұма қарамай ма?» деген күмән пайда болатынын жасырып қайтеміз. Осы орайда аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Мұрат Саурықовтан «Жол сапасын тексеретін басқа бәсекелес компанияларға неге мүмкіндік берілмейді? Өңірде битум тапшылығы туындаған кез болды ма?» деген секілді бірнеше сауалымызға жауап алдық. – Жол жөндеу жұмыстарының сапасын қадағалау мақсатында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» келісімшарт жасасуға жергілікті бюджеттерден 2022 жылы 112 миллион теңге бөлінді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы қаулысымен индустриалды-иновациялық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің қарамағындағы «Облжолзертхана» республикалық мемлекеттік мекемесі қайта құру жолымен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» қайта құрылған болатын. Бұдан бұрын бұл кәсіпорын тек республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен іске асырылатын жобаларға ғана тексеріс жүргізген болса, бүгінде орталық барлық автожолдарда жүргізіліп жатқан жол жөндеу жобаларын қамтиды. Тұрақты жерге бірлесе шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, олар әлеуметтік желілерде тікелей эфирде жарияланып, халық ашықтықпен ұдайы қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері жөнделетін автожолдарды бірлесіп тексеру кестесіне сәйкес сапа орталығы мамандарымен бірге сан мәрте зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде 2 046 сынама алынып, нәтижесінде тиісті мекемелерге 194 ескерту мен кемшіліктер жолданып (республикалық жолдар – 173; жергілікті жолдар – 21), жұмыс тәртібінде орын алған олқылықтарды жою бойынша іс-шаралар қабылданды. Жалпы автожол саласында орын алып отырған мәселелер жоқ емес. Оның негізгісі – өткен жылы құрылыс маусымында болған жол битумының тапшылығы. Оған қоса осы кезеңде битум бағасының шарықтап өсуі де айтарлықтай мәселе туындатып отыр, – деді Мұрат Құттыбайұлы. Ол жол құрылысы маусымында битум бағасының шарықтап өсуі мердігерлерді алаңдатумен қатар, битумды жеткізудегі қиындықтар жұмысты уақытылы жүргізу кестелерінің бұзылуына әкеп соқтыратынын сөз етті. Мәселен, 2022 жылы осындай проблеманы шешу мақсатында тиісті министрліктердің ықпалымен Ресейден битум әкелуге қойылған шектеу, яғни 100 мың тонна көлемінде ғана битум кіргізуге рұқсат берілу біраз шаруаны кідіртіпті. – Мәселенің тек қазан-қараша айларында шешілуіне байланысты жоспарланған 7 жоба аяқталмай, келер жылға өтпелі болып қалды. Олар – Жуалы ауданындағы «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы – 1, Меркі ауданындағы – 4, Шу ауданындағы 2 жоба. Жалпы республикамызда отандық 4 мұнай өндіру зауыты бар. Олар алматылық «Асфальтбетон», Түркістан облысындағы «Газпромнефть», «Павлодар НПЗ» және «Каспи Битум» зауыттары. Мәліметтер бойынша, бұл зауыттар жылына 936 мың тонна жол битумын өндіре алады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, құрылыс маусымында бұл битум қоры барлық өңірлерді толықтай қамтамасыз ете алмайды. Өңірімізде Шу қаласында «StandardConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай гудронын өңдеу, сондай-ақ мұнай өнімдерін сатып алу-сату және қоймаға жинау үшін битум өндіру зауытын 2020 жылы пайдалануға берді. Шикізатты өңдеудің өндірістік қуаты айына 15 000 тоннаны құрайды. Мұнай өнімдерін сақтауға арналған құрылыстар – 20 000. Дегенмен Шудағы өндіріс шикізат-гудронының болмауына байланысты іске қосылмай тұр. Отандық өндірушілер ішкі нарықтың қажеттілігін толық қанағаттандыра алмайды. Бұған қолданыстағы квоталау және Ресей Федерациясынан гудрон әкелуге тыйым салынуы себеп болып отыр, – деді М.Саурықов. Битумның мұнайдан алынатын құрылыс материалы екенін ескерсек, қара алтынның үстінде отырған қазақ елі үшін «битум жоқ» деп баз кешу өте аянышты жағдай. Жалпы бір ғана Әулиеата өңірінде майда-шүйде шағын зауытты қосқанда мұнай-газ өңдейтін отыздан астам шағын кәсіпорын бар. Олардың жұмысының жүрмеуі мамандардың біліксіздігінен немесе технологияның артта қалғандығынан емес. Бұған бір ғана Жамбыл ауданындағы «Амангелді» газ-мұнай өңдеу зауытының қолданылып отырған заманауи технологиясының әлеуеті «Еуро-5» стандартына сай жанар-жағармай өндіруге толық жететіні дәлел бола алады. Бірақ осындай зауыттар өңдейтін шикізат таппай қол қусыруда. Яғни мұндай зауыттарға мемлекет тарапынан квота бөлінбейді. Бұл дегеніміз – аталған зауыттарға елімізде өндірілген мұнай шикізатынан бір тамшы да берілмейді деген сөз. Қазақстандағы үш ірі зауытқа теңіз мұнайының болмашы пайызы ғана беріліп, қалғаны шикізат күйінде шетелге құбыр арқылы жөнелтіліп жатқаны әмбеге аян. Елімізде битум тапшылығының орын алуы да осының салдары. Өз мұнайымызды өзіміз өңдемей, өзгеге кіріптар болудан құтыла алмайтынымыз хақ. Сол үшін мәселені бас жақтан шешудің амалын қарастыру керек.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ