ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕ: ӘЛЕГІ МЕН ДӘЙЕГІ
ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН АВТОНЕСИЕ: ӘЛЕГІ МЕН ДӘЙЕГІ
ӨТІНІМ БЕРУ БАСТАЛДЫ
Жалпы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы өткен жылы 16 мамырда басталған болатын. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы 2022 жылы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына 100 миллиард теңге бөлді. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Halyk Bank, ForteBank, Банк ЦентрКредит және Еуразиялық Банк арқылы 14 мыңнан аса несие мақұлданып, 12,5 мыңнан аса жаңа көлік берілген. Автонесиенің орташа мөлшері 7,8 миллион теңгені құраған. Араға біршама уақыт салып барып 6 ақпанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта іске қосылды. Сондықтан алдымен оқырмандарымыздан түскен сауалдарға байланысты бағдарламаның талаптары мен шарттарын түсіндіріп өткенді жөн көрдік. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы басшысының орынбасары Ринат Ғаппаровтың сөзіне сүйенсек, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясындағы осыған дейін жасалған кезек күшін жояды және жаңа өтінімдер 6 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де autonesie.kz ресми сайты арқылы қабылдана бастаған. Қанатқақты платформаны алғаш іске қосқан кезде 761 үміткерге дейін тіркеле алады екен. Үміткерлер саны толғанда платформада өтінімдерді қабылдау автоматты түрде тоқтатылады. Жаңа платформа өтінім берушілер мен автоөндірушілерге, сондай-ақ бағдарламаға қатысушы банктерге өтінімнің мәртебесін өтінім берілген сәттен бастап автомобиль берілгенге дейін онлайн қадағалауға және бағдарламаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал өтінім беру үшін электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) қолданылады. Өтінім беру барысында азамат автоөндірушілерді алдын ала таңдай алады. Ринат Ғаппаровтың айтуынша, өтінім беруші әуелі телефон нөмірін енгізеді, содан кейін автоөндірушіні таңдайды және ЭЦҚ арқылы қол қояды. Өтінімнің тіркелу фактісін «Жеке кабинет» арқылы қадағалай алады. Өтінім берген соң автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес екен. Егер азамат осыған дейін жеңілдетілген бағдарлама аясында несие алса немесе платформада өзекті өтінімі болса, онда өтінім қабылданбайтын көрінеді. «Өтініш қабылданғаннан кейін клиент автосалонға барып, сонда бар автомобильді таңдайды немесе алдағы 60 күнде келетін көлікті күтеді. Екі айдан артық күтуге мүмкіндік жоқ, өйткені өтініш расталған сәттен бастап жеңілдікпен көлік сатып алуға 60 күн ғана уақыт беріледі. Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары бұрынғыдай қала береді: 1 автомобильдің құны 15 миллион теңгеден аспайды; қаржыландыру сомасы 10 миллион теңгеден артық емес; қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды; бастапқы жарна 0 пайыздан бастап; кредит беру валютасы – теңге; сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 4 пайыз. Бұл ретте жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі түпкілікті қарыз алушының автокөлікті сақтандыру және рәсімдеу (оның ішінде кепілге қою) бойынша шығындарын ескере отырып, жылдық 7,5 пайыздан аспауға тиіс. Сондай-ақ бағдарламаға «СарыаркаАвтоПром» ЖШС және «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС автоөндірушілері қатысады. Көліктерді Forte Bank, Eurasian Bank, Halyk Bank және «Банк ЦентрКредит» – екінші деңгейлі банктері арқылы рәсімдеуге болады» дейді Р.Ғаппаров. Қатысушы банктердің өлшемшарттарына сәйкес келетін, оң несиелік тарихы бар Қазақстанның кез келген азаматы бағдарламаға қатыса алады. Ең бастысы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы, қолда бар және болашақ несиелер бойынша төлемдер сомасы өтініш берушінің ресми табысының жартысынан аспауы керек. Сондай-ақ табысын растау үшін кейінгі 6 айда үздіксіз аударымдардың болуы да маңызды. Ал автосалон қызметкерлерінің айтуынша, өтінім мақұлданғаннан кейін азамат автосалонға барып, көлікті таңдайды және төлем шотын алады. Сөйтіп төлем шотымен бірге банкке жүгінеді. Банк өкілі www.autonesie.kz платформасында өтініш берушінің өтінімінің бар-жоғын тексереді. Егер өтінім болса банк өкілі өтініш берушіні қаржыландыру шарттары және өтінім беру үшін қажетті құжаттар туралы хабардар етеді. Барлық критерийге сәйкес келсе өтініш берушінің өтінімін қарауға өтінім береді. Әрі қарай банк төлем қабілеттілігі критерийлері негізінде кепілхатты мақұлдау немесе оны беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды. Мақұлданса өтінім беруші кепілхатты алып автосалонға барады және таңдаған автокөлігін рәсімдейді.
ПАЙДАСЫНА ҚАРАҒАНДА ПРОБЛЕМАСЫ КӨП ПЛАТФОРМА
Жауапты мамандардың айтқанына сенсек, бәрі оңай әрі жеңіл сияқты. Алайда бағдарлама іске қосылған алғашқы күні-ақ бірқатар мәселелер туындады. Атап айтар болсақ, www.autonesie.kz платформасының пайдасына қарағанда проблемасы көп болып шықты. «Facebook» әлеуметтік желісінде өтінім бере алмай алмай өзегі өртеніп, өкпе-ренішін ақтарып жатқандар тым көп. Мәселен «Автонесие – кезекті алаяқтық. Сайт өтінішке қол қоюға мүмкіндік бермеді. Мен бәрін 30 секундта жасадым, қол қою кезінде қате шығарды. Осыдан кейін сайт бос орындар таусылды деп жазды. Мен мәселені көрсетуді және ӨДҚ-ны түсініктеме беруге шақыруды сұраймын», «Жеңілдетілген автонесие алу үшін өтінім беріп үлгерген оқырмандарым бар ма? Өтінім беру лимиті 18 секундта таусылған екен», «Жеңілдетілген автонесие алуға тіркелгендер бар ма? Әзер дегенде платформаға кіргенімді қайтейін, толтыруға міндетті өрістері толтырылмайды. Одан қалса, лимиті бітіп қалды», «Рекорд! 18 секундта нәтиже берген мемлекеттік бағдарлама деп Гиннестің рекордтар кітабына енгізу керек!», «Алған адамдарды тексеру керек. Қай жерден кімдер ұтқанын. Мүмкін сайт ашылмастан бұрын өздері бөліп алған болар. Әлде сайтқа уақытша бұғат қойып тастады», «10 секундта өтінім беру парағын аштым. Бірақ автокөлік компаниясы таңдайтын өріс жабық. Сол үшін өтінім бере алмадым», «Кешеден бері күткен едік, үлгермедік. Кімдер өтінім беріп үлгерді екен өзі» деген сыңайлы жазбалардан көз сүрінеді. Осылайша бір сағатқа жуық уақытымызды әлеуметтік желіге жұмсадық. Алайда «өтінім беріп үлгердік» деп алақайлаған бір желі қолданушысын таппадық. Бағдарлама арқылы көлік алуға ниеттеніп жүрген туған-туыс, достарымыздан да сұрастырып көрдік Бәрібір жолы болған ешкім табылмады. «Бақсақ бақа екен» демекші, өтінім беру алғашқы 18 секундта-ақ аяқталып үлгеріпті. Бұл туралы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында мәлімдеді. «2023 жылғы ақпанға жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы шеңберінде autonesie.kz платформасының іске қосылғанын хабарлайды. Платформа сағат 10.00-де жұмысын бастағаннан бастап алғашқы 18 секундта 761 қазақстандық өз өтінімдерін тіркеді. Сайтқа кірушілер саны бірінші минутта 125 мың адамды құрады. Аutonesie.kz сайты жүктемені орындап, пулдың қалыптасуын қамтамасыз еткенін атап өтеміз. Лимитке жеткеннен кейін өтінімдерді қабылдау автоматты түрде аяқталды. «Өтінім беру» функциясы тоқтатылды. Өтінім беру процесінде кейбір пайдаланушылар автомобиль өндірушісін таңдай алмады, бұл да өтінім лимитіне жетумен байланысты. Өтінімдерді келесі қабылдау қазақстандықтарға наурыз айында, одан әрі – ай сайынғы негізде қолжетімді болатынын естеріңізге сала кетеміз. Бағдарламаның жаңалықтарын қордың ресми сайтынан және оның әлеуметтік желілердегі аккаунттарынан қарап отырыңыз» деп жағдайды түсіндіруге тырысыпты.
АВТОСАРАПШЫЛАРДЫҢ ДА АЙТАРЫ БАР
Белгілі автосарапшы Олжас Оқас автонесие өзге дамыған елдерде бұрыннан бар екенін, Қазақстанда енді ғана қолға алынып жатқандықтан уақыт өте келе кемшіліктердің жойылып, жолға қойылатынына сенім білдіріпті. «Жалпы жеңілдетілген автонесие бағдарламасы халыққа өте тиімді. Өйткені мөлшері 4 пайызды ғана құрайды. Былтыр елдегі инфляция 20 пайыздан асты. Сондықтан бұл автонесие емес «бөліп төлеу» секілді. Дегенмен бірқатар мәселе бар. Револьвер жүйесімен жұмыс істейтін бағдарламаға қосымша қаржыландыру жетіспейді. Ай сайын 10 миллиард теңге бөлінсе, жақсы еді. Қазір есеп бойынша ай сайын 100 шақты көлік сатылады деп жоспарланған. Бағдарлама шарты бойынша несиеге Қазақстанда жасалған немесе құрастырылған көліктер ғана беріледі. 10 миллион теңгеге дейін сапалы көлік алу мүмкін емес. Жақсы көлік алам деушілер бұл қаражаттың үстіне қосымша ақы төлеп алуына болады. Банкпен келісімшартқа қол қоюға ешкім мәжбүрлемейді. Біз капитализмде өмір сүреміз. Кредит алу-алмау бұл әркімнің өз таңдауы. Аталмыш бағдарлама дамыған елдерде бұрыннан бар. Тек біздің елде бұл механизм енді қолға алынған» дейді Олжас Оқас. Экономист Мақсат Халық болса жеңілдетілген автонесие бағдарламасының мүлдем қажеттілігі жоқ деп есептейді. «Жеңілдетілген автонесие арқылы 10 миллион теңгеге сапалы көлік алу мүмкін емес. Менің ойымша бағдарламаны алып тастау қажет. Өйткені оның ешқандай пайдасы жоқ. Тек қана халықтың арасында шу шығарып, наразылығын тудырғаннан басқа бағдарламаның ешқандай пайдасын көріп тұрған жоқпын. Ол несиені алудың өзі оңайға соқпай жатыр. Тізім қайтадан өшіріліп, қайта жасақталады деген дүниелер өте көп. Мұның барлығы сол салада болып жатқан сыбайлас жемқорлықпен байланысты деп ойлаймын. Басында көліктер жеткіліксіз болды, банктер қаржыландыруға дайын болмай шықты. Кейін банктер дайын болды, бірақ көлік жетіспеді. Мен мұндай жобаны қолдамаймын. Себебі көп адамды қамтамасыз етпейді. Бұл жерде жеңілдетілген автонесие беріп, көліктерін жаңартсын деген ой жатқанын білеміз. Бірақ, көлік жаңарту мәселесіне ешқандай әсерін тигізіп жатыр деп айта алмаймын», дейді Мақсат Халық. Ал енді кейбір автосарапшылар жылдық мөлшерлемесін 4 пайыздан да кеміту керек деп есептейді. Сондай-ақ қаржыландыру мерзімін ұзарту керек деп санайды. Мөлшерлемесі, қаржыландыру мерзімі өзгерер, өзгермес, егер қазіргі қолданыстағы бағдарлама тиімді жұмыс істеп, бармақ басты, көз қыстыға салынбай, ешқандай заңсыздық орын алмай, ай сайын шын мұқтаж 761 қазақстандық жаңа көлік тізгіндеп жатса, жақсы-ақ?! Әйтпесе өткен жылы іске қосылған, әлі де ауы мен бауы бітпеген жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бай-бағланды жарылқап, қарапайым халықты «қашпаған сиырдың уызынынан» дәметтіріп, сағын сындырса, не үміт, не қайыр.
Талғат НҰРХАНОВ