Жамбыл жаңалықтары

ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙМІЗ

Балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

Бұқаралық спортты дамытуға 322,7 миллион теңге бөлінді

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда облысымызда жоспарға сай нақты жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша облысымызда денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 475,3 мың адамға немесе облыс тұрғындарының 39,1 пайызына жетті. Алдағы уақытта статистиканың тіпті еселеп өсетініне сеніміміз мол. Себебі кейінгі жылдары спорттық инфрақұрылымды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр облыста 18 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін 4 спорт кешені пайдалануға берілді. Қалған 14 спорт кешенінің құрылысы биылға өтпелі. Сондай-ақ тұрғындарды денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін өткен жылы спорт нұсқаушыларының саны 269-ға жеткізілді. Бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап өсіп келеді. Биыл Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға 322,7 миллион теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда қаржы көлемі 10,6 пайызға немесе 30,8 миллион теңгеге көбейген. Жалпы бұқаралық спортты дамыту, жоғарғы спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау мақсатында облыс көлемінде басқармаға қарасты 51 спорт мекемесі жұмыс істеуде. Есепті кезеңде сала мамандарының жанкешті жұмысының нәтижесінде спортшыларымыз толағай табыстарға қол жеткізді. Облыс спортшылары түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 1 488 медальға ие болды. Әсіресе төртжылдықтың басты додасы саналатын Сурдлимпиада ойындарында жерлестеріміз жүлдені «күреп» алды. Сурдлимпиада ойындарына өңірімізден 6 спорт түрі бойынша 13 спортшы қатысып, 3 күміс, 8 қола, барлығы 11 медаль иеленді. Бүгінгі таңда 683 спортшы түрлі деңгейдегі ұлттық құрама командаларға мүше екенін де айта кетейік. Осы орайда «Тараз» футбол клубы жайлы айтпай кетуге болмайды. Әрі клубтың болашағының қалай болатынын білгісі келетіндер жетерлік. «Тараз» футбол клубы өткен жылғы ел чемпионатын 10-орында аяқтап, жоғарғы дивизиондағы орнын сақтап қалды. Алайда клубтың кредиторлық берешегі көп болғандықтан Қазақстан футбол федерациясының сертификаттау рәсіміне жіберілмеді. Осыған байланысты премьер-лига чемпионатынан бас тартып, биылғы маусымда бірінші лигада ойнау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта команда 100 пайыз жамбылдық футбол мектебінің шәкірттерімен толыққан. Ойыншылардың жасы 18 бен 22 жас аралығында. Клубтың биылғы маусымдағы басты міндеті – бұрыннан бар кредиторлық қарызды өтеу және жақын арада премьер-лигаға шығу міндетін қоятын мықты команда жасақтау.

Алдағы жоспар ауқымды

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңында ұйымдастырылғалы тұрған ҚР VI жазғы Спартакиадасының салтанатты ашылу рәсімі 23 мамырда Тараз қаласында өтеді. Еліміздегі ең маңызды спорттық іс-шара 2003 жылдан бастап және әр 4 жыл сайын жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында өткізіліп келеді. Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен 26 спорт түрі бойынша 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің барлық өңірінен 2 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар спартакиада бағдарламасына енетін 26 спорт түрінің төртеуі Тараз қаласында мамыр-маусым айларында өтеді. Спортшылар асыға күтетін Спартакиаданың ашылу салтанатын өткізу үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жоғары деңгейде дайындалу керек. Алда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – алдыңғы Олимпиада ойындарынан сабақ ала отырып, 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына тиісті деңгейде дайындалып, халықтың үмітін ақтайтын нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыс істеу. Жалпы 21 жамбылдық спортшы XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алуға таласады. Тағы бір айрықша атап өтер жайт, еліміздің құрама командасы сапындағы облыс спортшыларының халықаралық маңызды жарыстарда табысты өнер көрсетуі үшін басқарма тарапынан бірқатар жедел шаралар қабылданатын болады. Біріншіден, халықаралық деңгейде жетістіктерге жеткен ардагер спортшылардан кеңес құрылады. Екіншіден, жаттықтырушыларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мақсатында шаралар қабылданады. Үшіншіден, спорт түрлері бойынша федерациялармен тығыз жұмысты жалғастыратын болады. Төртіншіден, бұқаралық және балалар спортын одан әрі дамытады; Бесіншіден, спорт мекемелерінің басшыларын біліктілігіне қарай ротациялау жасалады. Қолға алған кешенді жоспарларымыз нәтижелі жүзеге асса, биылғы жылды да табысты, сәтті аяқтаймыз деп ойлаймын. Еліміздің, облысымыздың спорт саласындағы жетістіктері арта берсін!

Арман ТАШМЕТОВ, облыс әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы