Жаңалықтар

РЕКОРДТАР ФАБРИКАСЫ немесе «Медеу» мұзайдынының шығу тарихы

РЕКОРДТАР ФАБРИКАСЫ немесе «Медеу» мұзайдынының шығу тарихы

Қазақтың жер-су аттарының тарихы тереңде жатыр. Біз кейде мұндай ақпараттарға мән бере бермейміз. Алайда әрбір атаудың астарында бір тарих көміліп жататыны анық. Соның бірі – бүгінгі жастарға аты мәлім болса да тарихы бейтаныс «Медеу» мұзайдыны. Бұл спорттық демалыс орны бүгінде Алматыға ат сабылтып келіп-кетіп жататын шетелдік қонақтардың да бірден-бір қызыға барып, тынығатын жеріне айналған. Әрі «Медеу» халықаралық мәнге ие. Алайда осы мұзайдынның атауы не үшін «Медеу» болды? Оның атауын кім қойды деген сұраққа көбіміз мандыртып жауап бере алмаймыз. Ендеше сіз осы мақаладан «Медеу» мұзайдынының тарихы туралы тереңірек біле аласыз.

...1988 жылдың күзі. Ару қала Алматыда Қазақтың мемлекеттік университетiнiң тарих факультетінің 5-курсында оқып жүрген кезiм. ҚазМУ-дың №6 жатақханасында тұрамыз. Сенбі, жексенбі күндері «Медеу» мұзайдынына барып коньки тебемiз, «Шымбұлақта» шаңғымен сырғанап, таза ауада демалып кайтатынбыз. Сондай күндердің бірінде жатақханада тұрып жатқан жiгiттердiң арасында жер-су атауларына қатысты пікірталас туып кеттi. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, талас-тартыс «Медеу» атауы қалай пайда болған, атақты спорт кешеніне бұл есім не үшiн берiлген, егер нақты адам есiмi болса, қандай еңбегi үшiн берiлдi дегеннен шықты. Володя деген орыс жiгiт бар еді, сол: «Бұл «Медео» сөзі «Внуково», «Иваново» сияқты орыс сөзi» деген пiкiр айтты. Мұны естіген қазақ жiгiттерi кызуқандылыққа салынып, бiраз жерге бардық. Бірақ айтар нақты айғақ жоқ. Володя: «Бәрiмiз болашақ тарихшылармыз, мықты болсаңдар, осы «Медеу» сөзінің қазақтыкі екендiгiн қағаз жүзiнде дəлелдеңдер!» деп қасқайып тұрды. Мен сол тұста Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде оқитын едім. Дипломдық жұмысымды осы тақырыпты зерттеуге арнадым. Байқасам, сондағы ашылған, айтылған жайлар көп жұртқа әлі де белгiсiз екен. Бұл тақырыпқа оралуым да сондықтан. Иә, «Медеу» сөзі қалай пайда болған? Егер Медеу адам аты болса, ол кісі кім?» деген сұрақтар менің ізденуіме кәдімгідей түрткі болды. Сәл артқа шегінсек. 1988 жылдың наурыз айы еді. «Медеуде» халықаралық үлкен бір жарыс өтiп жатты. Соның алдында «Ленинская смена» газетінде мемлекеттiк архивтiң аға ғылыми қызметкерi Конакидiң шағын мақаласы «И нарекли каток – Медео» деген атпен шықты. Мақала авторы архив материалдарынан бірқатар деректер келтiрiптi. Мен сол әңгiменiң соңына түсіп, мақала авторымен таныстым. Архив материалдарын қайта қарап шықтым. Сол Конакиден Медеу деген белгілі адамның аты екенiн, оның өз кiндiгiнен тараған бір баласының Алматының бiр түкпірінде тұрып жатқанын да бiліп іздеп бардым. Аты-жөні Шаяхмет Медеуов екен. Сол қарияның өз аузынан жазып алынған әңгімеден үзiндi келтiрсем. «Әкем Медеу екі ағайынды еді, яғни Батырбек деген бауыры болған. Олардың әкесі – Бұсырман. Ол әкесі Құлдан үш ағайынды Бұсырман, Төлебай, Күзембай тараған. Яғни Құл – біздің арғы атамыз. Медеу қазiргi Тастақ төңірегінде қазақтар мен орыстарға жалшы болып еңбек еткен. Осылайша бiрте-бірте жағдайын түзеп алса керек. Бірде орыс достары «Генерал-губернатордан жер сұрасаң береді» деп айтқан екен. Кейінірек сол достарының ақыл-кеңесіне құлақ асып, ақыры Медеу Кіші Алматы шатқалынан өзіне қыстау тұрғызып алады. Ол кісінің үш әйелінен он екі ұл, сегiз қыз тараған. 1902 жылғы ашаршылықта әкем ашқұрсақ адамдарға барынша көмектесті. Патша әскері де сол таулардың бөктерiнде әскери жаттығулар жасаған. Оларға да тамақ пен киiммен қарайласқан. Қара халыққа үнемі болысып, жоғын жоқтап отырғандықтан ел-жұрт та оны жақсы көрiптi. Медеу – қарапайым жұрттың арасынан шығып, бірте-бірте дәулетті болған адам. Сондықтан да өз ортасына көмегi көп тиген. Әсiрece табиғатқа шын жанашыр бола білген. Шыққан тегi – үйсiн iшiндегi шапырашты, шапыраштыдан – болай, болайдан шақа тарайды. Ол кісі 1908 жылы 58 жасында қазіргі «Медеу» мұзайдынының орнында, яғни сол бұрынғы өзінің қыстауында қайтыс болды. Онда мен 10 жаста едім. Сүйегi қазiргi Түйметаев атындағы совхоздың кіреберiсiне жерленді. Басында кұлпытасы бар», деп сөзін түйіндеді ақсақал. Мемлекеттiк архивтегi бiз танысқан материалдарға жүгiнсек, Медеу Бұсырмановқа қатысты біраз құжат сақталған. Генерал-губернатордың атына жазған өтініш пен оған жауап қағаздар – бар-жоғы үш парақ. Онда қыстау, үй салу үшiн жер сұраған. Жоғарыда аталған мақалада №23 Кiшi Алматы болысының қазағы М.Бұсырмановтың Жетісу әскери-губернаторы, генерал-майор Ивановқа 1898 жылы 21 қаңтарда өтiнiш жазып, өзіне ағаштан үй салу үшiн генерал И.Г.Колпаковскийдің саяжайы қасынан жер сұрағаны айтылады. Шынында да Медеу губернаторға белгiлi адам болған. Ол 1891-92 жылдары болған ашаршылықта өкімет орындарына ет дайындауда және оны ашыққандарға бөлiп беруде үлкен көмек көрсеткен. Оның үстiне сол кездегі тәртіппен Медеудiң үй салатын жер сұрауы ерекше оқиға да емес. Ивановтың түсiндiруiнше, әрбiр көшпенді өзінің пайдалануына берiлген жерден әкiмшiлiктiң рұксатынсыз-ақ тұрғын үй, қора-қопсы салуға құқы болған тәрiзді. Архив құжаттарының бiрiнде 1911 жылы әскери инженер, полковник И.Зенков Верныйдан салынуға тиiс екі кластық Орман мектебiнiң жобасын ұсынады. 1913 жылы осы мектепке байланысты хабарландыру басылады. Онда «Постройка это будет в корденном ущелье – на месте зимовки Медеу Басурманова» деген жолдар бар. 1915 жылғы құжаттарда да мектептiң салынатын орны Медеу шатқалы екенi айтылған. Ал 1918 жылы архив қағаздарында «Здания Лесной школы на Медеу были частью незаконченный» делінген. Шамасы, сол тұстағы ел өмiрiндегi үлкен толқуларға байланысты мектеп құрылысы тоқтап калған тәрiздi. Coл 1918 жылдың өзінде Медеу сөзі өзгермей, сол күйінде сақталған. Ал бұл сөздiң «Медео» деп жазылуы кейініректе, яғни 1920 жылғы Фурмановтың бiр бұйрығынан басталады екен. Бұрынғы Орман мектебi үйiн әскерге арналған санаторий етіп ашуға бұйрық берiледi. Сол бұйрықта алғаш рет «Медео» деген сөз тұр. 1930 жылы жарыққа шыққан «Моя Алма-Ата – столица Казахстана» деген кітапта да «Медео» болып жүр. Мiне, содан бері осы сөзге жабысып келеміз. Сол Кiшi Алматы бойындағы, «Медеу» төңірегіндегі тарихи жер-су атаулары қайта қалпына келтiрудi қажет етеді. Сол жолы Шаяхмет Медеуов ақсақалмен әңгімелескен кезiмде көптеген жер-су аттарын жазып алған едiм. Мысалы, таудың басы және көл аты «Тұйық су» деп аталады екен. Қазiргi мұзайдынның жоғары тұсы – «Мың жылқы», ал етек жағындағы жер атауы «Көкашық» екен. Көкашық деп отырғанымыз – Шымбұлақтың сайы. Сол Көкашықтың тұсындағысы «Жетiм сай», ал күншығыс беткейде орналасқан сай «Сарқырама» деп аталады. Қазiргi Просвещенец демалыс үйiнiң басы –«Eкi аша», ал оның жоғарғы жағы «Кім асар» деген атқа ие. Мұның бәрi қазақтың ұлттық ұғымына сай, кезiнде ата-бабаларымыз қолданған тарихи атаулар. Олардың бәрiн қазiргi буын бiле ме? Сол сөздерге үңiлсек, табиғаттың көптеген сырларын, тарихымыздың танылмаған қырларын білуге болатын тәрiздi. Бұл демалыс кешенiнде небір үлкен-үлкен спорт жарыстарынан бөлек, халықаралық «Азия дауысы» ән конкурсы өтіп тұрған. Бұлардың бәрiне дүниежүзiнiң түкпір-түкпiрiнен қонақтар келіп жатады. Ендеше «Медеу» мұзайдыны арқылы сол аймақтың тарихын, ұлттық ерекшеліктерімізді танытуға болатыны даусыз. Ол үшiн спорт кешенiнен өлке тарихын бейнелейтін шағын мұражай ашу артық болмас еді. Бір ғана «Медеу» сөзiн тiлге тиек ете отырып, туған жер тарихына байланысты кейбiр ойларымызды ортаға салдық. Қазақтың атын әлемге әйгілеген ерекше мұзайдынның біраз уақыт бұрмаланып, «Медео» болып жазылып келгені де талайдың жанына бататын. Әсем қала Алматы тәрiздi «Медеу» мұзайдыны да жүрекке жылы, елге ерекше ыстық орын екенiн тағы да еске салғым келеді. Құрманбек ОҢАЛБЕКОВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әскери кафедрасының оқытушысы