Әлеумет

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар

Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлар

Жылда жылы қабақ танытатын қыс биыл ерекше қаһарына мінді. Далада ұзақ жүрген немесе жеңіл киінген талай адамды сарышұнақ аяз дірдек қақтырды. Мұндай ауа райы жылымықта жауған жылбысқы қарға үйреніп қалған жамбылдықтарға айтарлықтай қиындықтар туғызды. Ызғарлы дауыл тұрып, Талас, Сарысу аудандарында табиғи апат салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Осы жылдың 3-4 қаңтар күндері орын алған қатты жел, қарлы боран салдарынан аталған аймақтарда бірқатар нысандар бүлініп, электр желілері үзілді. Төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Қаңтарда қаһарына мінген үскірік аяз, үсті-үстіне жауған қалың қар, қатты суық барлық тіршілік иелеріне оңай болмады. Еліміздің солтүстігі мен шығыс, батыс және орталық аймақтарымен қоса, оңтүстікке де биыл талай жыл көрмеген қыс келді. Қарлы боранның салдарынан қала, елді мекендер арасын жалғайтын жолдар жабылды. Төтенше жағдайлар қызметінің арқасында қар құрсауында қалған талай адамдар құтқарылды. Өмір болғаннан кейін неше түрлі тағдыр болады. Қай қала, қай өңірде болмасын сүреңсіз күн кешетін өмірлік жағдайы қиын жандар кездесетіні анық. Әсіресе әртүрлі жағдайлар бойынша тағдыр тауқыметін тартып, кезбеге, қаңғыбасқа айналған адамдарды қоқыс маңдарынан, сауда орталықтарының айналасынан көру қоғам үшін қалыпты жағдайға айналды. Олардың жаз мезгілінде кез келген жерге түнеп, күнелте беретіні белгілі. Ал биылғыдай қақаған аязда олар қай жерді паналады? Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қабылдайтын арнайы орталық бар екенін білеміз. Бірақ сол орталықты үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар паналай ала ма?

Осы орайда Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталығына бас сұқтық. Орталықтың негізгі қызметі – қызмет алушылардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз етіп, тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік-медициналық және басқа да көмек түрлерін көрсету. Былтыр осы орталыққа жүгінген, белгілі тұрағы жоқ азаматтардың саны 169 адамды құрапты. Оның ішінде 144-і ер, 25-і әйел. Биыл орталық 92 адамның мұқтаждығын өтеп отыр. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Мұнда ақыл-есі кем, жас шамасы отыздардан асқан азаматтар да жүр. Жеке сөйлесіп, мұң-мұқтаждығын тыңдауға тырысып көріп едік, көбісі бірден бас тартты. Аулада темекі шегіп отырған қазақ әйелі көзімізге түсті. Жасы 42-де екен. Айтуынша, Байзақ ауданындағы Жетібай ауылының тумасы көрінеді. – Есімім Жолдыкүл, тұрмыс құрмағанмын. Отбасым, балаларым жоқ. Құжатым жоғалған. Туыстарыммен де қарым-қатынасым үзілген. Бір анадан туған 8 ағайындымыз. Бір әпкем ғана анда-санда жағдайымды біліп, келіп тұрады. Осы орталықта тұрып жатқаныма бір айдан аса уақыт өтті. Бұған дейін кезбелік күйге ұшырап, далада түнеп, нәпақамды қайыр сұрап тауып жүрдім. Ішімдікке құмарлығым жоқ, – деді Ж.Манасова. Орталық директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаевтың айтуынша, бұл облыстағы жалғыз орталық. Бұрын өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы болып ашылған екен. – Бұған дейін бас бостандығынан айыру мекемелерінде мерзімді жазасын өтеп келушілер көбірек қызмет алатын. Бұрынғы сотталушылардың ішінде өмірлік қиын жағдайларға үшырағандарға әлеуметтік көмек көрсетілетін. 2017 жылдан бері жалпы қызмет алушылар қабылдана беретін болып қайта құрылды. Мекемеге тіркелушілерден алдымен тәртіп талап етеміз. Алкогольді ішімдіктерге қатаң тыйым салынған. Ішімдік ішкен, төбелескен немесе басқа да мекеме тәртібін бұзған жағдайда оларға 3 рет ескерту беріледі. Тағы да тәртіп бұзса, бірден орталықтан шығарылады. Мұнда үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Гигиеналық тазалықтары бақылауда. Таза киім, жеке ыдыс-аяқ, төсек-орны сынды тағы да басқа қажетті тұтынушылық талаптарын орындайтын жағдайлар қарастырылған. Қызмет алушылар арасында құжатсыз қабылданатындар көп. Олар шетел азаматы болсын, отандасымыз болсын алдымен құжаттарын реттеп береміз. Құжаттары түгелденген соң жұмыспен қамту орталығына тіркейміз. Осы жерде жатып-ақ күнделікті жалдамалы жұмыс істейтіндері бар. Ауырып келетіндер де көп. Қаладағы «ZHANUYA» емханасымен келісімшартқа отырғанбыз. Сырқаттанғандарға емдеу шараларын көрсетеміз. Жазылған соң мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алатын азаматтар тізіміне тіркейміз. Осы мекеменің арнайы қызметтік телефонына қала тұрғындарынан немесе полиция қызметкерлерінен қоңыраулар көп түседі. Өзіміз де рейдке жиі шығып тұрамыз. Аталмыш топтағы адамдарға арнайы барып, әлеуметтік көмек көрсетуге ықпал жасаймыз. Бірақ бірден бас тартатындар да көп. «Асқаров көшесі, 20» деген мекенжайды естігеннен ат-тонын ала қашатындарды да көрдік. Неге десеңіздер, олар ішімдікке тәуелді. Біз ондай адамдарды қинап ұстай алмаймыз. Өзінің азаматтық құқығы бар, – дейді Б.Қырықбаев. Психолог қызметін атқарушы маман Ботагөз Қалқабаевамен де тілдестік. Қызмет алушылардың жай-күйін анықтаушы, оларға психологиялық тұрғыдан көмек көрсетуші маман ретінде атқаратын жұмыстарын атап өтті. – Бұл мекемеде 2013 жылдан бері қызмет істеймін. Қызмет алушылар 18 жастан асқан адам болғандықтан танымдық процестер жүргізілмейді. Көбінесе бұл кісілер әңгімелескенді жақсы көреді. Сол үшін әңгімелесу жұмыстарын жүргізіп, жаңадан келгендерді алдымен оқшаулаймыз. Тұлғалық ерекшеліктерін анықтайтын сауалнамалар толтырылады. Өздері салған суреттерге қарап, ішкі жандүниесіне қарай автопортрет жасаймыз. Өздерінің басынан өткен жағдайлары туралы айтады. Психологтың әдеп кодексіне сәйкес олардың сырын ешкімге ашпаймыз. Кейбірі денсаулықтарына байланысты шағымдарын тікелей маған айтады. Медицина қызметкерлеріне айта алмайтын сырқаттарын мен жеткіземін. Күнделікті сыртқа шығатын рұқсат қағаздарын беремін. Орталықтың ішкі тәртібін түсіндіремін. Шіркеуден адамдар келіп сөйлесіп тұрады. Мешіттерден де имамдар жиі келуші еді, қазіргі таңда уақыттың тығыздығына байланысты анда-санда ат басын бұрады, – дейді Ботагөз Арқабайқызы. ТҮЙІН: Адамы тұрмақ, иті жоғалса да іздейтін халықпыз. Далада қаңғып қалғандар анадан жаңа туғанда осындай күйге түсемін деп ойлады ма екен? Амал нешік, тағдыр солай. Осындай аянышты өмірді өздері таңдады деу де қиын. Өйткені өз-өзіңді аямау, саналы түрде тығырыққа тіреу, тұңғиыққа тастап жіберу – ең үлкен қателік. Дегенмен кеш те болса алдарынан тура жол, бақытты өмір тосып тұрған шығар деп үміттенейік.

Нұржан ӘЛІШ