Зейнеткердің орнын жас маман алмастыруда
Зейнеткердің орнын жас маман алмастыруда
Былтырғы мәліметке сүйенсек, облыста жасы 29-ға дейінгі 8 356 жастың NEET санатындағылар қатарында екені анықталған. Оның ішінде Тараз қаласында – 1 126, Байзақ ауданында – 146, Жамбылда – 79, Жуалыда – 102, Сарысуда – 297, Таласта – 31, Қордайда – 5 810, Меркіде – 462, Т.Рысқұловта – 46, Шуда – 66, Мойынқұмда – 161, Шу қаласында 30 жас не оқуда, не жұмыста жоқ. Десе де өткен жылы осы жұмыссыз жастардың ішінде қаншауы мемлекет тарапынан қандай жұмысқа тартылғанын біз облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Абдуалиевадан сұраған едік. Ол NEET санатындағы жастармен қатар, былтыр пробация тізімінде тұрған 461 жастың да жұмысқа тартылуы назарда ұсталғанын сөз етті. – «Жасыл ел» еңбек жасақтары жобасы бойынша 6 442 жас еңбекке араласты. Оның 205-і NЕЕТ санатындағылар болса, 30-ы пробация тізіміндегілер. Өңір өрендерінің 15 351-і жастар тәжірибесі, бос ваканттық, әлеуметтік ақылы қоғамдық секілді жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде NEET санатындағысы – 1 200, пробация тізімінде тұрғаны 97, – дейді Арайлым Әділбекқызы. Биыл жастардың шекті жасы 35 жасқа ұзартылғаны белгілі. Қазіргі таңда облыс халқының 30,5 пайызын 14-35 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Бұл шамамен 351 138 адам. Осы ретте елімізде жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру бағытында жүзеге асырылып жатқан әртүрлі бағдарламалар мен жобалар жетерлік. Соның бірі – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы. Бұл еңбек өтілі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін бірегей жоба. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Әлия Сапашева аталған жоба өңірде 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. – Бұл жобаға жасы 35-ке дейінгі жоғары немесе арнайы орта білім беретін оқу орнын бітіргендер де, NEET санатындағы жастар да қатыса алады. Бүгінде осы жоба бойынша арнайы заң қаралып жатыр. Егер ол күшіне енсе, жұмыссыз жастар белгілі бір мекемеге жолданғаннан кейін оларға сол мекеменің жасы 50-ден асқан білікті маманы да тәлімгер болып, білгенін үйрете алады. Ол кезде міндетті түрде зейнет жасына шығуға 6 ай уақыт қалған адам тәлімгер болып, ол зейнетке шыққанда жас маман соның орнына тұрақты жұмысқа орналасады деген қағида болмайды. Сол мекемеден біреу зейнетке шықса немесе басқа мекемеге ауысса, аталған жас маман кез келген бос орынға жұмысқа тұра алады. Анығын айтқанда, осы жолдамамен барған жас маманға сол мекеме басшысы қалайда жұмыс тауып береді. Жас маманға тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін мемлекет есебінен 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде еңбекақы төленеді. Былтыр «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша облыста 29 адамды жұмыспен қамту көзделсе, нақты орындалғаны – 33. Биыл да 29 жұмыссызды осы жобаға қатыстыру жоспарланды, – деді Әлия Жанәбілқызы. Облыс бойынша былтыр аталған жобаға қатысқан 33 адамның 9-ы тараздық. Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Әділхаир Әтеннің айтуынша, былтыр жобаға 7 адамды қытыстыру көзделіп, меже екі адамға артығымен орындалыпты. – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында жұмысқа жолданған жастарға шарт бойынша мемлекет тарапынан 6 ай уақыт бойы екбекақы төленеді. Алты айдан кейін ол сол мекемеге тұрақты жұмысқа орналасады. Биыл осы жобаға 6 адамды қатыстыру жоспарланды. Оларға зейнетке шығуына 6 ай қалған мамандар тәлімгер болады, – деді Әділхаир Әтен. Тараз қаласында аталған жоба арқылы былтыр тұрақты жұмысқа орналасқандардың бірі – Айша Айдарова. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде биология пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алған ол былтыр қолына дипломын ала сала осы жобаның қатысушысы болғанын айтады. – Қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандарына рақмет. Былтыр қолыма дипломымды алғаннан кейін тамыз айында қалалық жұмыспен қамту орталығына бардым. Ол жақтан «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша Тараз «Парасат» колледжінде мұғалім болып еңбек ету үшін жолдама алдым. Ол жақта маған зейнетке шығуына 3-4 жыл қалған кафедра меңгерушісі Қалдай Набиева тәлімгерім болып бекітілді. Сол кісінің көмегімен жас маман ретінде өз жұмысымды бастадым. – Жалпы жас маман ретінде өз жұмысымды қалай бастағанымды сөз етсем, алдымен студенттерге күніне қанша сағат сабақ беретінім жөнінде жүктемені қолыма алып, мемлекеттік стандартпен таныстым. Одан кейін «Студент жалпы нені біледі? Оның ішінде қабілетіне қарай нені білуі тиіс?» деген секілді мәселелер назарға алынды. Одан кейін оқу жылына арналған жылдық жоспар жасадым. Мысалы, оның ішінде 120 сағатқа тақырып дайындап, жетекшіммен бірге әр сабақтың мақсаты мен міндетін анықтадық. Ол кезде авторларға, сабақтың құрылымы деген сияқты әр сабақтың өткізілуіне баса мән беріледі. Сол секілді күнделікті сабақ жоспарын жасау, өзімнің есебімді беру, жетекші және оқушылармен кері байланыс жасау секілді мұғалім жұмысына қатысты барлық міндеттерді осы Қалдай Нұрадтинқызының көмегімен үйрендім. Ол кісіге айтар алғысым шексіз! Өз кезегінде жұмыспен қамту орталығы маған әркез хабарласып, жаңа ортаға бейімделу, өз жұмысымды игере алу мәселесіне қатысты жағдайымды біліп, назарында ұстап отырды. Ол мекемедегі мамандарға да рақметімді айтамын. Сол кезде табыс салығына, зейнетақы жарнасына ұсталатын қаржыны айтпағанда, мемлекет есебінен алты ай бойы қолыма таза 72 мың теңге алып жүрдім. Бұл мен секілді жас маман үшін үлкен қолдау болды. Тәлімгерім Қ.Нәбиева болғанымен, алты ай тәжірибе жинап, биыл зейнетке шыққан өзге бір мұғалімнің орнына тұрақты жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда 120 мың теңге еңбекақымен жұмыс істеп жатырмын, – деді Айша Мұхтарқызы. Бұрын қоғамда ел «Кейбір мамандар зейнетке шықса да әлі жұмыс істеп жүр. Олар неге жастарға орнын басатпайды?» деген уәж айтылып қалатын. Оны кейбіреулер білікті маманның тапшылығымен байланыстырып жататын. Міне, нақ осы жоба өз саласы бойынша еңбек өтілі, тәжірибесі жоқ адам үшін өте қолайлы. Негізі бұл жоба бос жүрген адамның барлығын бірдей тұрақты жұмыспен қамти алмайтыны анық. Сол үшін жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары дипломы бар, бірақ бос жүрген жастардың тізімін жасауы керек. Одан кейін қай салада, қай мекемеде қандай маман зейнетке шыққалы жатыр, соның орнын ең алдымен мамандығы сай келетін жұмыссыз жастарға ұсынатын жүйе қалыптастырсақ, бұл артық болмайды. Мемлекеттік қызметке, басшылық қызметке үміткерлер конкурс арқылы жұмысқа орналаса берсін. Біздің айтпағымыз, бюджеттік мекемелерге келгенде қатардағы маман болып еңбек еткен зейнеткердің орны жұмыссыз жастарға осындай жолмен ұсынылса деген тілек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ