Цифрлық Қазақстан

ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ

ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Цифрлық трансформация, IT-саланы дамыту және киберқауіпсіздік тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы қаралды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Тұжырымдаманы іске асыру 5 минут ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 90 пайызға дейін ұлғайтуға, мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін толық цифрландыруға, 250 мыңнан астам біліктілігі жоғары IT-кадрларды даярлауға, IT-өнімдер мен қызметтер экспортының көлемін 1,5 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Astana Hub технопаркі аясында шамамен 1 триллион теңге инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін баяндады. «Жалпы жастар арасында IT-сала экономика, қаржы және құқықтанудан гөрі көбірек таңдалады. Жастардың көбі IT-инжинирингке және осы саланың басқа да бағыттарына барғысы келеді. Министрлік бұл үрдісті белсенді түрде қолдауы керек», деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар кеңесте Тұжырымдама аясында республикада өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру, байланыс саласын одан әрі демонополизациялау, киберқауіпсіздікті кешенді нығайту және денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіпсіздік салаларында жасанды интеллектіні дамыту үшін негіз құру жөніндегі шаралар іске асырылатыны аталып өтті. Одан бөлек азаматтар мен бизнесті жылдамдығы жоғары интернетпен (кемінде 100 Мбит/с), ал республикалық және негізгі облыстық жолдарды мобильді кең жолақты желілермен қамту бойынша жұмысты аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ Үкімет отырысында кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеуді іске асыру барысы қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бүгінгі таңда реттеудің барлық 44 саласы қаралғанын, 2 823 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалғанын баяндады. Нәтижесінде мемлекеттің жаңа реттеуші саясатының шарттарына сәйкес келмейтін бизнеске қойылатын 10 108 талап анықталды. Осыған байланысты өткен жылдан бастап заңға тәуелді актілер аясында оларды жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осыған ұқсас процесс заңнамалық өзгерістер бөлігінде де жүріп жатыр. 2022 жылы қазақстандық министрлер мен әкімдер 216 жеке қабылдау өткізді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді. Бүгінде мемлекеттік функцияларды демонополизациялау арқылы азаматтардың проблемалық мәселелерінің едәуір бөлігі жергілікті деңгейде шешіліп жатыр. Алайда жұртшылық арасында ведомствоаралық пысықтауды талап ететін бірқатар мәселелер де жоқ емес.

Primeminister.kz