Жамбыл жаңалықтары

Ауыл ахуалы басты назарда

Ауыл ахуалы басты назарда

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аудан активімен кездесу өткізіп, ауданның 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалу барысы жөніндегі аудан басшысының есебін тыңдады. Аудан әкімі Бегзат Болатбеков өткен жылдың қорытындысымен аудандағы барлық салада оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Бегзат Сейсенқұлұлының айтуынша, жалпы өңірлік өнім 215,9 миллиард теңгеге жетіп, экономикалық өсім 129,2 пайызды құраған.– Аудан көлемінде өнеркәсіп, ауылшаруашылық, құрылыс, салықтық түсім, жалақы мен бюджет кірісі арта түсті. Ал инвестиция көлемі 137,1 пайызды құрап отыр. Жалпы ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны – 9 369. Бүгінгі таңда ауданымызда түрлі бағдарламалар бойынша 6,8 миллиард теңгеге несие берілді. Нәтижесінде 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек жалпы құны 580,9 миллион теңгені құрайтын 51 жобаға қолдау көрсетілді, –

деді аудан басшысы. Өткен жылы қол жеткізген өзге де жетістіктерді жіпке тізген аудан әкімі бұдан әрі халықтың әл-ауқатын көтеру және тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде бірқатар мәселелер бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, Қордай ауылының тұрғындары бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емханасы бар 270 төсектік жаңа ауруханаға мұқтаж болып отыр. Қазіргі таңда денсаулық сақтау нысанына байланысты жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысына алу үшін тиісті құжаттар әзірленіп жатыр екен. Ал оның жобалық-сметалық құны 27 миллиард теңгені құрайды. Мұндай мәселелер Бетқайнар, Күнбатыс-1 және Кенен ауылдарында да бар. Осылай деген аудан басшысы облыс әкімінің бұл түйткілдерді шешу үшін ықпал етуін сұрады. Аймақ басшысы Нұржан Молдиярұлы аудандағы проблемалық мәселелер тек денсаулық сақтау саласына ғана қатысты емес екенін баса айтты. Облыс әкімі спорт, мәдениет салаларындағы туындаған мәселелердің басым бөлігі жобалық-сметалық құжаттардың тиісті деңгейде дайындалмауының салдарынан орын алып отыр деді. Нұржан Нұржігітов ауыл әкімдері өздері басшылық жасайтын елді мекен тұрғындарымен кері байланыс орнатпайтынын, ондағы жұмысқа қабілетті жастардың немен айналысып жүргендерінен хабарсыз екенін атап өтті. – Мемлекет басшысы қойған басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын көтеру. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іс жүзінде орындау. Алайда бұл істе ауыл әкімдерінің үлесі жоқтың қасы. Ауыл әкімдеріне өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халықты есепке алып, еңбекке орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, мемлекеттік жеке серіктестік пен «Жомарт түлек», «Асар» жобаларының механизмдерін дамыту жұмыстарын жеделдетуді тапсырамын. Кейбір ауыл әкімдерінің берген мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді. Бұл – жауапты мемлекеттік қызметшілер үшін ұят емес пе? – деген Нұржан Молдиярұлы тазалық жұмыстарына жеткілікті деңгейде көңіл бөлмеген Қордай ауылының әкіміне ескерту жасады. Жиын соңында облыс әкімі әрбір басшы жауапкершіліктің жүгін сезініп, орын алған кемшіліктерді жою қажеттігін еске салды. Нұржан Нұржігітов өз сөзінде қолда бар қорды тиімді пайдаланып, халықтың тұрмысын жақсартуды қатаң тапсырды. Аймақ басшысы Н.Нұржігітов жұмыс сапары барысында Қасық және Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-тілегін тыңдады. Әуелі Әлжан ана ауылында өткен жиын барысында ауыл әкімі Қарлығаш Исағұлова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде хабардар етті. Ауыл әкімінің сөзінше, округте аса түйткілді мәселелер жоқ. Мұндағы халықтың барлығы дерлік ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз етілген. Мәселен, бүгінде ауылдықтардың 96,6 пайызы көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Нұржан Молдиярұлы жуық арада бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді қатаң тапсырды. Облыс әкімі бұл үшін мұнда барлық ресурстар жеткілікті екенін ескертті. Бұдан кейін тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, жауабын алды. Тұрғындар негізінен жайылым жерлердің аздығы мен күрежолдың бойына бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін көтерді. Аймақ басшысы аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жамбыл ауылында да дәл осындай форматта тұрғындармен кездесу өтті. Құрамында қос ауыл бар округте әлі күнге дейін түйіні тарқамаған мәселелер бар. Айталық, елді мекен тұрғындары он жыл бұрын табиғи отынға қосылған екен. Алайда мұндағы 120 шаңырақ көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр. Округте ауызсу мәселесі де өзектілігін жоймаған. Алты мыңнан астам тұрғын тіршілік нәрінен таршылық көріп отырғандарын да алға тартты. Сондай-ақ олар мектеп бітіруші түлектердің басым бөлігі медицина саласына оқуға түсетінін ескере отырып, облыс әкімінен аудан орталығынан медициналық колледждің ашылуына ықпал етуін сұрады. Жұртшылықты мұқият тыңдаған Нұржан Молдиярұлы аталған мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Аймақ басшысы медициналық колледжге байланысты тиісті гранттар бөлініп жатқанына тоқталып, дәл қазір мұндай оқу орнын салудың қажеттілігі жоқ екенін атап өтті. Жалпы кездесулерден соң облыс әкімі 10-ға жуық азаматты жеке сұрақтарымен қабылдады.

Есен ӨТЕУЛІ, журналист