Ауыл шаруашылығы

ТЕХНИКА ПАРКІН ЖАҢАРТУ ТЕТІКТЕРІ

ТЕХНИКА ПАРКІН ЖАҢАРТУ ТЕТІКТЕРІ

Аграрлық саланың тәуекелдері аса жоғары. Сондықтан әрбір банк ауылшаруашылықты қаржыландыруға келісе бермейді. Соңғы жылдары ауылшаруашылық техникасы мен жабдықтарын жаңарту толығымен еліміздегі ең ірі лизингтік компания – «ҚазАгроҚаржы» компаниясының иығына түсті. Акционерлік қоғам сапалы және бәсекеге қабілетті лизингтік қызмет көрсетеді, сонымен қатар елдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі лизинг нарығының 90 пайызын алып отыр.

Облыста акционерлік қоғамның филиалы 2000 жылы құрылған. Филиал құрылған сәттен бастап облыс экономикасына 31,3 миллиард теңге инвестиция құйылды. 32 ірі инвестициялық жоба іске асырылды және 2 183 бірлік ауылшаруашылық техникасы лизингке берілді. Өткен жылы да облыстық филиалдың атқарған оң жұмыстарының нәтижесінде қаржыландыру көлемі қарқынды өсті. Яғни жалпы сомасы 5,6 миллиард теңгеге техника қаржыландырылды. Осылайша қаржыландыру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Мәселен, 2019 жылы жылдық қаржыландыру көлемі 2,4 миллиард теңгені, 2021 жылы 3,1 миллиард теңгені құраған болатын. Қазіргі таңда облысымызда 500-ден аса шаруа қожалық компанияның тұтынушысы болып, жемісті еңбек етуде. Жыл сайын көрсеткіш 30-40 шаруа қожалыққа артып келеді. Сонымен қатар жылдық жоспардың орындалу деңгейінде де оң серпін бар (122 пайыз). Жылдық жоспар 4,6 миллиард теңгені құрады. Қаржыландыру көлемі Шу ауданында 5,1 есеге, Т.Рысқұлов ауданында – 2,2, Мойынқұм ауданында – 2, Меркі ауданында – 1,8, Байзақ ауданында 1,7 есеге өскен. Басқа аудандар қаржыландыру көлемінің төмендеуіне жол берген. Былтыр облыс бойынша жалпы 1 360 ауылшаруашылық техникасы сатып алынды. Облысымызда 19 комбайн сатып алынса, оның 12-сіне немесе 63 пайызына біздің филиал арқылы қол жеткізілді. 257 трактор, оның да 133-і «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылды. Аспалы және тіркеме техника бойынша көрсеткіш 10 пайызды құрайды. Осылайша статистика көрсетіп тұрғандай, аймақтағы үш комбайнның екеуі және әрбір екінші трактор біздің компания арқылы сатып алынады. Жоғарыда айтылғандай, өткен жылы бүкіл ел бойынша «Жасыл даму» қаражаты есебінен жеңілдетілген лизинг бағдарламасы іске асырылды. Аталған бағдарлама бойынша елімізде көптеген фермерлер ауылшаруашылық техникасын тиімді шарттарда, яғни 6 пайыз мөлшерлемемен, аванссыз, комиссиясыз, кепілсіз және 10 жыл мерзімге ала алды. Бағдарламаға Жамбыл өңірі де қатысты. Жоспар бойынша техниканы 1 миллиард теңгеге қаржыландыру көзделген. Бағдарлама қорытындысы бойынша фермерлерге жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеге техника беріліп, 8 комбайн, 27 трактор сатып алынды. Өкінішке қарай, бағдарлама бойынша техниканы сатып алғысы келетіндердің барлығын қамту мүмкін болмады. Дегенмен егер Үкімет қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдайтын болса, біз оны міндетті түрде фермерлерге жеткіземіз. Биылға облыс бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін кемінде 4 миллиард теңге сомасына лизингке қаржыландыруды жоспарладық. Дегенмен бұл біздің филиал үшін шекті сома емес екенін атап өткім келеді. Өңірде жалпы республикадағыдай машина-трактор паркінің тозу дәрежесі жоғары. Аналитикалық мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда облыс шаруашылықтарының жартысы техниканы өз қаражатына сатып алуда. Дегенмен техниканы лизингке сатып алу шарттары өте ыңғайлы әрі тиімді екенін фермерлерге баса айтқымыз келеді.

Жанар ИСМАИЛОВА-ЕСЖАНОВА, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры