Облыста тауарлы балық өндірісін 3000 тоннаға жеткізу көзделуде
Облыста тауарлы балық өндірісін 3000 тоннаға жеткізу көзделуде
2020-2021 жылдары жүзеге асқан «Korday Fish» жобасына мемлекет тарапынан 3,8 гектар жер телімі бөлінген. Жылына 500 тонна балық өндіруге мүмкіндігі бар серіктестік консервілеу цехын да іске қосуға ниетті. Қазіргі таңда 800 мың шабақ жеткізілсе, тағы 4 миллион шабаққа тапсырыс берілген. Ал «Taraz Eko Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 5 гектар жерге орналасқан жоба қуаттылығы жылына 60 тонна балық өнімдерін өндіруге шақталған. Айта кетейік, бүгінде облыс аумағында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлердің саны күннен-күнге артып келеді. Осы саланы дамыту мақсатында аймақтың балық шаруашылығын дамыту өңірлік бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаға сәйкес өткен жылы облысымыздың аумағындағы 464,3 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып, артығымен орындалды (483 тонна). Оның ішінде 436 тонна форель, 47 тонна тұқы тұқымдас балық бар. Сондай-ақ осы жылы бағдарламаға сәйкес 666,1 тонна тауарлы балық өсіру көзделуде. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, аталған жоспардағы көрсеткішке жету үшін 4,7 миллион дана балық шабағы қажет (1,9 миллион дана форель, 2,8 миллион дана тұқы). Қажетті шабақтар облысымыздағы «Сандель», «Арнұр», «Алтын бұлақ» шаруа қожалықтарының және Шардара, Қапшағайда орналасқан балық өсіру тәлімбақтарынан алынбақ. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде қолға алынған. Жалпы балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы бойынша 2024 жылы 1375,9 тонна тауарлы балық өндірісі жоспарланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3000 тоннаға жетеді деп күтілуде. Ол үшін 18 инвестициялық жоба қолға алынуда. Сондай-ақ кәсіпкерлерге мемлекеттен түрлі қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы жергілікті бюджеттен акваөсіруді субсидиялауға 78,2 миллион теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде жергілікті бюджеттен балық жемдерін сатып алуға кететін шығындардың 30 пайызын субсидиялауға 45,1 миллион теңге, балық шабағына 33,1 миллион теңге бағытталып, толығымен игерілді. Ал биылға акваөсіруді субсидиялауға 281 миллион теңге қаралуда. – Балық шаруашылығын дамыту – өңдеу цехтарын ашуды қажет ететін іс. Облысымызда балық өңдеумен айналысатын екі балық зауыты бар. Олар –Мойынқұм ауданында орналасқан Мыңарал балық зауыты мен Меркі ауданында орналасқан Меркі балық зауыты. Екі зауытта жылына 1 500 тонна балық ресурстарын өңдеуге қуаты жетеді. Сонымен қатар биыл «ALFISH» ЖШС Мойынқұм ауданындағы Мыңарал стансасының маңынан жылына 1000 тонна балық өңдеуге қуатты цехтың құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Облыс аумағында жалпы сомасы 1,9 миллиард теңге болатын, қуаттылығы 1 828 тонна беретін 18 жаңа инвестициялық жоба жұмысы ұйымдастырылуда. Оның ішінде 8 карп балығын, 9 форель балығын өсіру және 1 африкалық жайын, бекіре балығын өсіру шаруашылығы бар, – деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Данияр Башанов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі