Әлеумет

2,5 пайыздық несие – жастарға арналған несібе

2,5 пайыздық несие – жастарға арналған несібе

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады», – деп кәсіпкерлерге айрықша қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. 

Мұндағы негізгі мақсат – шағын және орта бизнесті ел экономикасының басты драйверіне айналдыру. Жалпы Жолдау жүктеген міндеттердің жүзеге асырылу нәтижесіне зер салсақ, осы жылдан бастап кәсіпкерлік саласында сең қозғалып, бизнестің дамуына қатысты арнайы реформа жүзеге асырыла бастағанын байқауға болады. Мәселен, салық кодексі, салықтық әкімшілендіру, мемлекеттік сатып алу, бизнеске қатысы бар бюджет секілді бірқатар заңдарды қайта жазу қолға алынды. Сонымен қатар жастарға қолдау ретінде 2,5 пайызбен несие беру жүзеге асырыла бастады. Осы ретте біз облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Шыңғысхан Тойбекке жолығып, бұл несиені қандай санаттағы жастар ала алатынын сұрадық. Ол 21-35 жас аралығындағы кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген тұрғын өтінім беріп, құжаттары несие алу шарттарының талабына сай келсе, осы қолдауға ие болатынын сөз етті. – Мемлекет үшін мұның тиімділігі жастарды қолдай отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты азайтуда болып тұр. Сонымен қатар осы арқылы жас кәсіпкерлер несиеге қол жеткізіп, өз жұмысын жандандырса, елде бизнес нысандарының қатары да артады. Бірақ бір айта кетер жайт, бұрын жергілікті жұмыспен қамту орталықтары арқылы жастар мемлекеттен көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті құрайтын қайтарымсыз қаржы алып келген еді. Енді ол грант жастарға берілмейді. Өйткені биылдан бастап жастар 2,5 пайыз несие алатын тетік іске қосылғандықтан 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік грантты жастарға беру тоқтатылды. Жалпы осы мемлекеттік гранттың көлемі жыл сайын ұлғайып отыратынын айта кету керек. Өйткені оның көлемінің ұлғаюы әр жылғы айлық есептік көрсеткіш көлемінің өсуімен тікелей байланысты. Биыл бұл грант көлемі 1 миллион 380 мың теңгені құрап отыр. 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі осы қайтарымсыз қаржы жастарды айтпағанда қандастарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасына, ерекше қажеттілігі бар жандар секілді тағы да басқа халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына бұрынғыдай беріле береді. Ал жастар «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалы арқылы аталған жеңілдетілген несиені алады. Несие алуға ниеттенген өңірлік өрендер жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарына барып, алдын ала кеңес алса артық болмайды, – деді Шыңғысхан Рысханұлы. Осыдан кейін біз «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының Жамбыл филиалына барып, бас маман Нұрлан Әлімбаевтан несие алушыларға қойылатын талаптарды сұрап білдік. Кәсіпкерлік қызметті жаңадан бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын 21-ден 35 жасқа дейінгі жастар үшін 2,5 пайызбен конкурстық негізде шағын несие беру басталды. Ол үшін біздің облысқа қазына қаржысынан 1 миллиард 735 миллион теңге бөлінді. Берілетін несие сомасының көлемі 5 миллион теңгеге дейін. Осы шағын несиені малшаруашылығы бағытында алғандар 7 жылға дейінгі мерзімде, ал кез келген өзге мақсаттағы кәсіп үшін алғандар 5 жыл ішінде өтеуі керек. Кәсіпкерге қойылатын талаптарға келсек, кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жылдан асқан азаматтар бұл жеңілдікті ала алмайды. Анығын айтқанда, кәсіпкер ретінде тіркелгеніне алты жыл болған жеке кәсіпкерлікке бұл несие берілмейді. Сондай-ақ несие алуға өтінім берген адамда тиімді кепілдік мүлкі болуы тиіс. Ол үшін жастар жағдайына қарай жылжымайтын мүлікті кепілзат ретінде ұсына алады. Оған ауылдық жердегі сабан кірпіштен салынған баспана да жарай береді, оның қай жылы салынғаны маңызды емес. Бірақ ол баспана тәуелсіз сарапшылар арқылы бағаланып, несие сомасы соған қарай беріледі. Сонымен қатар өтінім берген жастардың несие тарихы таза болуы тиіс. Ал несие тарихы бүлінбегендер қатарына соңғы екі жылда бұрынғы банктерге берешегін 180 күннен кешіктірмей төлеген азаматтар жатқызылады. Әзірге біз ешқандай өтінім қабылдап жатқан жоқпыз. Себебі қаржының түсуіне байланысты өтінім қабылдау ақпан-наурыз айларына жоспарланып отыр. Әулиеаталықтардың ішінде бөлінген қаржыға орай 350 жастың осы несиені алуына мүмкіндігі бар, – деді Нұрлан Кеңесбайұлы. Мемлекет тарапынан жастарға бұрын 400 АЕК көлемінде берілетін гранттың тоқтатылғанын, яғни оның орны осы жеңілдетілген несиемен алмастырылғанын білдік. Дегенмен кәсіпкерлікпен айналысуға қабілеті бар, ойы бизнес-идеяға тұнып тұрған және облыстың бизнес саласында тың жобаларды жүзеге асырғысы келетін, алайда қаржы тапшылығы қолбайлау болып жүрген жастар мемлекет назарынан тыс қалған емес. Оларға соңғы 2-3 жылдан бері мемлекет тарапынан 5 миллион қайтарымсыз қаржы беріліп келеді. «Осы қолдауға қол жеткізуде талаптар өзгерген жоқ па?» деген оймен облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлнұр Жорабековаға хабарластық. Ол биыл жастардың шекті жасы 35-ке дейін ұзартылса да қайтарымсыз қаржыны әзірге 29 жасқа дейінгі азаматтарға беру қағидасы өзгермегенін сөз етті. – Бұл 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру туралы қағидаларының 22-тармағына сәйкес жүзеге асырылуда. Конкурстық іріктеуге құжаттарды толық көлемде ұсынған және ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер (29 жасқа дейін) гранттар беруге арналған конкурстық іріктеуге қатыса алады. Бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант көлемі мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 миллион теңгеге дейінгі қаржыны құрайды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін бизнес-жобаның міндетті шарттары орындалуы тиіс. Алдымен берілетін мемлекеттік грант көлемінің кемінде 10 пайызы мөлшерінде ақшалай төлем жасалуы қажет. Мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы немесе жылжымайтын мүлік кепілге алынады. Халықтың әлеуметтік осал топтары аталған талапты орындауға міндетті емес. Жастар аталған қайтарымсыз қаржыны алғаннан кейін жоба бойынша өз ісін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашуы керек. Кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы бизнес-жобаның міндетті шарттары болып есептеледі, – дейді Гүлнұр Қойшыбекқызы. Өңірімізде ауыл халқының әл-ауқатын арттыру жөнінде 2019 жылдан бастап іске асырылған пилоттық жоба жұмыс істеп жатқаны белгілі. Жобаның былтыр «Ауыл аманаты» атауын алып, ол еліміздің басқа өңірлеріне таратылуда. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы осы жобаның бес бағытын масштабтау шеңберінде жыл сайын әр аудандағы бір-бір ауылдық округ тұрғындарына жоспарлы түрде 2,5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріп келеді. «Осындай мүмкіндікке ие болған ауылдардағы жастарға аталған несие беріле ме?» деген сұраққа жауап іздеп «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына барып, басқарушы директор Мұхтар Ботаевпен сөйлестік. – Бұл несие жоба жүзеге асып жатқан ауылда тұратын жасы 18 бен зейнеткерлік жасқа дейінгі тұрғындарға беріледі. Демек, аталған ауыл жастарының несие алып, шаруамен айналысуына мүмкіндігі мол. Тағы бір қатаң талап – кейбір адамдар ол ауылда тұрмаса да жеңілдетілген несиені алу үшін сол ауылға тұрғын ретінде тіркелуі мүмкін. Мұндай жағдай ел іші болған соң кездеседі. Тіпті басқа облыстың адамдары сондай ауылға тұрғын ретінде тіркелген жайт орын алды. Мұндай жағдайға негізі ауыл әкімінің өзі жол бермейді. Жобаның мақсаты – сол ауылдың тұрғындарының жағдайын көтеру. Берілетін несие көлемі 2 500 АЕК көлеміне дейінгі қаржыны құрайды. Одан бөлек сыртта жүрген ұлы несие алып, ауылда шаруашылықпен айналысуды көздесе, ауылдағы әке-шешесінің үйіне кемі 6 ай бұрын тіркелуі керек. Несие алушының жеке кәсіпкер болып тіркелуі де маңызды. Қарыз алушының немесе кепіл берушінің қолданыстағы мерзімі өткен және мемлекеттік кірістер органдары алдында берешегі болмауы қажет. Несиені кепілмен қамтамасыз ету мүлкіне үй, пәтер, коммерциялық мүлік жатады. Несиені кепіл нысанына сақтандыру қажет. Ауылшаруашылығын жүргізу үшін қажетті жер телімі, қора, ғимарат және тағы басты жағдайлары болуы да маңызды. Біздің мекемемен бірлесе құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіруі керек. Қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді олар ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне өткізуге міндетті. Қазіргі таңда ауылдықтардың дені осы несиені малшаруашылығы бағытында алып жатыр. Ал есік алдындағы бау-бақшасын тиімді пайдаланғысы келгендер жылыжай салу арқылы өнім алуда. Жоба негізі 5 бағыт бойынша іске асырылды. Олар – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану, малшаруашылығын дамыту, азық және жайылым проблемаларын шешу үшін ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау, тұрғындардың өз кәсібін ашуы, – деді Мұхтар Ерғалиұлы. Біз кәсіппен айналысуға қабілеті бар, бірақ қаржы мәселесі тығырыққа тіреп жүрген жастар үшін мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер жасалып жатқанын осылай зерделеп көрдік. Бұл жеңілдетілген несие және қайтарымсыз қаржы түрлері. Әйтпесе ауылшаруашылық, кәсіпкерлік секілді өзге де салаларда 6-7 пайызбен де несие беру тетіктері қарастырылған. Мәселен, жақында ғана зергерлік істі бәсекеге қабілетті ету мақсатында «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жолымен жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын несие беру қолға алынды. 5 жыл мерзіммен берілетін бұл несие қаржысының көлемі бір кәсіпкер үшін 3 миллиард теңгеге дейінгі соманы құрайды. Бір айта кетерлігі, «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» дегендей, кепілсіз ешқандай қаржы берілмейді. Мұндай талаптар негізінен халықтың емес, банктің жағдайына ыңғайлы екені анық. Ал бір үйде екі-үш баласымен тұратындардың ішінде біреуінен басқасы осындай мүмкіндіктен қағылатыны белгілі. Себебі кепілзаты жоқтарға кім көрінген жылжымайтын мүлкін кепілдік үшін бермейтіні әмбеге аян. Десе де мынадай нарықтық заманда бос жүрген жастар жолын тауып, елмен бірге жанталасып, жеңілдетілген несие немесе грант алуға ұмтылуы қажет. Мемлекет жасаған мүмкіндікті халқы мүлт жібермей, жағдайын түзеп алған елдің ғана әлеуметтiк-экономикалық ахуалы жақсарады. Ал халықтың тұрмыс жағдайы түзелсе, саяси ахуал да тұрақты болады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ