СЫЙАҚЫ СЫБАЙЛАСТЫҚТЫ ТЫЯ АЛА МА?
СЫЙАҚЫ СЫБАЙЛАСТЫҚТЫ ТЫЯ АЛА МА?
Заңда қарастырылған бағыттардың ішінде біздің айрықша назарымызды аударған мәселе – сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау шараларының күшейтілгені. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, сыбайлас жемқорлық туралы әкімшілік істер бойынша хабарлаған адамға 30 АЕК мөлшерінде сыйақы төленсе, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 40 АЕК мөлшерінде, ал ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша 50 АЕК, ауыр қылмыстық істер бойынша 70 АЕК мөлшерінде және аса ауыр қылмыстар бойынша 100 АЕК мөлшеріндегі сыйақы қарастырылған. Ал егер парақор алған ақшаның мөлшері 1 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын болса, берілетін сыйақы аталған соманың 10 пайызын құрайды. Бірақ ол 4 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни 11 668 000 теңге көлемінде. Бұл әдіс сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуда жемісін де берген. Азаматтар жемқорлықтың кез келген көріністері бойынша 1424 республикалық cаll-орталығына хабарласып, мәлімдей алады. Жемқорлық фактілерін хабарлап, сыйақы алған азаматтар облысымызда да жетерлік екен. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы айтты. – Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске көмектесетін тұлғаларды көтермелеу тәжірибесі кеңінен таралған. Мысалы, өткен жылы департаменттің байланыс орталығына 27 мыңнан аса қоңырау түсті. Оның 233-і сыбайлас жемқорлық деректеріне қатысты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған тұлғаға сыйақы төленіп, мемлекеттің қорғауында болады. Өткен жылы 134 азамат 40,6 миллион теңгеге көтермеленді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлаған 8 облыс тұрғыны сыйақы алды. Олардың берген мәліметтері негізінде қылмыстар ашылып, сот үкімі шыққан соң комиссия шешімімен 1,5 миллион теңге сыйақы тағайындалды. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат таратушылардың толық құпиялылығын қамтамасыз етеді. Осы жылдың 3 қаңтарынан бастап бұл санаттағы азаматтар куәгерлерді қорғау бағдарламасына жатады. Түзетулер сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды қорғаудың кешенді жүйесін құруға бағытталған, – дейді Болат Жылқыбаев. Алайда сала мамандары сыйақы беру жемқорлықты тыюдың жалғыз жолы емес екенін тілге тиек етті. Олар жемқорлықпен күрестің түрлі тәсілдерін ойластырып, адамдарды қылмыстан арашалауға барынша күш салып жатқандарын айтады. – Біз барынша жемқорлықты болдырғаннан кейін емес, болуға дейін әрекет етсек дейміз. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Осы орайда жемқорлықты болдырмау, оның алдын алу бағытында түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыстық құқықбұзушылықтарға барудың салдарымен таныстыру мақсатында денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің басшыларын тергеу изоляторына, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлерін бас бостандығынан айыру мекемелеріне апарып, жазасын өтеп жатқандардың тұрмыс-тіршілігімен, жай-күйімен таныстырып, жемқорлықтың зардабының ауыр екенін түсіндіріп келеміз. Мұндай іс-шаралар арқылы біз олардың санасына аз да болса жемқорлықтың ауыр қылмыс екені туралы сәуле түсіре аламыз, – дейді облыс бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы. «Жемқорлық түбімізге жетіп тынар, жемқорлықтың түбіне сен жетпесең» дегендей, бұл ауруды бір-екі мекеме немесе бір-екі адам ғана күресіп жеңе алмайды. Оны тұтас ұлт болып ұйысып қана жеңуіміз керек. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ғана күресіп жатқан жоқ. Жемқорлықтың тамырына балта шабу мақсатында қоғамдық ұйымдар да аянбай жұмыс істеп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау аясында құрылған «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің де бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстары орасан. – Әділдікті көксеген бірлестіктің облысымыздағы филиалы биыл бірнеше рет тұрғындармен кездесулер өткізіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Тұрғындар тарапынан айтылған сауалдардың оң шешімі табылып, бірқатар заң бұзған әрекеттерді әшкереледі. Жымқырылған мемлекет қаржысының да қайтарылуына ықпал етті. Жалпы жемқорлық отбасында тәрбиенің дұрыс берілмеуінен шығады дер едім. Өйткені көбінде бүгінгі жемқорлар озбыр болып келеді. Тұтас ұлт болып бұл қауіптің алдын алмасақ, кейін кеш қаламыз. Өйткені жастардың да басым бөлігі сондай ниетте. Оларға кәсіп ашқанға мемлекет қолдау білдіреді десеңіз, бірден байып, қомақты ақша ұстайтын кәсіп бастағысы келеді. Ал қызмет ұсынсаңыз, бірден 300 мың, 400 мың теңге жалақы алғысы келеді. Міне, мұның бәрі де оларды озбырлыққа алып келеді. Сонымен, олар кейін қызметке тұрған күнде де жемқор, парақор болмай кім болсын? Сондықтан біз жастардың санасына адал еңбекпен, тер төгіп тапқан табыстың аздан жиналса да берекелі болатынын сіңіруіміз керек, – дейді «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстағы филиалының жетекшісі Назима Жұбандықова. Иә, бүгінде бір мекемеге жұмысқа тұрғысы келсе, болмаса өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен қолдау алғысы келсе, бірден әлдекімге бірдеңе беру керек деп ойлайтын адамдар аз емес. Шындығында, адал, таза жолмен, нақты қадамдар жасаса өзінің ойға алған жұмыстары сәтімен аяқталар еді. Сондықтан жемқорлықпен күресті әр азамат өзінен бастаса игі.
Шапағат ӘБДІР