Қоғам

Аймақ журналистері бас қосты

Аймақ журналистері бас қосты

Жақында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы болып «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы Жаңабай Миллионов сайланғаны белгілі. Осы аптада Тараз қаласындағы «Ардагерлер үйі» ғимаратында Одақтың жамбылдық жаңа мүшелері, бірқатар облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері, ардагер журналистер бас қосып, журналистер қоғамдастығының ағымдағы мәселелерін талқылады.

Ең алдымен көпшілікке Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жаңадан жасақталған кеңес мүшелері таныстырылды және биылға арналған жұмыс жоспары талқыланды. Сондай-ақ осы жиында филиал төрағасының орынбасарлары болып облыстық «АR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Тaraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, хатшысы болып «АR-AI» газетінің тілшісі Ақтоты Жаңабай сайланды. Жиында сөз сөйлеген облыстық филиал төрағасы Жаңабай Миллионов Қазақстан Журналистер одағының облыста тұрып жатқан мүшелерінің тізімін нақтылау, осы жылғы Журналистер одағы мүшелерінен тиісті жарналарын жинау мәселелерін көтерді. Сондай-ақ төраға журналистер назарына облыс журналистерінің форумын, облыстық ардагерлер кеңесімен бірлесіп, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің он жылдығын атап өту, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесіне орай 2023 жылдың үздік журналистеріне Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының арнайы атақтары мен төсбелгілерін тағайындау, Журналистер одағы мүшелерінің мерейтойларын атап өту, «Aulieata Media» ЖШС-мен бірлесіп, «Жаңа Қазақстан. Әділетті қоғам» тақырыбында облыс журналистерінің шығармашылық конкурсын ұйымдастыру, оның қорытындысын Республика күні, яғни 25 қазанға жариялау сияқты атқарылуға тиісті бірқатар іс-шараларды қаламгерлер назарына ұсынды. Журналистер жиынына қатысқан «Aulieata Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, «Знамя труда» газетінің бас редакторы Татьяна Борисенко, «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Меркі ақиқаты» газетінің директор-бас редакторы Серік Құралбай, «Taraz 24» телеарнасының директоры Зарина Қуатова, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы Нұрасыл Сұлтанбаев, ардагер журналист Болат Жаппарұлы сөйлеп, қазақтың ұлттық мерекесі – Наурыз тойына байланысты журналистер арасында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын шара өткізу, журналистер арасында спорттың кейбір түрлерінен жарыстар ұйымдастыру қажеттігін алға тартты. Олардың барлығы бірауыздан Журналистер одағы облыстық филиалы төрағасының бастамаларына қолдау көрсетіп, көмектесетіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ Журналистер одағының қоғамдық қызметіне республикалық газеттер мен телеарналардың облысымыздағы меншікті тілшілерін кеңінен қатыстыру керектігін еске салды. Жиында ардагер журналист, Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Баттал Жаңабаевтың наурыз айында болатын туған күнін атап өту мәселесі де сөз болды. Басқосуға қатысқан журналистер Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жұмысын жандандыруға шын жүректен ниетті екендіктерін білдірді.

«AR-AI»-ақпарат