Қоғам

Ерікті жастар ел ертеңін ойлайды

Ерікті жастар ел ертеңін ойлайды

Қазіргідей қатыгездігі басымдау қоғамда титімдей жақсылық жасаудың өзі үлкен ерлікке саналатыны ащы шындыққа айналып барады. Дегенмен қиналғанға қол ұшын созу – қазақтың қанында бар қасиет. Адамды мейірімді, көпшіл, кеңпейіл, қайырымды болуға үндейтін қазақта көнеден келе жатқан салт көп. Солардың бірі – асар.

Соңғы жылдары «волонтер» терминінің кеңінен қолданысқа еніп, жағымды сипат алуы осынау ұғымдардың өміршеңдігін дәлелдеп, ұлт бойындағы ізгі қасиеттерді жаңғыртуға себепші болғаны көңіл қуантады. Бұл күнде волонтерлікпен айналысу үрдісі дүниежүзіне кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналғаны белгілі. Волонтерлік бағыт біздің елде де барынша дамып келеді. Әр өңірдің еріктілері өз аймағында ауқымды жобалар атқарып, халықтың қошеметіне бөленуде. Өңірде жұртшылықтың алғысы мен жылы ілтипатына бөленіп келе жатқан бірден-бір ұйым – облыстық «Еріктілер қозғалысы» қоғамдық қоры. Қор тарапынан волонтерлік қызметті дамыту мақсатында түрлі сауабы мол істер атқарылып, кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оған аймақтағы еріктілер тарапынан атқарылған экология, жан-жануарларды қорғау, қарттарға көмек көрсету және басқа жұмыстар дәлел бола алады. Қор президенті Динара Берекееваның айтуынша, бұл ұйым 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның қарамағында облыс бойынша 103 волонтерлік ұйым, 13 үкіметтік емес ұйым, 10 мыңнан аса волонтер бар. Оқу орындарының жанынан құрылған 36 және Тараз қаласы мен барлық аудандық жастар ресурстық орталықтарының жанынан волонтерлік топтар құрылған. – «Еріктілер қозғалысы» волонтерлік ұйымы әлеуметтік бағытта жұмыс істейді. Олардың ішінде спорт, білім, медицина, төтенше жағдайлардың алдын алу сынды тағы басқа жұмыстармен айналысады. Сондай-ақ ұйым жастары облыстағы көпбалалы, жалғызбасты аналарға, егде жастағы ата-әжелерге көмек көрсетеді. Есепті кезеңде қоғамдық қор айтарлықтай шаруа атқарды. Мәселен, «Таза әлем» бағытында «Таза қала» экологиялық, «Есірткіге қарсымыз!» акциялары, Тараз қаласында құқық қорғау органдарымен «Сақшы» тақырыбында түнгі рейд жұмыстары жүргізілді. «Спорт – денсаулық кепілі» атты футболдан волонтерлер арасында турнир, «Еріктілік – елге қызмет» тақырыбына ашық диалог форматында семинар, қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе Тараз қаласында «Сақ бол» төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. «Qamqor» әлеуметтік волонтерлік жобасы 2019 жылдан бері жүзеге асырылуда. Бұл жобаның мақсаты – жастардың бойындағы қайырымдылық пен мейірімділік сынды қасиеттерді ояту арқылы мұқтаж жандарға киім-кешектер үлестіру, түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру. Бұл жоба аясында волонтерлердің атқарған жұмысы орасан зор. Олар халықтан жиналған киімді жуып, үтіктеп, дүкен тұтынушыларына ұсынады, – деді қоғамдық қордың президенті. Сонымен қатар ерікті жастар жыл басынан «Qamqor» волонтерлік және әлеуметтік дүкенінің ашылуына үлкен үлес қосып, қазіргі таңда дүкеннің тазалығына көмектесіп келеді екен. Дүкенді таза ұстауға тырысады. Мұнда келген мұқтаж жандар азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі. Тараз қаласында халық көп шоғырланатын 5 сауда және қоғамдық орында, атап айтқанда, «Mart», «Халық», «Ирс» және «Айрылмас» сауда, ойын-сауық орталықтары мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің бас ғимаратында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылып, қала тұрғындарының ізгі амалға атсалысуына жағдай жасалған. Сонымен қатар дүкендердегі тауарлар қорын кеденде мемлекеттік тәркілеуге алынған киімдер де құрайды. Бүгінде Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесі, 16-үй мекенжайында қайырымдылық дүкені жұмыс істейді. Ғылыми және шығармашылық, зиялы қауым, оқу орындарының профессор-оқытушы құрамы, үкіметтік емес жастар ұйымдарынан және белсенді студент жастардан құралған топ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» идеясы аясындағы тапсырма­ларды түсіндіру мақсатында жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен кездесулер де өткізіп тұрады. Мәселен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастар ресурстық орталығының іс-шаралар жоспарына сәйкес «Алғыс айтамын бәріңе» атты акция, жастар көп шоғырланған орындарда түрлі тақырыптарда акустикалық кештер, «Наурыз FEST» кешенді іс-шарасы, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, Тараз қаласы мен барлық ауданның орта мектептеріндегі пікірсайыс клуб жетекшілерінің біліктілігін арттыру курсы ұйымдастырылып тұрады екен. Сондай-ақ өткізілетін игі іс қатарында облыс әкімінің жастармен кездесуі, «Ұлттың ұлы ұстазы» атты пікірсайыс турнирі, жас отбасыларға неке қию куәлігін табыстау рәсімі, «Шынның жүзі – Шер-аға» тақырыбында студенттер арасында дебат, «Бір шаңырақ астында» атты ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, «Жастар жаңа Қазақстанмен бірге!», «Мен Отанды қорғауға дайынмын!», «Әскердегі бір күн» акциялары мен жиындар, кездесулер бар. Кіші футболдан «JAMBYL CUP – 2022» облыстық турнирі, жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Аталған шаралар әскери-патриоттық, спорттық, құқықтық, діни экстремизм мен терроризм, этносаралық бағыттарды қамтыды. Сондай-ақ Жамбыл, Меркі, Шу, Қордай секілді өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудандарда этносаралық келісімді нығайтуға арналған іс-шаралар да үздіксіз жалғасуда. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастардың қолымен жасалған қылмыс 17,2 пайызды көрсеткен. Әсіресе Тараз қаласы мен Қордай, Шу, Меркі аудандарында қылмыс саны артып отыр екен. Сол сияқты алкогольді тұтынушылар санатында – 176, есірткі заттарды қолданатындар санатында 434 жас тіркелген. Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алу бойынша профилактикалық шаралар өткізу жолға қойылған. Мәселен, «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында ғимараттардың қабырғаларындағы синтетикалық есірткі құралдарын жарнамалайтын граффити жазуларды жою бойынша жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, шаһардағы полиция қызметкерлерінің қатысуымен облыс орталығының тұрғын үйлері мен ғимараттарының қабырғаларынан есірткі заттарды жарнамалайтын кодтық сөздері мен байланыс нөмірлері бар жазулардың граффитиін алып тастау бойынша 17 іс-шара өткізіліп, оған 50-ге жуық жас волонтер тартылған. Нәтижесінде қала бойынша 100-ден астам жазба жойылған. Қор белсенділерінің ұйымдастыруымен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында облыста көптеген іс-шаралар өткізіліп отырады. Қарттар үйіне, балалар үйіне көмек көрсету және үлкен қарт кісілердің үйіне барып тазалық жұмыстарына көмек көрсетеді. 2022 жылы волонтерлік жұмысты жандандыру мақсатында 1 361 іс-шара өткізіліп, 20 000-ға жуық жас қамтылды. Тағы бір айта кетерлігі, жастардың демалысын тиімді өткізу мақсатында сарбаздар арасында спорттық ойындардан жарыстар, өнер байқаулары сияқты іс-шаралар жиі ұйымдастырылуда. Өткен жылы қала және аудандарда жастар ресурстық орталықтарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес «Рухани-адамгершілік», «Мәдени-шығармашылық», «Дін», «Экологиялық мәдениет», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» сынды 11 бағыт бойынша көптеген шаралар өткен. Бұдан бөлек Тараз қаласы мен аудандарда «Asyl mura», «Bilim», «Qamqor», «Saylyq», «Sabaqtastyq» сынды 12 бағыт бойынша 10 387 адамды қамтыған 796 іс-шара өткізіліп, көпшілік көңілінен шыққан. Ұйым жетекшісі Динара Бауыржанқызының айтуынша, елімізде волонтерлік қозғалыс 2019 жылдан бастап қарқынды түрде дамып келеді. Өңір жастарының да белсенділігі күн санап артуда. – Мұның басты себебі – аймақта белсенді жастар ұйымы көптеп құрылуда. «Ақсұңқар», «Жібек жолы», «Тараз жастары» сияқты ұйымдарды ерекше атап өтуге болады. Олар әрдайым пайдалы іс-шараларды өткізіп тұрады. Әсіресе қоғам дертіне айналған есірткіні жою жолында белсенді жұмыстар атқарып жүр. «Таза әлем» жобасы аясында сенбіліктер ұйымдастырып, шаһарымыздың тазалығы үшін бар күштерін салуда. Түнгі рейдтерге де шығып, белсенділіктерін көрсетуден еш уақытта жалыққан емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылды Волонтер жылы» деп жариялағаны баршамызға мәлім. Сол жылы еріктілердің жұмысы артты. Сондай-ақ ерен ерліктің үлгісін де көрсеткен жандар болды. Байқағанымыздай, 2019 жылдан бастап еріктілілерге қатысты халықтың ойы өзгерді. Ал бұған дейін елімізде волонтерлерді «қара жұмыспен айналысатындар» деп ойлайтын адамдар да болған. Волонтерлік бағдарлама жастар мен студенттерге мол мүмкіндік береді. Олардың азаматтарға жақсылық жасауына, айналасына мейірімділікпен қарауына, бос уақытын тиімді пайдалануға өз үлесін қосады. Осылайша жастар ел дамуына өз септігін тигізеді, – деді қор президенті. Динара Бауыржанқызы да студенттік кезден қарттарға, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, кейін волонтерлік ұйым қатарына қосылған. Көптеген іс-шараны өткізуге белсенді қатысып, түрлі алғыс хатқа ие болған. Оның айтуынша, волонтерлік адамға жаңа орта мен жаңа достар табуға көмектеседі. Алдағы уақытта бұл ұйым жастармен бірге жаңа жобаларды қолға алуды және NEET санатындағы жастардың волонтерлік қызметке қызығушылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Ақтоты Жаңабай