Әлеумет

Интернет-жарнамаға арналған Google салығы әділетсіздікке әкеліп соқтырды

Интернет-жарнамаға арналған Google салығы әділетсіздікке әкеліп соқтырды

Қазақстанда интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы жаңа, жеке заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Алматыда сайт жетекшілерімен және блогерлермен кездескен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді.

Қазақстан соңғы жылдары осы салада бақылауды арттырып жатыр. Мысалы, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, Салық кодексінің "атышулы" 373-бабы күшіне енді. Оған сәйкес, "Google салығы" енгізілді. Бұл тосын қадам сарапшылар ортасында көп талқыланды, алайда оның мәнісін Парламент депутаттары да, жауапты орган мамандары да толыққанды түсіндіре алмаған. Оның мәнісін осы салада жұмыс істейтін мамандар да жете ұғына алмапты. Елордалық кәсіпкер Наталья Черепанова осыған түсініктеме беруді сұрап, Мемлекеттік кірістер комитетіне де жүгінген екен.

Мұнысы жалпақ жұртқа белгілі жайт. Белгісізі, яғни кілтипаны басқада. Былтыр Facebook қожайыны Meta Platforms Inc. компаниясы қазақстандық заңнама талабын ескеріп, Жарнамалық кабинетті құрды. Сонда кез келген қазақстандық пайдаланушы жарнама ақысын төлегенде оның кімнің пайдасына жасалатынын, яғни жеке тұлға немесе компания атынан жүзеге асырылатынын өз бетінше көрсетуге тиісті.  width=

2022 жыл үшін салық декларациясын тапсыру науқанының соңғы мерзімі тақап қалды. Содан сұрақтар да көбеюде. Ал Мемкірістер органы Google салығына қатысты барлық қазақстандықтарға арналған қорытынды әрі толымды түсініктеме ұсынбады. Негізі, заң бойынша жеке тұлғалар ҚҚС төлемейді, бұл көбіне ірі бизнестің міндеттемесі. Google салығы сонысымен де түсінбеушілік туындатып отыр. Мысалы, жарнама жөніндегі маман лауазымына жұмысқа тұрған қатардағы жалдамалы қызметкерлер сыртында, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, осындай қызмет ұсынатын инфлюенсерлер өз картасынан аталған салықты төлеу арқылы да басын бәйгеге тігеді. Содан тіксініп, Фейсбукта таргетпен айналысуды қойып кеткен шағын кәсіпкерлер бар. Себебі, дара кәсіпкерлер заң бойынша негізінен, ҚҚС төлеуші болып табылмайды. Бірақ әлеуметтік парақшасында бір рет жарнама берсе, ҚҚС төлеуге тиіс. Содан олар ҚҚС төлеушілер реестріне кіріп кетемін деп шошып, аяқ тартқан. Жалғыз жарнама үшін бүкіл өнімінен 12 пайыз қосымша салық төлеу ауыртпалығын кім арқалағысы келсін. Оның үстіне жеке кәсіпкерлер бұл жағдайда қандай нысандағы есептілікті тапсыратынын да білмейді. Бұл салада сұрақтар көп болып тұрғанын бухгалтер Елена Назарова да растады.  width=

Кезінде Google салығын енгізудің бір бастамашысы болған әрі бүгінде соны жинауға жауапты Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жеке тұлғалардан ҚҚС үшін ешқандай салық декларациясын тапсыру талап етілмейді.

Ал жарнама шығынын салықтан шегеруге рұқсат етілмеуі мүмкін.

Ведомство жеке тұлғаның салық салынатын табыс айналымына ҚҚС сомасы қосылмайтынын ескертті, себебі ол ҚҚС төлеуші болып саналмайды. Ал ҚҚС төлеушілер тізілімінде тұрған заңды тұлғалар, кейбір дара кәсіпкерлер орналасқан жері бойынша салық есептілігін ұсынуы шарт. Бұл жерде Фейсбук, Google сияқты шетелдік платформаларының қулығына құрық бойламайды: Қазақстаннан қырып табыс тауып жатқан оларға ел Үкіметі былтыр "Google" салығын енгізді. Ал олар бұған еш қарсыласпай келісті де, 12 пайыздық сол салықты қазақстандық клиенттерінің мойнына арта салды. Сөйтіп, ол ҚҚС салығының ауыртпалығын да біздің азаматтар мен компаниялар көтереді. Олар соны өздері төлеген соң, "ҚҚС төлеушілердің тізіліміне кіріп кеттік пе?" деп мазасызданатыны заңды. Оған жауап ретінде салық органы: "Жоқ, ол салықты сіз емес, Google төлеп тұр ғой!" деп таңданған сыңай танытады. Яғни, құжат жүзінде, де-юре салықты шетелдік платформа, ал іс жүзінде, де-факто қазақстандықтар төлеп жатыр. Ұлан-ғайыр табысы еш ортаймаған жатжұрттық компаниялардың қылы да қисаймады, есесіне отандық кәсіпкерлік пен азаматтар үшін қосымша, жанама салық пайда болды.