Су тасқынының алдын алу маңызды
Су тасқынының алдын алу маңызды
– Қазіргі уақытта облыс аумағындағы өзендерде су деңгейі тұрақты, су тасқыны қаупі байқалмайды. Десе де көктемгі су тасқыны кезеңінде өңірдегі 42 елді мекенді су басу қаупі бар. Елді мекендерді су тасқынынан қорғау немесе алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстарға сәйкес 42 елді мекеннің ішінде 34 елді мекенге төнген қауіптің алдын алып, екеуі азайтылды. Бірақ 6 елді мекен су басу қаупі аймағында қалып отыр. Ол бойынша «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына сәйкес іс-шараларды іске асыру жоспарлануда. 2023 жылға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарымен облыс аумағында каналдарды, дренаж каналдарды, арық желілерін және көпір секілді тағы да басқа су өткізу құрылғыларын тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп, жағдай қатаң бақылауда тұр. Атап айтқанда, қазір 192 суаратын каналдың 1 507 шақырымы, 247 арық желісінің 1 680 шақырымы жөнделіп және тазартылып жатыр. Тау бөктерінде ұзындығы 1 305 шақырым болатын 40 су бұру каналы мен 430 көпірлер және 2 036 су өткізгіш құрылғыларынан 224 текше метр қоқыс шығарылды. Сонымен қатар осы жылы облыс аумағында су тасқыны кезеңінен апатсыз, аман-есен өту мәселелері былтырғы 21 қазанда жоспардан тыс қаралып, хаттамалық ұсыныс тапсырылды, – деді спикер. Мақсат Амантайұлының баяндауынша, қазіргі таңда Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ секілді ірі суқоймалардың жұмыс режимінің кестесі әзірленіп, толымдылығы мен жұмысына бақылау жүргізіліп жатыр екен. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстардың техникалық жағдайын тексеру және нақтылау бойынша іс-шаралар жүргізіліп, Ақермен 1, Ақермен 2, Маханды 1, Аспара 1, Байтелі, Войнская, Шапаваловка 1, Жәдік, Ойық, Бөлекқызыл, Шұқырәуіт, Қайыңды және Фурмановский гидроузел суқоймаларына ағымдағы, ал Қақпатас, Тасөткел суқоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі анықталған. Суқоймалардың ағымды және күрделі жөндеу жұмыстары «Жамбыл суқоймалары» мен «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мекемелерінің бақылауына алынған. Жөндеу жұмыстары биыл жүргізіледі. Мұнан соң облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нағима Темірбекова су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан алдын алу шараларын сөз етті. Нағима Тұйғынбекқызының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңға «Жамбыл суқоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 113 суқойма тіркеліпті. Жалпы жобалық сыйымдылығы 136,427 миллион текше метрді құрайды. Қазір нақты жинақталған судың көлемі 45,027 миллион текше метр көрсеткішті көрсетіп отыр. Сондай-ақ баяндамашы өз сөзінде су тасқынының алдын алу, суқоймалардың тиімділігін арттыра отырып, суармалы егіс алқабын ұлғайту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, вегетациялық кезең ішінде ауылшаруашылық дақылдарын уақытылы суаруды қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын суқоймалар мен бөгеттерге ағымдағы жөндеу жүргізілетіндігін жеткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ