ДІННІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ІЗГІ ӘСЕРІ МЕН ТӘРБИЕСІ
ДІННІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ІЗГІ ӘСЕРІ МЕН ТӘРБИЕСІ
Ислам – қоғамдық негізге құрылған дін. Дін жекелеген жанға иман байлығы мен жақсы қасиеттер дарытумен қатар, күллі адамзат өмір сүретін қоғамға өркениетті жол көрсетіп, ғылым-білімге, ізгілікке, адамгершілік пен тақуалыққа шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжұрат» сүресі, 13-аятында: «Уа, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді түрлі ұлттар мен руларға бөлдік. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Шексіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», деп айтқан. Қасиетті Құранда Алла Тағаланың бұйрықтары көбіне жеке адамға емес, көпшілікке бұйырылған. Мысалы, «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер», деп көпше түрде айтылған. Өйткені көпшілікпен, қоғаммен бірге атқарылған істің сауабы да, берекесі де мол болмақ. Халқымызда: «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан», «Көппен көрген ұлы той» деген нақыл сөздер осы мағынада айтылса керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамдармен араласып, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр еткен мүмин, адамдармен араласпайтын, олардың көрсеткен жәбірлеріне сабыр сақтамайтын мүминге қарағанда қайырлы», – деп, қандай жағдай болмасын біздерді көпшілік жамағатпен бірге болуға шақырған. Кез келген қоғамның өзіне тән өмір сүру дағдысы мен сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрі болады. Адамның тіршілік ету мәдениеті өзі өмір сүріп отырған қоғамдық құндылықтарға бейімделеді. Қалыптасқан құндылыққа бағынбаған пенде өзін де, өзгені де игілікке кенелте алмасы анық. Осы ретте ізгі қоғам құруға негіз болатын дінімізде мынадай құндылықтар айтылған: Бірінші: Ислам қоғамға сауаттылықтың дәнін екті. Соңғы елшінің (с.ғ.с) (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келуімен қараңғылықтың бұлты сейілді. Адамзатқа бақыт әкелетін ислам дінін жеткізу үшін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) қасиетті Құран аяттары түсірілді. Ең алғашқы түскен аят: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білдірді», – деп оқуға, білімге бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аят). Міне, осыдан бастап ислам ғылым-білім діні екенін дәлелдеді. Ал ғылым адамдардың санасын оятып, тапталған құқықтарының қорғалуына, өркениетке қол жеткізуге септігін тигізді. Екінші: Ислам қоғамда жалқаулықпен күресуге шақырады. Жалқаулық – қандай да бір жұмысты істеуге еріну, жайбасарлық қылу, баяу қозғалу, кертартпалық етумен айқындалатын адам бойындағы жағымсыз сипат. Қасиетті Құранда жалқаулық екіжүзділердің негізгі сипаттарының бірі ретінде сипатталады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 142-аятында: «Қашан олар намазға тұрса, жалқауланып тұрады. Адамдарға көрсету үшін оқып, олар Алланы өте аз еске алады», – деп айтқан. Адам баласының бақытсыздығына көбіне оның жалқаулығы себеп болады. Сол себепті де асыл дініміз ислам жалқаулықтан аулақ болуға үндеп, ізгілік істер атқаруда, еңбек етуде белсенді болуға шақырады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Уа, Аллам! Расында, мен Өзіңе әлсіздіктен және жалқаулықтан (сақта деп) сыйынамын», – деп дұға ететін болған. Үшінші: Ислам қоғамда аманатқа қиянат жасамауға бұйырады. Мына өмір және оның ішіндегі барлық нәрсе – аманат. Отбасымыз, кәсібіміз, дініміз, тіліміз бен діліміз, еліміз бен жеріміз, бәрі-бәрі бізге аманат. Ал аманатқа қиянат жасалған қоғамда ізгілік өрге баспайды. Әр адам өз деңгейіндегі аманатты барынша сезінсе және соған сай әрекет етсе – өзін де, өзгені де бақытқа бөлейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресінің 58-аятында: «Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етер болсаңдар, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей керемет насихат айтуда. Шүбәсіз Алла, толық естуші, бәрін көруші», – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме», – деген (имам Әбу Дәуд, Тирмизи). Иман сөзі мен аманат сөзі араб тілінде «әмәна» деген бір түбірден тарайды. Яғни мүминнің бойындағы аманатшылдық қасиеті сол иманының жемісі десек болады. Төртінші: Ислам қоғамда біртұтас бауырмалдықты, жанашыр болуды үгіттейді. Қандай да бір қоғамда адами құндылықтардың жоғалуының басты себептерінің бірі – адамдардың бір-бірінің қадірін бағаламау екені анық. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті мұсылман бауырдың сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көре алмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзатыны сөзсіз. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дініміз ислам мұсылмандардың бір-біріне бауыр екендігін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті терең нығайтуға шақырады. Қазіргі күні ислам дінін ұстанып жүрген мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де дін ұстанған кей мұсылманның діни білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамға үрей-қорқыныш қалыптасу сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Біз мынаны білуіміз керек. Пенденің бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деп айта алмаймыз. Негізгі кемшілік таза дінді дұрыс жеткізбей әрі дін қалағандай қағидаттарды ұстана алмаудан туып отырған жағдай. Алла Тағала біздерге қоғамға ізгілік әкелуші пенделерінен болуымызды нәсіп етіп, қасиетті жұма күнімізді мүбәрак еткей!
Жұма уағызын жүргізген облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жәпек