Спорт

«АЗИЯНЫҢ КҮМІСІН ОЛИМПИАДАНЫҢ АЛТЫНЫНА АЙНАЛДЫРҒЫМ КЕЛЕДІ»

«АЗИЯНЫҢ КҮМІСІН ОЛИМПИАДАНЫҢ АЛТЫНЫНА АЙНАЛДЫРҒЫМ КЕЛЕДІ»

Жуырда Тайланд астанасы Бангкокте бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Сары құрлық бәсекесінде Қазақстан құрамасы барлығы 22 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте II орынға ие болды. Байрақты бәсекеде ел құрамасы сапында өнер көрсеткен жамбылдық былғары қолғап шеберлері Диас Молжігітов пен Назерке Серік жүлдегерлер қатарынан көрініп, елге абыроймен оралды. Дүйсенбі күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде жеңімпаздарды облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшылық құрамы, бапкерлер, жас спортшылар мен туыстары сән-салтанатымен күтіп алды. Жұрт аяғы басыла бере мүмкіндікті пайдаланып, Бангкокте бабы мен бағы қатар шауып, чемпионаттың күміс жүлдесімен күптелген Диас Молжігітовпен аз-кем сұхбаттасқан едік. – Диас, Азия чемпионатында қол жеткізген жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Спорттық мансабыңыз, Тайландта өткен құрлықтық дода жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– 2002 жылы Қордай ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. №51 орта мектепте білім алдым. «Болар бала бесігінде бұлқынар», демекші, әкем кішкентай кезімнен спортқа бейім екенімді байқаса керек, тоғыз жасымда Қордай ауданындағы №17 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жетектеп апарды. Негізі әкем спортшы емес. Бірақ спорт десе ішкен асын жерге қояды. Сөйтіп, бокс үйірмесіне қатыса бастадым. Алғашқы бапкерім – Жомарт Шолпанбаев. Боксты жаныма серік еткелі азды-көпті жетістіктерге жеттім. Жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионы болдым. Әлем чемпионатында, әлем кубогында қола жүлдегер атандым. Әрбір жетістігімнің артында алғашқы бапкерім Жомарт ағайым мен менімен бірге мұңайып, бірге қуанып жүрген қазіргі бапкерім Нұржан ағайдың үлкен еңбегі жатыр. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, егер мықты бапкердің қолына түспесең, қанша жерден мықты болсаң да алысқа бара алмайсың. Ал егер қолдайтын, тәлім-тәрбие беретін, дұрыс жолды көрсетіп, бағыт сілтейтін ұстазың, жанашырларың болса, үлкен мұратқа жету жолы да жеңілдей түседі. Сондықтан талабымды ұштап, шарболаттай шыңдап, семсердің жүзіндей қылып қайрай білген бапкерлеріме айтар алғысым шексіз. – Енді негізгі тақырыбымызға қарай ойысып, Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Таиланд, Малайзия, Өзбекстан, Тәжікстан, Камбоджа, Кувейт боксшылары қатысқан Азия чемпионатынан алған әсеріңізбен бөліссеңіз? – 2023 жылдың басты спорттық жарыстарының бірі – Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылуында да ешқандай мін жоқ. Боксшылар да мықты дайындықпен келген. Осал қарсылас емес, кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайдың тасындай іріктеліп келген спортшылар. Біз де бірнеше апта оқу-жаттығу жиындарына қатысып, Тайландқа тастүйін дайындықпен аттандық. Шаршы алаңда ең бірінші Қырғыз Республикасының боксшысы Даниел Абдурахмановпен жұдырықтастым. Даниел де оңай шағылатын жаңғақ емес. Елінің үмітін арқалап келген қырғыз боксшысы жеңіске жету үшін аянып қалмады. Қолынан келгеннің бәрін жасады. Дегенмен қарсыласыма ешқандай мүмкіндік бермей, айқын басымдықпен жеңдім. Жартылай финалда қытайлық Кахаер Аиликутиді де 5:0 есебімен тізе бүктірдім. Ал финалда Өзбекстан Республикасының боксшысы Абдуллаев Алокхонға 4:1 есебімен ұтылып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атандым. – Ақтық сында не жетпеді? Қай жерден қателік жібердім деп ойлайсыз? – Біріншіден, жартылай финалда көп күш жұмсап қойдым деп ойлаймын. Олай етпесіме тағы болмады. Қарсыласым Кахаер Аиликути Азия чемпионатының жүлдесінен басты үміткерлердің бірі. Егер Кахаерге қарсы тегеурінді қауқар көрсете алмасам жарыс жолын ерте аяқтайтын едім. Екіншіден, финалда жіберген үлкен қателіктерімнің бірі – аяқпен көп жұмыс істемеуім. Бапкерім де аяқпен көп қимылдап, көп соққы жасау керектігін айтты. Алайда кездесу барысында бапкерімнің ақыл-кеңесін орындай алмадым. «Мың рет сүрінбес үшін бір рет сүріну керек те шығар». Азия чемпионаты соңғы жарысымыз емес. Амандық болса, алдағы уақытта түрлі додаларда бақ сынайтын боламыз. Сонда өткен кемшіліктерді, қателіктерді қайталамауға тырысатын боламын. Жетістік пен жеңіс ешқашан оңайлықпен келмейді. Алға қойған мақсат-мұратыма жету үшін тынбай тер төгіп, қиындықтарды еңсеріп, қателіктерден дер кезінде сабақ алып, оң нәтиже шығара білсем, әрине, қазақ елін әлі талай жарқын жеңістеріммен қуантамын деп ойлаймын. – Қателеспесек, мамыр айында Өзбекстан астанасы – Ташкентте бокстан ерлер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өзіңді көре аламыз ба? – Биыл алға қойған жоспарымыз өте көп. Әсіресе әлем чемпионатына қатысып, алтыннан алқа тағыну – алда тұрған жоспарымыздың, мақсатымыздың бірі. Бірақ әзірге чемпионатқа қатысар, қатыспасымыз белгісіз. 2024 жылы Франция астанасында XХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанатынын жақсы білесіздер. Олимпиада тұғырынан көріну кез келген спортшының арманы. Сол секілді төртжылдықтың басты бәсекесіне қатысу кез келген спортшының маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Бұйыртса, Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, Франция төрінде елімнің Әнұранын шырқатып, көк туын желбірету – басты арманым. – Бірақ 75 келі салмақ дәрежесі Токио Олимпиадасынан кейін Олимпиада бағдар­ламасынан қысқартылып тасталды. Енді қай салмаққа ойысасыз? – Дұрыс айтасыз. 75 келі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасынан қысқартылғаннан кейін енді 80 келі салмақ дәрежесіне ауысуға тура келеді. Әрине, салмақ ауыстырып, Олимпиада жолдамасына ие бола салмайсың. Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін жақсы нәтиже көрсету керек. Бірінші Қазақстан чемпионатынан ұтып, одан кейін басқа да әртүрлі деңгейдегі жарыстарға қатысумыз керек. Ал 80 келі салмақ дәрежесінде елімізде бәсекелестік өте жоғары десек болады. Спортшылардың қай-қайсысын алсақ та үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Атап өтер болсақ, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов, жастар арасында әлем чемпионы Нұрбек Оралбайлар осал қарсылас емес. Сондықтан алдын ала әлдене деуге әлі ерте. Дегенмен Олимпиада жолдамасын иеленіп, жуырда ғана алған Азияның күмісін алтынға айналдыру үшін бар күш-қуатымды жұмсайтын боламын. – Әңгімеңізге рақмет!

Талғат Нұрханов