Меценаттар мектебімен мақтанады
Меценаттар мектебімен мақтанады
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, біздің ауданымызда да туған еліне тірек болып, туған жерінің гүлденуіне үлес қосып жүрген асыл азаматтар көп. Олардың ішінде өнер майталмандары, ақын-жазушылар, саяси және мемлекеттік қызметшілер, білім және ғылым, денсаулық сақтау саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спорт саңлақтары бар. Отанға деген потриоттық сезім туған жерді құрметтеуден бастау алса, әрбір түлектің кіндік қаны тамған атамекенін, білім алған мектебін түлетуге үлес-қосуы азаматтық парыз болып саналады. Ауданымыздың аяулы азаматтары жыл сайын «Туған жер», «Мектепке тағзым» жобалары аясында мектебіміздің көркейіп, ажарлануына үлес қосып келеді. Жыл сайын мектебіміздің 10 жылдық, 20 жылдық, 30 жылдық, 40 жылдық түлектері ретінде ат басын бұрып, қажетті заттармен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл іс дәстүрге айналған. Атап айтар болсақ, ауыл мақтанышы, мектептің 1980 жылғы түлегі, генерал-майор Р.Көшербаев ғимараттың екінші қабатындағы қабырғаға ұлы даланың табиғаты мен ұлттық аспабымыз домбыраның суретін салғызып, баға жетпейтін тың дүниені тарту етті. Ал 2001 жылғы түлектер мектептің бірінші қабатында тұрған Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер залын безендіріп, екінші қабаттағы залға жас жеткіншектердің ой-санасын арттыратын шахмат ойнайтын құрылғылар орналастырып берді. 1992-1993 жылғы түлектеріміз Е.Байменов пен Н.Әбзелбеков мектеп ауласына орындықтар орнатып, оқушыларымыздың тынығуына қолайлы жағдай жасады. 1986 жылғы мектеп түлегі Қ.Қанаев та жыл сайын оқушыларды ынталандыру мақсатында шәкіртақы дайындап, демеушілік танытып отыр. Сонымен қатар 1992 жылғы түлек Ж.Махашев мектептің бір кабинетін безендіріп берсе, 2011 жылғы түлектер мектептің даярлық тобына ойыншықтар, мольберт алып берді. 2002 жылғы түлектер білім ұясына спорттық жабдықтар тарту етіп қуантса, 2000 жылғы түлектер мектеп залдарының терезелеріне жалюзи іліп, өз көмектерін жасады. Сондай-ақ М.Махашов, Ж.Есбергенов, Е.Ертаев, К.Ошақбаев, Н.Батырхан, Е.Бейсенбеков, А.Есмұрзаев, Ж.Мамбетов, А.Кәріпсейітов, Е.Оразбаев сынды бірқатар ауыл кәсіпкерлері де көмегін аяп жатқан жоқ. Осы уақытқа дейін көрсетілген көмек 2 683 000 теңгені құрады.
Мадинахан САРБАШЕВА, Амангелді атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жамбыл ауданы