Малика – шорт-тректің болашақ жұлдызы
Малика – шорт-тректің болашақ жұлдызы
4-6 қараша аралығында АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен қысқы Универсиадада қазақстандық студенттер үш алтын, төрт күміс және төрт қола еншіледі. Осылайша олар әлемнің 50 елінен келген студенттер арасында жалпыкомандалық есепте он бірінші орынға тұрақтады. ХХХІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада жеңімпаздарын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әуежайдан күтіп алды. Сондай-ақ арнайы қабылдап, салтанатты жағдайда марапаттады. Күміс жүлдегерлердің қатарында шорт-тректен ұлттық құраманың болуы еліміздегі шорт-трек спортының болашағы жарқын болатынын көрсетті. Ұлттық құрама мүшелері Яна Хан, Малика Ермек, Алина Әжғалиева, Әлішер Әбілқатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұханов аталған спорт түрінен қарсыластарына дес бермеді. Жамбылдық жұртшылық әсіресе М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті Малика Ермектің жеңісіне айрықша қуанды. Қазақстандық шорт-трек ойындарының болашақ жұлдызы, Астана қаласы бойынша шорт-трек спортынан Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесі Малика Ермекпен Универсиада біте сала хабарласып, әңгімелесуге мүмкіндік туды. Бағамдап қарасақ, біздегі қысқы спорт түрімен айналысатындардың көбі қысы ұзаққа созылатын аймақтарда туып-өскен. Ал облысымыздан қысқы спорт түрі бойынша спортшы шығуы алғашқы рет. Ауа райы құбылмалы, қыс мезгілінде де көктемдей жылы болып тұратын облыстан қалайша шорт-трекші қыз шықты екен деп бәріміз таңғалғанымыз рас. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті Малика Ермек – Астана қаласының тумасы. Жамбыл жерінде тек уақытша білім алып жүр екен. Теледидарға телміріп, əкесімен бірге Олимпиада ойындарын үзбей көретін балалар бар екенін білеміз. Көріп қана қоймай, қазақ спортшыларын өзіне үлгі тұтып, еліктеп жүргендері де баршылық. Кейіпкеріміздің де спорттық жолы осындай еліктеуден басталған екен. Малика өзін бұл спорт түріне әкелген ата-анасы екенін жеткізді. – 2011 жылы Қазақстанның қос бірдей қаласы Алматы мен Астанада өткен қысқы Азия ойындары көптің есінде болар. Үйде отбасымызбен бірге теледидарға үңіліп, бір ойынын жібермей ерекше шабытпен тамашалайтынбыз. Бұл жарыс қазақстандық спортшыларға аспаннан алтын, көктен күміс жаудырды. Аталған Азия ойындарында атақты спортшы Денис Тен ағамыз мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанған еді. Мен ол кезде әлі баламын. Сонда да қысқы спорт ойындарына деген құштарлығым ашыла бастады. Ата-анамның қолдауымен шорт-трек үйірмесіне жазылдым. Алғашқы уақытта үйірмеде бәрі маған таңсық болды. Конькиде сырғанап үйрену, мұзда жаттығу оңайға соқпады. Дегенмен мұзға шыққан бірінші күннен-ақ өзімнің осы спорттан нəтиже шығаратыныма үмітті жəне сенімді болдым. Хоббиім болып келген спорт түрімен 2018 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келемін. Қазіргі таңда менің басты мақсаттарымның бірі – шорт-тректен Олимпиада чемпионы атану, – дейді спортшы ару. Маликаның айтуынша, елімізде шорт-тректің дәрежесі біртіндеп өсіп келеді. Әлі де даму үстінде. – Дәлел ретінде айтсам, соңғы Универсиада ойындарын мысалға алуға болады. Универсиада ойындарында шорт-тректен ұлттық құрама күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл – қазақ шорт-трекшілері үшін жақсы көрсеткіш. Оған қоса біздің спортшылар әлем чемпионаттарында да үздіктердің қатарынан бой көрсетіп жүр. Сондықтан Қазақстанда шорт-тректің болашағы бар деп еркін айта аламын, – деген шорт-трекші өзі өнер көрсетіп жүрген спорт түрінің ерекшеліктеріне тоқталды. Шорт-трек спорты – конькимен жүгiру жарысының бiр түрi. Алайда шорт-тректе спортшылар ұзаққа емес, қысқа қашықтықта әрi жылдамдыққа жарысады. «Short Track» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда қысқа қашықтық дегендi бiлдiредi. Кейіпкеріміз шорт-тректі «жұмбақ спорт» деп санайды. Себебі бұл спорт түрінде жалғыз жолақта сегіз адамға дейін конькимен жүгіреді. Кімнің қай жерде құлайтынын білмейсің. Оған қоса қарсыласыңның осал тұсын табу да мүмкін емес екен. Спортшының бір күндік жаттығуы екі кезеңнен тұрады. Алғашқысы –таңғы жаттығу. Ол 3 сағат көлемінде өтеді. Таңғы уақытта мұзда жаттығады. Жаттығудың келесі кезеңі құрғақ жерде өтеді. Ол кезде зілтемір көтеріп, велосипед теуіп жаттығады. Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрама командасын бас бапкер Нұрберген Жұмағазиев жаттықтырады. Былтыр зейнетке шыққанға дейін құрамаға Мадығали Қарсыбеков жетекшілік еткен. Орайы келгенде айта кетейік, әлемге аты танылған қазақстандық шорт-трекшілерді спорт жолына алып келген және осы жетістікке жетуге бірден-бір себепкер – отандық шорт-тректің «өкіл әкесі» Мәдіғали Қарсыбеков деуге болады. Ұлттық құрамада 20 жылға жуық тер төккен жаттықтырушы Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжіғалиев, Яна Хан, Алина Әжғалиева және өзге де еліміздің беткеұстар шорт-трекші спортшы ұл-қыздардың ұстазы. Ұлттық құрамадағы команданың бас бапкері Нұрберген Жұмағазиев те Мәдіғали бапкердің тәлімін алған. Жуырда ғана Универсиада ойындарында еліміздің намысын қорғап, көк туымызды желбіреткен спортшы ару спортта әлі де болса тиісті дәрежеге қол жеткізген жоқпын деп есептейді. «Алғашқы жеңіс ең тәтті болады. Есімде, шорт-трекке алғаш келген жылдары Астана қаласы бойынша өткен сайыста бірінші орынға ие болғанмын. Сол сәттен бастап кеудемде жеңіске деген ұмтылыс пайда болды. Алға жылжи бергім келді. Бірінші жеңіс талай жеңістерге жол ашты», деген ол жұлдызды шақтарым алда деп санайды. Осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерін есептесек, Маликаның қоржынында ҚР чемпионаттарының жүлделері өте көп. Ал әлемдік жарыстар бойынша – Азия ойындарының күміс жүлдегері. Енді міне, дүниежүзілік Универсиада ойындарынан елге күміс медальмен оралды. Маликаның спортқа деген құлшынысы нағашы жұртынан дарыған. Қазақстандық еркін күрес шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада жүлдегері, Азия чемпионы, халықаралық турнирлердің чемпионы және жүлдегері, 66-74 келіге дейінгі салмақта Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Ақжүрек Таңатаров Маликаның нағашы ағасы болып келеді екен. Ал спорт саласында нидерландиялық Сюзанна Шултинг және кореялық Чой Мин Джунг сынды кіл мықты, тәжірибелі спортшыларды үлгі тұтады. Малика тек спортпен шектеліп қалмаған, өзін жан-жақты дамытқан шығармашыл жан. Қолы қалт етсе сурет салып, кондитерлік тәтті тағамдар пісіріп, тігін тігумен айналысады. Кейіпкеріміздің өмірде әлі орындалмаған бір-ақ арманы бар. Ол – әлемдік деңгейдегі сайыста еліміздің намысын қорғау. Болашақта қысқы спорт түрінен өтетін әлемдік жарыстарда өзін барынша көрсетіп, жоғары дәрежелерге жету арқылы елімізді танытқысы келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ