Сапалы тұқым – мол өнім кепілі
Сапалы тұқым – мол өнім кепілі
Жиында баяндама жасаған Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза өткен жыл нәтижелерін саралап, алдағы жоспарлар туралы айтты. Жалпы ауданда былтыр экономиканың барлық саласында экономикалық өсу қарқыны сақталған. Жалғас Әлижанұлының айтуынша, ауданның жалпы өңірлік өнімі 2022 жылы 83 миллиард 938,2 миллион теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық орындалыпты. Өнеркәсіп саласында 14 миллиард 695,1 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,2 пайызды құраған. Ауылшаруашылық саласында да есепті кезеңде ауқымды жұмыстар атқарылған. Инвестиция тарту, құрылыс саласына қарқын беру бағытындағы жоспарлар мен жобалар толық жүзеге асқан. Мемлекеттік бағдарламалардың, жобалардың орындалу деңгейі де көңіл көншітеді. Бір ғана «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 9 жоба қолға алыныпты. Нәтижесінде 3 орта мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 2 ауылда дәрігерлік амбулатория салынып, бірнеше ауылдың жолы жөндеуден өтіп, Б.Момышұлы ауылында спорт-сауықтыру кешенінің қазығы қағылыпты. 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында 2022 жылы 4 миллиард 756 миллион теңгеге 29 жоба іске асырылыпты. Жалғас Мұртазаның сөзіне сүйенсек, 2022 жылы атқарылған жұмыстар аз емес. Тиісінше алда тұрған міндеттер де аз емес. Атап өтер болсақ, даму жоспары аясында ауданда ауылшаруашылық және өнеркәсіп саласында 66 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобаларды іске асыру барысында 268 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар 44 бюджеттік инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 101 жұмыс орны құрылады. Ал «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба аясында 1 189 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Баяндама аяқталғаннан кейін ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары облыс әкімінің орынбасарына сұрақтар қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы тұқым сапасын бақылауға алуға байланысты сауалын жолдады. – Диқандар егін егер алдында тұқымды алдын ала зертханадан өткізуі қажет. Дегенмен ауыл аумағындағы 238 шаруа қожалықтың 10 пайызы ғана тұқымдарын зертханадан өткізеді. Көп шаруалар тұқымды зертханадан өткізуге құлықсыз, – деді Ж. Нұрмұратқызы. Округ әкімінің сұрағына жауап берген Қанатбек Қайшыбекұлы сапалы тұқым мол өнім кепілі екенін, егер зертхадан өткізіліп, сапасы анықталмаса, егілмеуі керектігін айтып, аталған мәселе бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар жиында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына аудан орталығын да енгізу туралы ұсыныс айтылды. Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы жобамен ауылдар 100 пайыз толық қамтылғаннан кейін ғана аудан орталықтарын енгізуге болатынын жеткізді. Жиынды қорытындылаған Қанатбек Мәдібек аудан активінің алдына бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. – Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алуымыз керек. Даму көрсеткіштерінің орындалуына баса мән беріңіздер. Сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстарға көңіл бөлініп, жаңа ұсыныстар енгізілуі қажет. Одан кейін кәсіпкерлермен, шаруа қожалық төрағаларымен жеке жұмыс істеуді жолға қойған дұрыс. Өйткені өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жететін азаматтар аз емес. Бірақ мүмкіндігі жетіп тұрса да ынтасы жоқ. Құжаттар жинап немесе басқа да мәселелермен бас қатырғысы келмейді. Сондықтан идеясы бар азаматтармен жұмыс істеп, алға жетелеу керек. Жуалы ауданының даму мүмкіндігі өте жоғары. Табиғаты жанға жайлы, жері құнарлы. Көрші жатқан Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылын бәріңіз жақсы білесіздер. Бұрын қарабұлақтықтар тек малшаруашылығымен айналысатын. Ал қазір кәсіптің кез келген түрі дамыған. Тіпті көпқабатты қоралар соғып жатыр. Сол секілді жуалылықтар да Табиғат-анамыздың, мемлекеттің мол мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет, – деді Қанатбек Мәдібек. Бұдан кейін Қ.Мәдібек аудан кәсіпкерлерімен, шаруалармен кездесіп, мемлекеттік қолдау шаралары жайлы айтып, көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
Талғат Нұрханов Жуалы ауданы