Ардагерлер қашанда сапта
Ардагерлер қашанда сапта
Кеңейтілген отырысты ашқан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев облыстық ардагерлер кеңесінің жоғары, арнаулы орта оқу орындарының білімгерлерімен және мектеп оқушыларымен ардагерлердің кездесу кестесі бекітілгендігін атап өтті. Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңестерінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын бес балдық бағалау критерийі бойынша баяндама жасау үшін сөз кезегін облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Қонысбай Ильясовқа ұсынды. Баяндамашы аудандық ардагерлер кеңестерінің 2022 жылы атқарған жұмыстарына жалпы қорытынды жасады. Нәтижесінде 106 балл жинақтаған Жуалы аудандық ардагерлер кеңесі I орынды, 96 балға қол жеткізген Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесі II орынды, әрқайсысы 91 балдан жинаған Қордай және Т.Рысқұлов аудандық ардагерлер кеңестері III орындарға жайғасты. Ал Байзақ, Талас, Сарысу, Меркі, Шу, Мойынқұм аудандық және Шу қалалық ардагерлер кеңестері төртінші орынды өзара бөлісті. Сондай-ақ Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмыстарының ауқымы жоғары екендігі ескеріліп, арнайы жүлдемен марапатталды. Жүлдегер үш ауданға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді. Күн тәртібіндегі келесі «Шешендік өнер – асыл қазына» атты мәселе бойынша арнайы шақырылған қонақтар мен жоғары оқу орындарының профессорлары, студенттері тақырып аясында пікір алмасты. Сонымен қатар облыстық «Ғұмыр Дария» газетінің бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов «Көркем сөйлеу – жүйрік ойдың жемісі», Талас аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы «Бөлтірік шешен Әлменұлы – қазақтың биі», «Шешенге қойылатын талаптар. Билер шешендігіндегі сөйлеу тәсілдері» туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Ғалия Әбдіханова, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің мүшесі Дәулетжан Байдалиев баяндама жасады. Облыстық соттың судьясы Дәулет Тасыбаев «Дау-дамайды шешудегі билер мен соттың байланысы және міндеттері» туралы қарапайым тілмен, өте жатық етіп түсіндіріп берді. Кейбір аудандардағы шешімін таппай келе жатқан мәселелерге көңіл бөліп, бір арнаға тоғыстыратынына да тоқталып өтті. Кеңейтілген отырысқа қатысқан ардагерлер өз ойларын ортаға салып, ұсыныс, пікірлерімен бөлісті. Жиын барысында «Жылдың үздік биі» анықталып, «Үздік би» атанған Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған билер кеңесінің төрағасы Шора Исқақов марапатталды. Төралқа отырысы соңында алдағы уақытта жүзеге асыру үшін тоғыз пункттен тұратын бағдарламалы ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Сайлаухан АШАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы