Руханият

ЖЫЛҚЫ МЕН ҚАЗАҚ ЖІПСІЗ БАЙЛАНҒАН

ЖЫЛҚЫ МЕН ҚАЗАҚ ЖІПСІЗ БАЙЛАНҒАН

«Ат болатын құлынның мүшесінен, кісі болар баланың кісесінен» танитын қазақ жүйрік атты құлын кезінен танып, қамқорлығына алуға тырысқан.

Тұлпардың жүйріктігі енесінен...

Мәселен, жүйрік тайды сынағанда бірінші кеудесінің кеңдігі мен бүкіштеу беліне баса мән берген. Сонымен қатар жүйрік болатын құлынның сынын аузы, жағы, тұмсығы ұзын, үрпек жүнді, денесі түкті, қылшық басқан, алды-арты тең төртбақ, аяқтары жуан, шашалы, кірпік-қасы мол, артынан қарағанда алдыңғы төсі көрінетіндей талтақ, тізесі шор, буындары жуан, төсі шалқақ, мойны ұзын, үстіңгі күрек тістері түйе тісті, жан-жағына ұрлана қарағыш және ұйқышыл келеді деп суреттейді. Ұйықтағанда төрт аяқты керіп жатады. Алайда қазақ жүйрік атты тек тұрқынан ғана емес, енесіне сын көзбен қарап, бие ішіндегі құлынын қай уақытта, қандай ерекшелікпен төлдейтінін де білген. Егер бие жүйрік төлдейтін болса, күзейтін болған. Жүйрік әкелетін бие таң бозарып атып келе жатқан мезгілде бошалайды. Алдына қара салмайтын шынайы жүйрік енесінен жерге төрт аяғымен тік түседі. Мұндай жағдайда қазақ астына киіз төсеп көтеріп алатын болған. Іште жатқан құлынның өзін сыннан өткізетін бапкерлер жүйріктерге «Желқанат» «Тесік өкпе» деген сияқты атау да берген. Кей деректерге сүйенсек, шын мәнінде, жүйрік жылқының өкпесінде бармақтай тесік болатын көрінеді. «Желқанат» деп атайтын себебі – арғымақ болатын аттың бір қабырғасы артық болып келеді. Қазақ даласында есімі тұлпарлармен қатар аталатын Толыбай, Күреңбай сияқты сыншылар өткен. Ат сыншылары нағыз жүйріктің бойындағы белгілерін тап басып, тұлпарды қай уақытта жаратып, қай уақытта жаратпау керектігін айна-қатесіз айтып отырған. Ал дүбірі даланы иітіп дүниеге келген құлынды «Тайында тасқа сал, құнанында құмға сал, дөненінде қоя бер, бестісінде бәйгеге қос, бәйге алмаса басын кес» деп ары қарай баптауға кіріседі. Айтса айтқандай-ақ, жүйрікті тай кезінен баптап, балаша қарап, жүрегін шайлықтырып алмай, қанжілік қылып қанын бұзбай, сүйегін жасытып, құнан шыққанда аздап аламан көрсетеді. Мұны қазақ «қолтығын жазу, жер таныту» деп атаған. Сөйтіп, күзге қарай қолға алып, қыста жілігінен суық өткізіп алмай, көктемде қар суымен қоя беріп піштіруді «қанды бұт» деп атайды. Осыдан кейін дөнен азу жарып, қайта оралады. Бұл жүйріктің мүшелге толғанының белгісі. Бесті болу – бәйге аттың беске толуы. Бесті – жігіттің 25 жасындай күшті жас. Бұл кезде де жүйріктің күшін сақтап, күзден бастап күтімін жасап, қыста қолға алып бағады. Кейде тебінге қоя беріп, қол-аяғындағы зорықты алдырып, қар тепкізеді. Мұның барлығы қазақтың дәстүрлі жүйрік баптаудағы басты қағидалары.

АТ БАБЫНЫҢ АТАУЛАРЫ

Баптауға алынған жүйрік атты көк тістетпей, көктемде де қолда бағады. Өйткені көк шөп аттың етін босатып, көбеңсітіп жібереді. Өкпесін де қабындырып тастайды. Сондықтан атты тек қана пішен, сұлымен бағады. Пішен мен сұлы аттың әуелгі күш-қуатын, етін қалыпты сақтауына септігін тигізеді. Жүйріктің мұндай күйін «қу тезек» деп атаған. Қазақ «Ат шаппайды, бап шабады» дегенде сол аттың бабының қиындығы туралы айтса керек. Жүйрікті жаз шыға бере шалғынға біраз күн қоя беріп, етін көтеріп барып баптауын «көкке аунату» деп атайды. Ат бұл кезде қыста жиған қазысын жазады. Осы кезеңнен өткеннен кейін жүйрікті қайта қолға алып баптайды. Аз мініп бусандырып, кешке арқандап жайып, күн шықпай алып келіп байлап, бір айдай жүреді. Кейін еті әбден қатқаннан кейін барып жайылу уақытын созып, мінуді де көбейтеді. Өте семіз болса, қолға ұстай бастаған алғашқы күндері екі күнде бір суғарып, кейін келе бір күнде екі реттен суғарып отырады. Әрі ат су ішіп, басын бір көтергенде суды сол күйі ішкізбей тоқтатады. Мұны «атты көкқарыннан сақтау» деп атайды. Егер аттың ішінде зорық болса, қайнаған қара шаймен суғарған. Осылайша ішінің зорығын шығарып отырады. Сол сияқты қан бұзылса да жүйріктің қанын түзеу үшін иленген қамырды суға шылап берген. Кейде әр бапкер өзінің ыңғайына қарай сары саумал беріп те жатады. Кейбір деректерде ертедегі қазақтар бестісінде жүйріктің тілін жайлауға буып жіберетіні жайлы айтылады. Сонда күзде ұстағанда бәйгеге өзі-ақ дайын тұрған. Сол сияқты әр бапкердің өзінің ат баптау тәсілі болады. Атты баптау барысында көбік терін алып, ащы терін шығарады. Ащы терін алу дегеніміз – қара жарысқа қосып, таң асыру. Таң асырғанда да сол күнгі аттың көңіл күйіне қарайды. Одан кейін бәйге алаңының нақ қашықтығын білген соң ғана сол қашықтықта атты жүгіртеді. Осылайша аттың «тұнық терін» алады. Содан кейін бапкер аттың терін саусағымен жалап көреді. Егер тері тұнық болып мөлдіреп, басқа дәмі болмаса, онда жүйрік бабына келіп қалған деп есептелінеді. Тер алудың маңызы өте үлкен. Өйткені кей жылқы тершең болса, кей жылқы оңайлықпен терлемейді. Сондықтан бапкердің жаңылысуы әбден мүмкін. Егер терлемейтін жылқы болып, тері алынбай қалса, болмаса тершең жылқы болып, сәл артық кетіп қалса да аттың күйі бұзылады. Оның үстіне кей жылқы қара етті, кей жылқы қызылаш болады. Қара етті жылқының сырты семіз көрінгенімен, іші майсыз келеді. Қызылаш жылқы тырбиып тұрса да ішінде май көп болады. Оны да білу өте маңызды. Ал жүйрік атты бапкерлер бәйгеге бір күн қалғанда үйірге қосып жіберген. Әбден іші пысып тұрған жүйрік ары-бері ойнақтап, таң ата жылқымен бірге жусап ұйықтайды. Сонда ұйқысы қанды деп есептеген. Оны бапкерлер тілінде «бәйге атының ұйқысын қандыру» деп те атайды. Ат баптаудың белгілі бір қағидасы да жоқ. Өйткені әр аттың психологиясы әртүрлі. Бұл бапкер үшін маңызды. Сондықтан ол нені қалап тұр, соны білу керек. Қазақ көбіне қарабайыр жылқыны ұстаған. Себебі қарабайыр тұқым суыққа шыдамды, мініске төзімді. Қарабайыр 50 шақырымға шапса, қазанат, ақалтеке 25-30 шақырымға шабады. Қазанат, дончак, ақалтеке тұқымдарының өңі жұқа келеді. Сондықтан ерекше бағып-күтуді қажет етеді. – «Алуан түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабатын» деген мәтел тегін айтылмаса керек. Соған қарай бапкер де алуан түрлі болады. Мысалы, жүйрік аттың күйіне келсек, семіз, қоңды жылқының бабы ұзаққа созылады. Ондай жылқыны ұстаған сәттен бастап-ақ қара терін алып, қара жарысқа сала берген жөн, – дейді жылқышы, Талас ауданы Көшек ауылының тұрғыны Қасқырбек Нұрмаханов. Жылқы десе жүрегі тулап қоя беретін қазақтың азаматтары ғана емес, арулары да атқа жақын болған. Тарихта Тайбурылды баптаған Құртқа сұлу туралы аңыздың қалуының да арғы астарында осы сөзіміздің ақиқаты жатқандай. Бүгінде сол Құртқаның сіңлілері жоқ емес. Олар тіпті жігіттен гөрі жылқыға жақын екендіктерін әлеуметтік желілерде жариялап та жүр. Ат баптап, жүйрік жаратып жүрген арудың бірі әрі бірегейі – жерлесіміз, Меркі ауданындағы Ақермен ауылының тумасы Аружан Амангелдіқызы. – Жылқы баптау – жылқымен тілдесу деген сөз. Оны сынаудың да түрлі жолдары бар. Біреулер сыртқы тұрқы мен қимыл-қозғалысына қарап білсе, біреулер ізіне қарап-ақ қандай жылқы екенін жазбай таниды. Мысалы, жүйрік жылқының ізіне қарасаңыз, алдыңғы аяғының басқан орнын артқы тұяғы келіп дөп басады. Бұл жүйрік жылқының белгісі. Ал артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғынан озып түссе, онда жүйрік емес, жорға жылқының белгісі. Ал енді алдыңғы, артқы тұяғының ізі де бірдей анық, бірақ артқы тұяғының ізі алдыңғы тұяғының ізінен кейін түссе, онда шабан аттың белгісі. Жүйріктің бабына келсек, жылқы қыздан да нәзік болып келеді. Сондай-ақ мінезді болады. Олардың қалауын қарауынан білмесеңіз, көңіліне жақпай қалуыңыз әп-сәтте. Жылқының да мінезі, талабы, таңдауы болады. Кейбіреулері жуас, байыппен жүріп, елеңдемей, өзін салмақты ұстайды. Ал кейбіреулері керісінше құлағын қайшылап, тырс еткен дыбыстан үркіп, тыпыршып, жер тарпып, жүргенде еркелеп жүреді. Сондай-ақ үстіндегі мінген адамға қарай ыңғайланып жүретін жылқылар болады. Мұндайда тізгіндеушіні тілсіз ұғатын жануар үстінде отырып қорықсаң, онда өз-өзін дұрыс басқара алмайды. Үстінде нық әрі сенімді отырсаң ғана басқан қадамында сенімділік болады. Аттың сынына келсек, жүйрікті кез келген адам бір көргеннен танымайды. Аттың тұрпаты, тұрысы, жүрісі, шабысы, аунауы, тіпті жүрген кездегі құйрығының орналасуы көп нәрсе айтады. Алайда әр іске бейім аттың сыны әртүрлі болады. Мысалы, көкпарға басы дәу, кеңсірігі кең, азулы, мойынды, көкірегі жалпақ, жуан, сауырынды, жүректі, қайтпас мінезді, ірі әрі мығым аттар жарайды. Ал жіңішке мойын, аяқтары ұзын, тік бақайлы, шоқтығы биік, ұзын, салқы төсті аттар ұзаққа шабады. Атқа мінуді жақсы көру мен атты жақсы көру мүлде бөлек нәрсе. Аттың жанарынан оның көңіл күйін, ауру-сау екенін, не істегісі келіп тұрғанын бір қарағаннан түсіне алмайсың. Ат жарықтық иесінің көңілінен шығам деп талпынады, ал адам тым қинап жібереді. Бәлкім, оған жүген тар болып, езуі жырылып жатқан шығар, мүмкін шоқтығына ер тиіп жатқан шығар, тағаның шегесі тұраға жаналып, жүргенде ауырсынатын шығар. Оның бәрін ол айтпайды, білдіреді. Міне, осындай жағдайда оларды ұғатындар аз, – дейді ол. Шынымен де қазақ пен жылқының арасында бір жіпсіз дүние байланысып жатады. Мұндай байланыстың ертегіде сипатталуынан ер мен аттың бір-біріне серік болғаны атам заманнан бергі дүние екенін білдіреді. «Ер Тарғын» жырында да: «Айналайын, Тарланым, Құлында емдің, тайда емдің, Құнан жаста арда емдің. Дөнен жаста үйреттім, Алты қабат ала арқан, Жібектен өріп сүйреттім. Алшақтатып ойнаттым. Таудан асқан тұлпарым», – деп еміренсе, Қабанбай өзінің Қубасымен серттескенде: «Айналайын, Қубас ат, Сен келдің отыз сегізге, Мен келдім жетпіс сегізге. Сені мініп шапқанда, Тайсалмай түстім теңізге. Сенен басқа ат мінсем, Мінгендей болдым өгізге», – дейді. Міне, мұның бәрі де қазақ пен жылқының арасындағы жіпсіз байланысты білдіріп тұрғандай. Қазақтың көзге, тұяққа, жүрісіне қарап жылқы тануы – өзгеде жоқ ерек қасиет. Сондықтан да ықылымнан қазақ жігіттері өзінің ғана емес, жылқының да жеті атасын жатқа біліп өседі.

Шапағат ӘБДІР