Жаңалықтар

«Қазақстан республикасына қызмет етемін!»

«Қазақстан республикасына қызмет етемін!»

Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің жас жауынгерлері өткен жылғы желтоқсан айынан бастап жауынгерлік курстан өткен болатын. Оқу пунктінің жұмысына 5513 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Рустам Сайдуов басшылық жасады.

Әскери бөлімге Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалар және Ақмола, Түркістан, Қарағанды облыстарынан келген жас сарбаздарды күтіп алу, оқу роталары мен взводтарына бөлу, түрлі деңгейдегі командирлермен таныстырудан бастап, оқу орталығындағы барлық оқу-жаттығулар тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын айта кету керек. Үстіне су жаңа әскери форма киіп, «Енді не болар екен?» деген оймен айналасына аңтарыла қараған жас сарбаздар тиісті медициналық тексеруден өтісімен психолог маманмен әңгімелесуге шақырылды. Сол сұхбат барысында әрбір жауынгердің психологиялық портреті мұқият зерттеліп, әр сарбаздың психологиялық-моральдық болмысына, отбасы-демографиялық жағдайына қатысты ұсыныстар жасалды. Сырт көзге мұның барлығы әскери салаға жат, басы артық жұмыс көрінгенімен, әскери бөлімдердегі бір жыл бойғы заңдылық пен құқықтық тәртіптің, өзара түсінушіліктің сақталуына жасалған алғышарт екеніне көз жеткізу қиын емес. Оқу пунктіне келген 400-ден аса жас сарбаз 3 ротаға бөлініп жауынгерлік дайындықтан өтті. Оқу бағдарламасына сай мұнда саптық дайындықтан бастап, әскери қызметтің әр саласына қатысты кіріспе сабақтар, жаттығулар ұйымдастырылды. 5513 әскери бөлімінің негізгі міндеті – Тараз қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және 3 түзеу мекемесін күзету. Соған байланысты жас сарбаздарға патруль мен сақшының жауынгерлік қызметі мен міндеттемелері таныстырылды. Сонымен қатар Калашников автоматын атып көрген алғашқы жаттығу да жас сарбаздардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Әскери қызметті әскери антсыз елестету мүмкін емес. 5513 әскери бөлімінің жас жауынгерлері үшін оқу пунктіндегі ең маңызды әрі ешқашан ұмытылмайтын оқиға да осы әскери ант қабылдау салтанаты болды. Әскери ант қабылдау рәсіміне бөлімнің ардагерлері, еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен ата-аналар, бауырлары және достары қатысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Ғазиз Кәдірбек әскери антты қабылдау шарасын ашық деп жариялағаннан кейін оркестрдің сүйемелдеуімен Әнұран шырқалып, еліміздің көк байрағы көтерілді. – Әскери ант – әскерилер өміріндегі ерекше рәсім. Ант қабылдау арқылы, сіздер, Отан алдындағы азаматтық борыштарыңызды қалтқысыз атқаруға, Қазақстан халқы мен оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, әскери және мемлекеттік құпияларды қатаң сақтауға, әскери істі мұқият үйреніп, оның ауыртпалықтарын көтере білуге, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға міндеттеме аласыздар. Алдағы уақытта мемлекет пен халық алдындағы конституциялық борыштарыңызды атқару кезінде барлықтарыңыздың осы қабылданған антты бұлжытпай орындап, әскери қызметтеріңізді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін, – деді подпоковник Ғ.Кәдірбек. Бөлім командирі әскери ант қабылдау рәсіміне кірісу жөнінде бұйрық берісімен жас сарбаздар сап түзеп, ант қабылдау орындарына жиналды. Отанға деген сүйіспеншілік пен оқу орталығындағы сапалы жауынгерлік дайындық сарбаздардың басқан әр қадамы мен сенімді үнінен анық байқалып тұрды. Жауынгерлік қызметтегі маңызды рәсім аяқталған соң мінберге 5513 әскери бөлімінің ардагерлері мен балаларының ант қабылдап, сарбаздар қатарына қосылғанын көргелі келген ата-аналар шығып, құттықтау сөз сөйледі. Еліміздің бас қаласынан әскерге шақырылып, тап осы күні ант қабылдаған қатардағы Бекнұр Жақсылықтың көңілі асқақ, жүзі жарқын. Оның салтанантты жиындағы осындай келбетін көру үшін сонау Астанадан ат терлетіп анасы мен бауырлары келіпті. – Бес құрсақ көтерген анамын. Бекнұрдың алдында төрт ағасы бар, барлығы да әскерде болып, Отан алдындағы борыштарын абыроймен өтеп келді. Кенже перзентімнің дүниеге келгенін, тәй-тәй басқан шағын көргенде, оның Отан алдындағы әскери ант қабылдау шарасын өз көзімізбен көріп, неге қуанбасқа. Біз үшін оның амандық-саулығы, Отан алдында атқарған қызметі зор маңызға ие. Сондықтан да оның әскери ант қабылдау шарасын көріп, көңіл марқайту үшін арнайы келіп отырмын, – дейді жас сарбаздың анасы Гүлжахан Парсаханқызы. Салтанатты рәсімнен кейін жас жауынгерлер ата-аналарымен уақыт өткізуге босатылды. Жауынгерлер әскери бөлім басшылығының шешімімен, жоспар бойынша уақытылы қалаға шығып, белгіленген кезде әскери бөлімге қайта оралды. Бір ай бойы жауынгерлік дайындықтан өткен жас сарбаздар бүгінде өз әскери бөлімдерінде жауынгерлік қызметтеріне кірісіп кетті. Оқу орталығында өткізген күндердің олар үшін маңызы ерекше. Алдағы уақытта өздеріне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді орындау барысында жас жауынгер курсында жиған білім мен біліктілік сан мәрте сынға түсері сөзсіз.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі